Жылап көрдіңіз бе?
– Сымбат, сен үнемі күліп жүресің, соның қандай себебі бар? Қашан көрсең де көңілдісің. Өмірге жеңіл қарайтын қыз емес сияқтысың?
– Анамның айтуынша, мен өзгелер секілді жылап туылмаппын. Керісінше жәй жымиып жатыппын. Мен өмірге күліп келдім, күліп кетемін...
Иә, бұл екі құрбы арасындағы әңгіме ауаны. Адам өмірге жылап келеді, жылатып кетеді. Жылаудың өмірде түрлі себебі болады. Біреу тағдырдан теперіш көріп жылайды. Енді бірі қатты толқып, тебіренгенде көз жасына ерік беріп жатады. Мұны ел аузында «қуаныштың көз жасы» деп атайды.
Жылау алғаш қайдан, қалай пайда болды? Ол адамзат баласымен бірге танылған мінездің табиғи құбылысы. Жақын адамдарымыз қайтып жатқанда жер тырналап, айқайлап жылап жатқандарға үлкендердің «Сабыр етіңдер қарақтарым, Алланың ісіне шара жоқ. Көп жыласаңдар көрдің іші суға толып кетеді. Оны да ойлаңдар» деп айтып жатқандарын бала кезден жиі еститінбіз. Соны естіп тәубесіне түсіп жататын еді.
Жә, сонымен Жаратқан жазмышына мойынұсынып сабыр еткендерді Алла тағала қайырлы қуанышымен сүйіншілейді деген тәмсіл бар. Ал адамның адамды жылатуы бұл терең тақырып, өзекті ой. Кімді қалай жылатсаң, о дүниеде өзің содан он есе артық өкініп жылайды екенсің. Бірақ, бүгінде арғы дүние түгілі, арғы күнді ойлайтындар ойлантады.
Жылаудың да мәдениеті болады дегенді естігенім бар. Сонда қалай дейсіз бе? Кәдімгідей ішкі күйзелісіңді, жүрек тебірентер қиналысыңызды сыртқа сездірмей. Ондай адамдарды құдайы жолыдан көп кездестіреміз. Барған жерде бажайлап, бақылап қарасаңыз, барлығын байқайсыз. Бұл енді әркімнің санасына байланысты тәрізді. Жұрт көзінше күліп жүріп, оңашада ішкі шерін тарқатып алатындарды естіп, көріп жүрміз. Мұндайлар өзіне сенімді, мақсатына бекем тұратын қажырлы келеді. Бақдәулет Арыстан есімді ақынның «Көз жасыңды көрсетпеші, көрсетпе... Бізді бәрі бақытты деп ойласын» деп келетін ән мәтінін тыңдап отырып, содан өзіне қуат алып, көңіліне медеу тұтынғандарды талай мәрте көргеніміз бар.
Алқымға тығылған ащы өксікті ырқына жіберіп, жан дауысыңды шығара шырқырап жылап алған сәт кімнің де болса басынан өткен болар. Бұл бәлкім ауырып тұрған жүректі сәлде болса жеңілдетер. Мүмкін сені төзімділікке тәрбиелер. Қалай дегенде де бұл ішкі дүниеңнің сыртқа шыққан демі. Оны қымтап қалуға әсте болмайды. Дегенмен жылап жүргеннен күліп жүргеннің денсаулыққа пайдасы зор екенін ғалымдар жиі айтады. Онсыз да қарғаның қадымындай қысқа ғұмырда бір-бірімізге мейірім төгіп, жылатпай жүрейік. Және солай боларын тілейік.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ