Оқу жылына дайындық қалай?
Тамылжыған тамыздың басталуына санаулы күндер қалды. Тамыз айы келісімен жұрт балаларын ертіп, мектеп формасын дайындауға асығады. Себебі, сары жапырақты қоңыр күздегі күміс қоңырау соғылып, мектеп есігі оқушыларға айқара ашылар күн де жақын.
Қалалық білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек, биылғы оқу жылында қала мектептері 64 мыңға жуық оқушыны қабылдайды. Оның ішінде 9500-ге жуық бүлдіршін оқу ордасының табалдырығын алғаш рет аттағалы отыр.
Білім – қоғамның қозғаушы күші. Сол себептен аталмыш саланың сапасын арттыру жолға қойылып келеді. Биылғы оқу жылында жас өрендерді оқулықпен қамтамасыз ету жұмыстары да қарқынды.Яғни, кітап жетіспеушілігі болмайды деп күтілуде. Сонымен қатар, шалғай елді мекенде орналасқан өрендерді мектепке тасымалдау, тұрмысы төмен отбасы балаларын оқу құралымен жабдықтау назарға алынған. Демек, қыркүйек айына дейін осы мәселелер ретке келуі тиіс.
Қаладағы білім ошақтарында оқу жылына дайындық жаздың алғашқы күндерінен басталды. Мәселен, облыс орталығындағы №198 орта мектептің жанынан 200, ал №261 білім ошағынан 150 өренге арналған қосымша ғимараттар салынуда. Бүгінгі күнге дейін 15 мектеп инновациялық үлгіде сабақ жүргізсе, жаңа оқу жылында олардың қатары тағы 5 білім ошағымен толыға түспек. Демек, заманауи үлгідегі соңғы технологиямен жабдықталған білім ордалары жас өрендерді қарсы алмақ. Сондай-ақ, биыл Жаппасбай батыр көшесінің бойынан 600 орындық мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Сонымен қатар, қаладағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 320 орынға арналған 1 жеке балабақша қыркүйек айына дейін ел игілігіне айналатын болады.
Осылайша, қаладағы мектептер жаңа оқу жылына сақадай сай. Бүгінде мектеп табалдырығын аттайтын өрендердің тізімі нақтыланып, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар анықталуда. Оларға арнайы көмек беріліп, балғындардың аталған жүйеден алшақтамауына барлық жағдай қарастырылады.
Айтолқын АЙТЖАНОВА