Қызылордада автокөлікті теріс қарай жүргізген 18 жастағы жігіт жазаланды
Қызылордада автокөлікті кері бағытта жолмен жүргізіп, жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған 18 жастағы азамат тиісті жазаға тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлеуметтік желіде Қызылорда қаласының көшелерінде шектен шыққан тәртіпсіз әрекеті бейнеленген белгісіз біреудің бейнетүсірілімі кеңінен тараған еді. Бұл жағдай жергілікті тәртіп сақшыларының назарынан тыс қалған жоқ. Қызылорда облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, бейнежазба бойынша жедел-іздестіру жұмыстары жүргізілген. Сол арқылы Қызылорда қаласының полиция басқармасы жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері «ВАЗ-21099» маркалы автокөлігінің 18 жастағы жүргізушісінің жеке басын анықтап, оны жауапкершілікке тартты. Заңсыз іс-әрекеті үшін оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 596-бабы 5-бөлігімен, 602-бабының 1-бөлігімен, 612-бабы 2-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылған. Автокөлік айып алаңына қойылды. «Қызылорда облысы полиция департаменті тарапынан әлеуметтік желілерге тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Анықталған заңбұзушылық бойынша бірден шара қабылдануда. Сондықтан жүргізушілерден жол қозғалысы ережесін, жол белгілерінің нұсқамасын қатаң сақтауды сұраймыз. Сондай-ақ, көлік құралдарының тұраққа қойылуы мен тоқтауы, пайдалану ережесін жауапкершілікпен мүлтіксіз орындауы қажеттігін ескертеміз», – дейді департамент бастығы, полиция полковнигі Сұлтан Бектөре.