Жүрек тыныштығы бақытқа бөлейді
Басқа қонған бақты әр адам әрқилы түсінеді. Кейде уысыңда тұрған бақыттың қадірін білмей, барды бағаламай кететініміз бар. Шынында бақыт деген не осы? Бір кісі «Адам бақытты болу үшін бақытсыз болуы керек пе?» деп сұрақ қойды. Жақсылыққа қол жеткізу үшін көп қиындықты еңсеруі керек пе дегені ғой.
Бақытты болу үшін бақытсыз болу керек емес. Бақытты болу үшін алдымен оның не екенін білуіңіз керек. Бақыттың не екенінен бейхабар адам алтынның үстінде отырып аштан, судың үстінде отырып шөлден өледі. Неміс ғалымы Доктор Хидей ұзақ жылдық зертеудің нәтижесінде «Анығында бақыт – қолжетімді әрі басқаруға болатын құбылыс» деген екен. Қайғысыз қара суға семіреді. Демек, кісінің бақыты оның әлеуметтік жағдайына емес, ой түйсігіне байланысты. Себебі, адамда шүкірлік сезімі болмаса, ол қазынаның үстінде отырып та қиналады.
Шыңда өскен гүлді қиялдаймыз деп табанымыздың астындағы қызғалдақты байқамаймыз. Ал бақытты болу үшін сондай көп нәрсенің қажеті де жоқ. Өмірде біреу бай болуы, біреу кедей болуы мүмкін. Үш жүз немесе үш мың шаршы метрлік пәтерде жалғыз тұрсаң, жалғыздығың екеуінде де бірдей. Адамның бақыт ләззатын сезінуі әртүрлі. Ата-ананың жылы сөзі, туысқанның мейірімі, сәбидің күлкісі, әйеліңнің әдепті мінезі, денсаулығың, жүректегі қанағат, жақыныңа жасаған жақсылықтан туған ыстық сезім. Осының ішінде ең бастысы бұл – жүректің тыныштығы, қайғырмауы. Ал адамның жүрегі қалай тынышталатыны Аллаға аян.
Өзі бай, әрі тақуа бір мұсылман Еуропа елдерінің біріне емделу мақсатында сапар шегеді. Мұның бойынан діндарлықтың белгісін байқаған емдеуші дәрігер оған «Мен сізбен бір мәселе жайында әңгімелескім келіп отыр. Өзіңіз білесіз, мен осы елдегі ең атақты дәрігердің бірімін. Атағым мен абыройым екі жақтап маған көп дүние алып келді. Бай адамдардың біріне айналдым. Әлемнің ең әдемі деген жерінің бәрін аралап шықтым. Өмірде көрмеген қызығым, татпаған рахатым қалмады. Тіпті кейбіреуі үш ұйықтасаңыз да түсіңізге кірмейтін болар. Соның бәріне қарамастан бақытты емеспін. Жүрегімде тыныштық жоқ. Көңілім құлазып, кейде өз-өзіме қол жұмсағым келеді. Қаншама атақты психологпен кеңестім. Пайда жоқ. Сіз де мен сияқты байсыз ғой, мендегі сезім сізде де кездесе ме?» дейді.Сонда әлгі кісі:
– Сіз құлағыңыздың құрышын қандыру үшін не істейсіз?
– Музыка тыңдаймын.
– Ал мұрныңызбен рахаттану үшін не істейсіз?
– Хош иісті әтірлерді, гүлдерді иіскеймін.
– Көзіңізді ләззаттандыру үшін не істейсіз?
– Әсем табиғатқа, сұлу әйелдерге қараймын.
– Ал енді құлағыңызды неге гүлдердің иісімен рахаттандырмайсыз? Көзіңізді неге музыкаға қарап демалдырмайсыз?
Дәрігер күліп «Ол мүмкін емес қой. Әр ағзаның өз рахаттанатын жолы бар емес пе?» дейді.
– Енді, әлгі сізді қинаған сезім мұрныңызда ма, әлде құлағыңызда ма? – Жоқ, ол кеудемде, жүрегімде.
– Ал, жүрегіңізді қалай рахаттандырасыз?
Дәрігер жауап бермей, үнсіз қалды. Сонда әлгі кісі «Әр дене мүшесінің рахаттанатын жолы бар секілді жүректің де рахаттану жолы бар. Ол – Жаратушысына жақындау. Жүректің тыныштық тауып, бақыт сезіміне орануының сыры да осында» деген екен.
Кейбір адамдар бай болсаң болды бәрі керемет, бәрін аласың дейді. Ол – нағыз ақымақтық. Кеудеңде иман болмаса, ешбір байлық жүректі тыныштандыра алмайды. Шынында да, бақыт жүректің тыныштық рахатына бөленіп күй кешуі.
Гауһар Асқарқызы