Банкке берешексіз жан бар ма?
Отбасы әрбір жанның жүрек түкпірінде тұратын қасиетті дүние. Көк аспанды шарлай, самғап ұшқан құс та күн ұясына батар тұста адам секілді өз мекеніне оралады. Расыменде анасыз адам болмайтыны секілді, отбасысыз адам да болмасы анық. Кім болсақ та, қайда жүрсек те бір бүйрегіміз үйімізге бұрып тұрады. Иә, отбасы адам жанының бір бөлшегі. Онда саған ең адал да, жанашыр жандар тұрады. Сенің байлығың да, бақытың да отбасың екені даусыз. Сонымен оқып отырғаныңыздай, әңгіме ауаны отбасы жайында өрбімек. Үй болғасын мәселе туындамай тұрмайды. Жүріс-тұрысың, ас ауқатың, киім-кешегің бәрі бір отбасының басында қалыптасқан дағды. Қазіргідей нарық заманында барлығы қаражатқа келіп тіреледі. Бала оқытса да, үй салса да. Әйтеуір бітпейтін бір сабылыс, бір жетіспеушілік. Бүгінде өз қаржысы дегеніне жетпегесін банк несиесіне иек артқандар қатары жыл сайын артып отырғанын естіп, көріп келеміз. Жә, бұл әркімнің өз шаруасы дерсіз. Ол да жөн. Алайда алған ақшаңызды еселеп қайтаратыныңыз қаперіңізде болар. Былайша айтқанда, бұзау алып өсіріп, өгіз қылып өткізгеніңіз сыңайлы.
Несиелі отбасы
Әлқисса, сонымен бір емес, бірнеше банктен несие рәсімдеп, күн кешіп жатқандардың бірі, қала тұрғыны Бауыржан Скендіров. Отбасында үш перзенті және жұбайы бесеуі тұрады. Ең алғаш осыдан он жыл бұрын белгілі себептерге байланысты Каспий банкінен несие рәсімдейді. Уақыт өте келе ол қарызын жабу үшін, келесі банктен тағы ақша алады. Сөйтіп бүгінде несібесі мен несиесіне қоса қаражат тауып әлек. – Мен бұл қадамға шарасыздықтан бардым деп есептеймін. Жұбайым бала күтімімен үйде отыр. Басында бұлай көбейтіп төлейміз деп мүлде ойламаппыз. Мүмкіндігі табылып жатса несиеге жоламаған абзал. Қарызға дағдыланып қалсаң дегбірің қашады. Осы үшін жасыратыны жоқ жеңгеңмен кейде жүз шайысып қаламыз. Ендігі тілек балаларда жетіспеушілік болмаса екен деп тілейміз. Біз жас ортасына келдік. Былай байыппен қарасаң, басыңда баспанаң болса қалған тіршілік түйткілі ретімен шешімін табады. Мен өз басымнан өткерген жағдайды айтып тұрмын. Өз қателігіңнен өзге сабақ алса саған сол да жетеді. Әйтеуір ел аман, жұрт тыныш болсын, – дейді бізбен әңгімесінде. Иә, Бауыржанның сөзінің жаны бар. Кредит күліп кіріп, жылап шығады. Соның салдарынан ажырасып, балапан басына, тұрымтай тұсынаның халін кешіп жатқан жан қаншама. Бұл өмірден алынған мысал. Біз бен сіздің басымызда да бар. Ел болғасын түрлі тағдыр иесі бар. Несиесіз нәпақасын тауып, тапқан таянғанын отбасына жаратып отырған жан да жеткілікті. Бұл барын базар етіп, алдындағы асын қанағат тұтқан қазекемнің ахуалы. Осы несие деген неменің пайда болғаны кеше ғана. Өткенге көз жіберсек, байырғы бабаларымыз кредиті жоқ заманда күн кешіп, он-он бестен бала өсіріп жетілмеп пе еді. Бүгінде айналдырған екі-үш баламен отырып, аузымызды ақша деп ашатын халге келдік. Кім кінәлі?
Несиесіз отбасы
Мұрат Әнесов көп балалы отбасында дүниеге келген. Үйінің ортаншысы. Жастайынан еңбекке бейім болып, ержетті. Бүгінде өзі де төрт баланың әкесі атанды. Ел қатарлы үй салды, көлік мінді. Тұрмысы түзу, тәлім тәрбиесі мол өнегелі жан осы жасқа келгенше несие түгілі көршісінен қарыз алған адам емес. Қалай деп таңырқап отырған боларсыз. Иә, шалыс оқыған жоқсыз. Кәдімгідей ешкімнің алдында еңсесін түсіріп, етек жайған емес. – Қарыз алдың ба, оны дереу уақытын созбай қайтарған абзал. Асылында қолыңда барыңды ұқсатып, соны жеткізгенге не жетсін. Отбасы саған Алланың берген аманаты. Олардың ішіп-жем тамағын, киім-кешегін бәрін күн бұрын бағдарлап, соған сай қарекет ету ер азаматтың борышы. Ал, әйелдің парызы жарының тапқанын жаратып, отбасына жеткізу. Біздің де қиналған сәтіміз болды. Тіптен жеңгең екеуміз жарты нанды бөліп жеп, соған сабыр сақтадық. Барымызды балалардың аузына тостық. Қанша жерден қатты қиналып тұрсақ та қарызға жоламадық. Өйткені, оның өтеуі барын білемін. Сіздердің баспасөздеріңіз арқылы көпшілікке кеңесім сол, кредиттің қаржысы жағдайыңды жақсартпайды, – дейді Мұрат Әнесов.
Тілші түйіні
Жігіт боп жер басқаның кімге керек, қатының қаңғып жүрсе, балаң жылап. Дарияның тартылғаны жақсы емес қой, тасынғаны оданда жаман. Расымен де, зейінге салып зерделей қарасаң несиеден келер зауал көп, сауап жоқ. Анығында адамды пысық қылатын да, пасық қылатын да ақша. Соның салдарынан сабылып сарсаңға түсіп, жанжалы жан жарасына айналған адамдарды көрсең көңіліңе кірбің ұялайды. Себебі, «Әр қазақ – менің жалғызым» деген Сабыр Адайдың сөзі ұлтқа ұлағат, ұрпаққа ұстын болуы тиіс. Ажырасқан отбасы көрсем, тамырымен жұлынған бәйтерек көз алдыма елестейді. Осындай олқылық орын алмауы үшін кредит деген кеселге бой алдырмауымыз абзал. Менің мақсатым ой салу. Жазылған жайдан жаңаша серпін алып, ой түю әркімнің өз еншісінде.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ