Сәйкестік
Тасбөгет кентіне кірдік. Абай көшесіне түстік. Ойдым-ойдым, қазан шұңқыр көп екен, көлік теңселіп келеді. Көшенің кейпін көрсек, ұлы ақынның мерейтойына сай жөндеу жасаса деп тұрғандай. Шынында, мұң шаққаны менмұндалайды.
Біздің бағдар – Абай көшесінің 175 үйі. Яғни ақынның атаулы жылына тұспа-тұс келетін дәлдікті нысанаға алғанбыз. Бұл үйде кім тұрады, бізге беймәлім. Бара көреміз.
Үй иесі жұмыста екен. Қызы қарсы алды. Есік алдында бейкүнә сәби ойнап жүр. Онымен телефон арқылы тілдестік. Сөйтіп жұмыстан кешке қарай оралатынын күттік.
Күнсұлу Жаналиева алпысты алқымдаған ана, ұл-қыз өсіріп, екі немере сүйген әже. Екі жыл бұрын жолдасы қайтыс болыпты. Екі кісінің жауапкершілігін арқалаған абзал жан болып шықты. Ол облыстық туберкулезге қарсы диспансерде еңбек етеді. Өзі әңгімешіл, ашық кісі екен, сөзіміз жараса кетті.
– Біздің үйдің ескі нөмері №131 «А» еді, кейіннен кент әкімшілігі жаңартты. Мұнысы ұлы ақынның мерейтойымен дәлме-дәл келгені бізге де қызық.
– Ақын туралы сіздің ойыңызды білсек...
– Әдебиетке әуестігім шығар, мектептен санаға сіңірген Абай шығармашылығы тұтастай тұнған әлем ғой. Қара сөздің қаймағын, асыл сөздің арманын айта білген ақынның жан сарайы жырға толы, сырға бай болды. Әруақты адам, киелі кісінің парасат биігін әлі толық танып білгеніміз жоқ. Терең философияның тұңғиығын зерттеп жатыр, оның жемісі ұрпақ үшін ұлағат болып қалыптасуда.
– Бір өлең оқыңызшы...
Ақ киімді денелі ақ сақалды,
Соқыр мылқау танымас тірі жанды...
Ол бір деммен жатқа айта бастады. Санада сайраған өлең жолдары ағын судай ағылып жатыр.
– Күнсұлу, сәйкестік болса да салмағы бар дүние емес пе? Үйдің осындай нөмері бұйырған екен, енді баспананыңды күтіп ұстап, көшеңді тазалап тұруға тиістісің.
– Әрине. Онсыз да тазалықты жаным сүйеді. Бәлкім байқаған шығарсыз. Алдағы уақытта да сол ұқыптылықты ұстанамын, – деді ол.
Мұнтаздай аула, мейірман ана, мерейтой мезіреті бәрі-бәрі жарасымды үйлесім тауып тұрғаны бізді өзіне еріксіз баурады.
Қ.Құрбан