Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Құрылыс қаржыға қарайды

Құрылыс қаржыға қарайды



Коронавируске байланысты карантин болса да әрбір жылдың өз жоспары бар, алға қойған мақсат орындалмай адам тағат таппайды. Жыл санап құрылыс заттары қымбаттап жатқанда қолдағы мүмкіндікке қарай қамдануды әркім-ақ қалайды. Биылдың бағасы да шарықтап кетті, шекараның жабық жағдайы сырттан тасымалданатын тауардың құнын аспандатып жіберді. Амал нешік, діттеген бетбұрысқа қарсы шыға алмайсың...
Құрылыс құшағына етене кірген сайын білмегеніңді біліп, танымағанды танытатын ерекше құбылысқа еніп кететінің рас болды. Сұраусыз білектей ағаш жоқ, бәрі сатулы заманда не қалта қалың, не өзіңнен шығатын құрылысшы болғанға не жетеді? Екеусіз күнің қараң, не ұтыласың, не өмірдің ауыртпалығын  ұғынасың. Бүгінгі көз көрген тәжірибе журналиске кәдімгідей тақырып тауып берді. Қызығы сол, кәнігі құрылысшы кәсібіне сұраныс өте өзекті болып шықты.
Карантин жоқтан бар жасауға, тұйықтан жол табуға үйретті. «Олекс» жүйесі керек-жарақты түгендеуге ыңғайлы. Заттарды, тіпті түрлі маман иесін табуға болады. Бір өкініштісі, биыл Өзбекстаннан жалдамалы жұмысшы келмеді. Соның кесері тапсырыс берушіні жалдамалы жұмысшы «тонап» жатыр. Неге дейсіз бе? Жұмыс күші қымбат, аузына түскен бағаны ұсынады. Келіспей көр, апталып, айлап адам іздеумен өмірің өтеді. Жұмыс жүрмеген соң маза да қашады, бейнеттен береке болмайды.
Дегенмен, келіспейтін жері де бар. Қазақ десең өзіңе тиеді, жұмысты жақсы бастаған болады да аванс сұрайды, сосын екі-үш күндеп жоғалып, шам алып соңына түсіп, әрең табасың. Кейін білгенімдей, «Олекс» бойынша әрбір жерден жұмыс алып, бір-екі күн істеп, келесі клиентке көшеді. Осындай жартылай жұмыстары жүйкені тоздырады.
Жасыратыны жоқ, өзбек жігіттері қолмен қойғандай, ыстық-суыққа қарамай, тынымсыз тірлік кешеді. Уәдеге берік, адами көзқарас болса олардың да ісі адал.
Біздегі ең жаман әдет – күн шыққанша ұйқыны қимай, еңбекке әупірімдеп түске таяу кірісеміз. Сонан кейін жұмыс оңсын ба, арасын ұзатып алады. Ал, өзбектер ерте оянып, ауа салқынымен  ерте қамданады. Таңғы тіршілік өнімді, бір сағатта біршама қозғалыс жасалады. Олардың бірінші ұтқаны осы жағдай.
Ташкентте оқитын оңтүстіккореялық студент өзбек халқы өте жалқау екен деп еді. Әйтеуір, түске дейін төсектен тұрмайтын қазақ жігіттерін көргенде «не дер еді?» деп таңданамын. Шынында ғой, әке-шешеге сеніп ала ма, түнімен телефонды әурелейтін, сөйтіп ұйқыдан қалып, таңертең мең-зең күй кешетін мұңсыз балалар әрбір үйде бар. Олардың жиырма жасқа келгенше қолына күрек ұстамағаны қанша десеңші. Солай бола тұрып, жайлы үйде жатып, жақсы көлікті тізгіндегенді ұнатады.
Бір құрылыс жүргізіп, қазақ жігіттеріне қарным ашты. Жұмысқа жүрдім-бардым қарайды. Соңынан бір адам жинақтап жүрмесе артынан шуы сүйретіліп жүргені. Өтірік айтқанға шебер. Уәдешіл. Сөзі ұзын, ісі қысқа. Арасында ұқыпты бірен-саран болмаса зар қақсатқаны жетерлік. Оларға өзбектің гастербайтері келмегені жақсы. Ал, үй салғандарға өзбектің тиімділігі көрініп тұр. Жекенің былай қоғанда тендер ұтқан компаниялардың да күн көргені өзбек еді. Енді қол қысқалық байқалып келеді.
Жалпы, жылдан-жылға жағдайдың жақсарғаны­мен қатар қымбатшылық қиыншылығы қыспақтап тұр. Сәулетті үй тұрғызғымыз келеді, несиеге ұрынамыз. Банкке бір қарыз, құрылысшыға тағы тәуелділік туындайды. Бүйте берсе үйкүшікті тұрғызу арманға айналып кетпесе деймін. Өйткені, қаржының құнсыздануы да құрылыстың қымбаттауына түрткі секілді. Бұдан қарапайым халық ғана қағажу көреді.

Қ.Құрбан
15 тамыз 2020 ж. 318 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 430 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам