Ең әдемі әйел
«Сіз ана боласыз!»... Тұрмыс құрып, жар атанған қыз-келіншек үшін осы сөзді естуден артық бақыт жоқ. Иә, дүниеге ұрпақ әкелу – Тәңірдің әйел затына берген ең керемет нығметінің бірі. Жатыр ішіндегі бөбегіңнің бүлкілдеген әрбір тебісі ерекше сезімге бөлейді. Алғаш УЗИ-ге түсіп, жүрек соғысын естігендегі толқыныс тіптен бөлек. Еріксіз жымиясың. Қуанасың. Ал, он екі мүшесі сау ма екен деген ой кенеттен қылп ете қалғандағы қорқынышты кез келген жүкті келіншек басынан өткерген шығар. Иә, әйел затының табан астына жәннаттың кілтін төсеп, оған жұмақтың сегіз бірдей есігін ашып, бірінші болып кіргізген Алла Тағала әйелдер қауымына ақыретте осындай көл-көсір сый-сияпат уәде етіпті. Расында, сәбиін тоғыз ай, тоғыз күн тар құрсағында көтеріп, оны өмірге аман-есен алып келудің жауапкершілігі өте ауыр. Әшейінде «Пәленше босаныпты!» деп тым жеңіл сүйіншілей салғанымызбен, оның ар жағында «мың өліп, мың тіріліп» толғатқан әйелдің жан қиналысын тек толғақтың ащы дәмін татқандар ғана түсіне алады. «Әйелдің қырық жаны бар» дегенде халқымыз олардың жаны сырдан берік осындай көркем шыдамдылығын меңзесе керек. Шындығында, Жаратқан иеміз әйел маңдайына қаншама бейнетті үйіп төксе де, соның қайтарымы ретінде еміреніп бала сүйіп, ана болу бақытын сезінуді пешенесіне жазыпты. Өзінің қаны мен жанынан жаралған кішкентай ғана тіршілік иесінің омырауы¬на мұрнын тығып, алпыс екі тамырын идіріп, ет жүрегін елжіреткен сәтте дүние-думанның бар қызығы әдірем қалары сөзсіз. Тіпті, кеудеңдегі жұдырықтай ғана шақалақтың пысылдап, жұмақ исі бұрқырап ұйқыға кеткен сәтіне куә болу – бұл жалғандағы теңдесі жоқ бекзат дүние ма дерсің... Иә, әлгінде ғана айтқанымыздай, өмірге ұрпақ әкеліп, адамнан адамның жаратылуы оңай емес. Кезінде аузы дуалы халқымыз «Жүкті әйелдің бір аяғы жерде, бір аяғы көрде» деп жүктіліктің ана өміріне аса қауіптілігін екі ауыз сөзге сыйдырып айтып кеткен ғой.
Десек те, біздің батыр аналарымыз шыбын жанын шүберекке түйіп, өмірге сәби әкелуден еш қашқан емес. Кешегі он перзент сүйіп, алтын құрсақты аналардың жолын қуып, алтын алқа таққан ақ жаулықтылар біздің қоғамда әлі де бар. Осылайша ел демографиясына ат салысып жүрген нәзікжандылар қатарының көптігі ерекше көңіл қуантады. Әсіресе, жүкті әйелдердің саны биылғы жазда бұрынғыдан салыстырмалы түрде әлдеқайда жоғары екенін денсаулық сақтау мамандары да растап отыр.
– Былтыр бір айда тек бір ғана аймақ бойынша 10-15 әйел жүктілікте тіркеуге тұрса, биыл шілде айының өзінде бұл сан 25-ке дейін өсті. Бұл көрсеткіш тек маған қарасты аймақта ғана. Ал, біздің емханада мұнан өзге тағы 7 аймақ бар. Демек, қаладағы бір емхананың өзінде 180-нен аса жүкті әйел тіркеуде тұр деп айтуға толық негіз бар. Бұл сандар өз кезегінде биыл өңір демографиясы динамикасының жылдам өскендігін аңғартады, – дейді №6 қалалық емхананың аумақтық акушер маманы Эльвира Әбуова.
Расында, сіз де байқаған боларсыз. Көше бойын жағалап жүре қалсаңыз, алдыңызда кетіп бара жатқан екі әйелдің бірі жүкті екенін аңғарасыз. Қарап тұрып көз тояды. Ең бақытты жан, ең әдемі әйел, ең сұлу мүсін осы екен-ау, сірә, деген ойға келесің. «Баласы бар әйелдің басында алтын тәжі болады, оны тек баласы жоқтар ғана көреді» деген екен аузы дуалы дана халқымыз. Лайым, алтын тәжді аналарымыз көп болғай деп тілейміз.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА