Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Күрделі жөндеудің күйі

Күрделі жөндеудің күйі

Әне-міне дегенше, жаздың соңғы айына да аяқ басыппыз. Көзді ашып, жұмғанша тамыз айы да өте шығады. Одан әрі қыркүйек айы - Білім күні де келіп жетеді. Былтырғы оқу жылының соңы індетке байланысты оқушылардың қашықтан білім алуымен аяқталды. Ал, жаңа оқу жылына дайындық қалай?
Өңірде індеттің таралуы бәсеңдегенмен, қауіп әлі де бар. Сондықтан жаңа оқу жылы тағы да қашықтан білім берумен басталады. Мұның қанша уақытқа созылатыны әзірге белгісіз. Дегенмен, білім ошақтары биылғы оқу жылына барлық жағынан дайын болуы керек-ақ.
Оқу аяқталып, оқушылар жазғы демалысқа шығысымен мектептерде жөндеу жұмысы қыза бастайтыны қалыпты үрдіс. Жыл сайын ескіргенін жаңартып, бұзылғанын жөндеу білім ордасындағы басты тірлік. Бұл дәстүр осы жылы да бұзылған жоқ. Індет іргеде тұрса да руханият ошақтарындағы жөндеу, жаңғырту жұмыстары қызу жүруде.
Биыл қалалық білім бөліміне қарасты 4 мектеп ғимараты атап айтқанда, Ж.Қизатов атындағы №23 мектеп-лицей, Ж.Маханбетов атындағы №43 орта мектеп, Ә.Молдағұлова атындағы №173 мектеп, Н.Ахмадеева атындағы №112 мектеп «Жұмыспен қамтудың Жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтеді. Бүгінде құрылыс жүргізетін мердігер мекемелер анықталып, тиісті жұмыстар қолға алынған. Соның бірі – қаладағы Ж.Қизатов атындағы №23 мектеп-лицейі.
Бұған дейін қала әкімімен бірге аталған бағдарлама негізінде құрылыс жүріп жатқан бірқатар нысанды аралап, Ж.Маханбетов атындағы №43 орта мектептегі жұмыс барысымен танысқан болатынбыз. Бұл жолы өзіміз бағыт алдық. Солай осы білім ордасындағы қызу тірлікке куә болдық.
Заманауи зейін
Жоба бойынша мұндағы еден мен есік, терезелер ауыстырылып,  ішкі қабырғасы мен сыртқы фасады жаңартылады. Сондай-ақ, кәріз жүйесін ауыстыру да жобаға енген. Ал, ғимараттың құрылысына «Иман» ЖШС жауапты.
Иә, таңғы салқынмен мұнда құрылыстың көрігі қызады. Бізде сол қызу тірліктің үстіне бардық. Мектептің ескірген қас беті соңғы үлгіге сай өзгертіліп жатыр екен. Алыстан көз тартқаны да сол болды. Құрылыс алаңында серіктестік жұмысшыларынан бөлек мектептің кезекші тобы да жүр. Әркім өзіне жүктелген міндетін атқаруда. Күрделі жөндеу жұмысының жайын «Иман» мердігер мекемесі басшысының орынбасары Сакен Қыпшақбаев баяндады. Айтуынша, үш қабатты білім ошағының іші-сырты түгел жөндеу көреді. Құрылыс екінші, үшінші қабатта қызу. Ондағы барлық бөлменің сылағы түсіріліп, қайта сыланған. Жұмыс осылайша, рет-ретімен жасалып жатыр.
– «Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» бағдарламасымен осы мектепке күрделі жөндеу жүргізу «Иман» ЖШС жауапкершілігінде. Қазіргі таңда, ғимараттың шатыры жаңартылды. Сыртқы фасады ауыстырылып жатыр. Ішкі бөлмелердің барлығының сылағы түсіріліп, қайта сыланды. Электр сымдары ауыстырылды. Еден де соңғы үлгідегі құйылмалы түрімен жабдықталуда. Сонымен қатар, терезелер толығымен пластикпен жабдықталды. Алдағы уақытта жаңа есіктер салынатын болады. Келісім-шарт бойынша құрылыс 6 ай көлемінде жүру керек. Бірақ, қыркүйек айына дейін бітіріп, білім күніне пайдалануға берсек деген жоспар бар, – дейді ол.

Сапалы жұмысқа  сенім бар
Аталмыш білім ордасының сыртқы беті сайдинг металымен қапталуда. Маманның айтуынша, бұл өнім өңірдің ауа райына төзімді, желге де, жаңбырға да төтеп бере алады. Ал, мектептің ауласына асфальт, бюсттің айналасына брусчатка төселеді. Сондай-ақ, мектептің кіре берісіндегі баспалдағы мрамормен қапталып, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы болуы үшін пандус орнатылады. Құрылыс жұмысының сапасы осындай жобаларды мойнына алған мердігер мекемелердің басты міндеті. Бұған дейін «Ер-Ару» 2,3 тұрғын үй кешені сынды бірнеше ірі жобаларды жүзеге асырған мекемеге артылған сенім зор. Нәтиже сөз жүзінде емес, іспен дәлелденуі тиіс.
Жалпы, жоба аясында 100 адамды жұмыспен қамту көзделген. Дегенмен қазіргі уақытта оның 70 проценті ғана қамтылған.
Көненің көзі
Аталмыш білім ошағының іргесі сонау 1985 жылы қаланған екен. Мыңнан астам оқушының білім алуына лайықталған. Ал, қазіргі уақытта онда 2 мыңға жуық оқушы тәлім алады. Отыз бес жылдан аса уақыт күрделі жөндеу көрмеген ғимарат биыл мемлекеттік бағдарлама аясында қайта жаңғыртылып, оқушылар жаңа, жылы орында білім алатын болады.
Ол көненің көзі еді, енді еңсе көтерген ерекше мектепке айналмақ.
Айдана СЕЙІЛ
04 тамыз 2020 ж. 664 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 044 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам