Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Құс жолымен қалықтаған әндері

Құс жолымен қалықтаған әндері


Жүрдек поезд өз бағытын бетке алып, жазық дала мен таулы жерді, төбе мен төскейді артқа тастап жүйткіп келеді. Менің жанымдағы жолсерігім сексенге жақындаған сергек кісі екен. Жол қысқарсын деп әңгімесін бастап кетті.Оның тамылжыған қоңыр даусы, айтқан әңгімесі жүрегі өнерге, өлеңге, әнге жақын адамды тебірентпей қоймайды екен. Мен де әдемі естелікке құлақ түріп, ол кісінің жанына жақындай түстім. Жаңа ғана жабырқап тұрған көңілім көтеріліп, еңіске құлдилаған қиял құсым биікке самғай жөнелді.  «Не деген құдірет өнер деген» деп қоямын іштей. Адамның болған оқиғаны әдемі жеткізе білуі де шеберлік қой. «Тыңдап отыр ма?» дегендей ол кісі айналасын шола қарап қояды.  Тамағын кенеп алып, «жақсы естелікті айналаңдағы адамдарға жеткізу де сауап» дейді ол. Мен көпшіліктің арасында өскенмін. Замандастарым маған «құйма құлақ» деп ат қойған.  Мен өзім ән айтпағанмен өнер адамдарын қатты құрметтеймін. Әсіресе, Шәмші әндерінің барлы­ғын дерлік жатқа білемін. Ол кісінің әуендерінің жазылу тарихы, өмірі жайлы ел ішінде айтылатын естеліктерді шаршы топта айтып отырамын. Менің бүгінгі әңгімемнің төркіні Шәмші жайлы.  Менің құдам Шәмші туған Оңтүстіктің Отырар ауданынан. Бұл оқиғаны сол кісінің аузынан естігенмін. Есті әңгіме болған соң есімде қалыпты деп ақсақал терең күрсінді де әңгімесін бастап кетті.
Шәмші ата-анасының зарыға күткен перзенті екен. Әкесі Қалдаяқ  ұл туса Жәмшид патша­ның атын қоям деп жүреді. Түсінде ұлының айдын көлде аққу құс болып жүзіп жүргенін көріп, жақсыға жориды. Сазгердің ата-анасы  Қалдаяқ пен Сақыпжамал әуелетіп ән салғанда жиылған жұрт бірге қосылып  шырқайтын болған. Өз кезінде Шәді төренің ұстаханасы болған жерде Қалдаяқ ауыл шаруашылығына қажет құ­рал-саймандарды жасап, шебер­лігімен ауылдастарының сый-құрметіне бөленген жан екен. Бала анасының әлдиін тыңдамаса ұйықтамайды. Анасы Естайдың «Қорланын» айтып отырып бесік тербеткеннен бе, Шәмшінің өмір бойы сүйіп айтатын әні – «Қорлан» екен...  Ол мектеп жасында әкесінің домбырасын ұстап, сырнайын тартып жүреді. Бір күні ауылға келген сыған жігітінен мандолина сатып алып, Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әнін мектеппен қоштасу кешінде орындап, жұрттың қоше­метіне бөленеді. Ол бірден өнер жолына түспейді. Әуелі Қапланбектегі зооветтехникумды, кейін Сахалиндегі әскери учили­щені, Ташкент қаласындағы му­зыка училищесін, содан соң  Құрманғазы атындағы консер­ваторияның композиторлар дайын­дайтын факультетінде оқы­ған.  Белгілі өнер зерттеушісі, ком­позитор Ілия Жақановта Шәмші жайлы естелік көп. Ол кісі ғажап композитордың сәулелі сәттерін қағаз беттеріне түсірген.
«1957 жылдың қоңыр күзі әлі есімде. Опера театрының үстіңгі қабатында композиторлардың му­зыка тыңдайтын кеші өтетін, сонда Әблахат Еспаевқа жолықтым. Қағылез келген бір жігіт «Қыз сағынышы» әнін айтып тұр екен. Әбілахат:
– Әнебір жерін сәл көтерсең қайтеді?– деді.
– Ол жерін көтерсем татаршаға ұқсап кете ме?, – деп қорқам деп, өз ойын айтты. Сол жерде біз таныстық. Бұл Шәмші Қалдаяқов еді.  Ол әнді еркін жазады. Мен оның бойындағы импровизаторлық қасиетке таңғалдым. Ол ағыл-тегіл, еркін төгілген әуенге ие бола алмайды. Менің шығарған әндерімді Шәмші ойнағанда қиялымды байытып отыратын» дейді ол.
Тағы бір үзік Шәмші жайлы естелік есімде қалыпты. Жан сарайын ән тербеген аяулы жан Тәшкентте оқып жүрген кезінде сонда ән сапарымен Жамал Омарова барады. Сүйікті апайына ән шығарып жүргенін, консерваторияға түскісі келгенін айтады.  Жамал апай оның үлкен өнер жолына түсуіне көмек береді. Бұл 1956 жыл екен. Кейін сазгердің ел таныған  «Қайықта» әнін алғаш Жамал Омарова  орындаған екен. Композитордың алтын қорда сақталған естелігі оның өмірінің арайлы шақтарынан сыр тарқатады.  Көз алдымызға ән королінің ғажайып бейнесі елестейді.  Ол осы сәтті былайша толқып жеткізген. «Біздер жас кезімізде вальс әуенімен тербеліп өстік. Танго, факстроттарды да билейтін едік. Ташкентте оқып жүргенде «Мен Алматыға барып оқуға түссем вальс мәселесін қатырып жазар едім» дейтінмін. Бұрын Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» деген бір ғана вальс бар еді. Қалғанын мен жаздым ғой деймін.»...
Көзі көргендердің айтуынша, Шәмші ән шығармаса әлденені жоғалтып алғандай күйге түседі екен. Үнемі ызыңдап әуен іздейтін көрінеді. Әннің өзі шабытты шақта ғана туатыны белгілі ғой. Бір күні Шәмші ой құшағында асыға басып ұстазы Латиф Хамидиге келеді.
– Өзім таңмын, аға! Маған ғашықтық сезімді жырлайтын бір тамаша ән келіп тұр, ғажап әуен!,– дейді қуанышын жасыра алмай.  Ұстазы әнді тыңдап көріп еді самалдай жұмсақ, назды да сазды ән жүректі еріксіз тебірентті.
– Бұл әннің бағын ашатын тек Роза Бағланова,– деді ол. Шәмші ә дегеннен қиял әлеміне еніп кетіп, «мен әнді «Ақмаңдайлым» дегім келеді. Енді сөзін іздеу керек» деді дегдірсізденіп. Осылайша, қанат қақты әуен өмірге келіпті. Сәті түсіп, бір аптаның ішінде Мұзафар ағамыз оның өлеңін жазып, оны Роза апай радиодан орындап, ауыздан-ауызға тез тарап кетті. Міне, атақты «Ақмаңдайлым» әні өмірге осылай келді деп шабытты әңгімесін ақсақал одан әрі жалғады.  Біртіндеп сазгердің есімі ел ішінде жаттала бастады. Өйткені оның жүрек пернелерін дөп басатын әсем әнін тыңдағанда  өн бойы шымырлап, сыршыл сезімнің құдіретіне елтімейтін адам қалмайтын.


Елімен жанын егіз санайтын Шәмші де іссапармен Қазақстанның әр облысында болып халқымен қауышты. Жайыққа барғанда «Ақерке Ақжайық», Сырға барса «Сыр сұлуы», Арысқа барса «Арыс жағасында», Жамбылға барса «Мойынқұмда» сынды тақы­рыптық әндерді шығарды. Ал ән қанатында қалықтаған сырбаз сазгердің  патриоттық әндері қан­шама!?.. Оның «Шынарым», «Арыс жағасында», «Ол жалғыз, біз екеуміз» әндері қос дауысқа арналып жазылған екен.
Иә, айналайындар, Шәмші ағаларың туралы мен естіген әңгімелер өте көп. Бұл соның бір бөлігі ғана дейді қария езу тартып. Міне, Шәмшінің ән бесі­гінде тербеліп отырғанда  лезде кешкі салқын түсіп те қалыпты.  Әңгіме айтқан сайын ол кісінің жүзі нұрланып, баяу тербеліп отырады екен.  Нағыз өн бойы өсиетке, тал бойы қасиетке толған қазақтың абыз қарты деп ауыз толтырып мақтан етерліктей.  «Қарты бар елдің қазынасы бар»  деп осындайда айтылған ау деп қазыналы қарияға сүйсіне көз тастап, қимай қоштастық.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
15 тамыз 2020 ж. 392 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 049 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам