Мамандық таңдау – мақсатқа жету

Білім – дегеніміз тал бесіктен жер бесікке дейін іздеуді, оқуды қажет етеді. Маңызды қадам жасау – келешектің бастауы. Сондықтан бұл мәселе жас буындарды ойландыруы керек. Келешек мамандығыңды таңдау алдында асығыстық танытуға әсте болмас. Себебі, қазіргі таңда ата-ананың ақылымен, кейде достарының ықпалымен де таңдауын өзгертіп жататын жастар бар. Олардың бәрі бірдей ертең еншілеген дипломын кәдеге жарата ала ма? Мәселен, әлем бойынша диплом негізінде қызмет ететіндердің көрсеткіші төмен. Тіпті оған күнде көз жеткізіп жүрміз. Сонымен балаңыз жақсы жұмыс тауып қана қоймай, мансапқа жетуі үшін қандай мамандық таңдағаны жөн. Биыл қандай сала бойынша грантқа сұраныс жоғары? Осы жайттарды саралап көрсек...
Жүрек қалауына жүгіну қажет
2020-2021 жылдары «Ақпараттық технологиялар» мамандығына көп грант бөлінген, атап айтсақ 2 468 грант. Болашақ IT-мамандарды еліміздің 49 жоғары оқу орнында оқытады. Одан бөлек «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша 2 147 грант қарастырылған. Бұл сала бойынша мамандарды 11 медициналық университет дайындайды. Елімізде денсаулық сақтау саласы негізінде білікті кадрлар тапшы екені белгілі. Сондықтан да медициналық қызметкерлерді оқытуға бюджеттен биыл 2 700 орынға қаржы қаралған. Ал 8 мыңнан астам бюджеттік орын педагогика саласындағы мамандықтарға тиесілі. Олардың ішінде ең көбі – «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мен шет тілі, химия, физика, биология мұғалімдерін даярлау мамандықтарына бөлінген. Демек, жаратылыстану бағыты бойынша әлі де сұраныстың жоғары екендігін білдіреді.
Колледждерге де грант бөліну мәселесі жылда назардан тыс қалған емес. Атап айтсақ, биыл аймақ колледждеріне 3128 грант бөлінген. Сондай-ақ, «Нәтижелі еңбек» бағдарламасы бойынша 1515 орын қарастырылған. Гранттар негізінен өңірге қажетті педагогика, медицина, өнер, құрылыс, техникалық, ауыл шаруашылығы, тау-кен, қызмет көрсету саласы мамандарына арналған. Сондықтан аталған мамандық бойынша қызмет жасауды қалаған болсаңыз, аттестаттың орташа баллы негізінде грант иесі атануға мүмкіндік бар.
Бүгінде мектеп бітірушілер қай салаға үміт артады? Рас, елімізде ақпараттық технологияны алға қойып, осы саланы жетілдіру міндеті тұр. Жастардың да аталған бағытта мамандық таңдағаны байқалады. Олар жаңа технологияларды меңгеруге ұмтылуы қажет екенін айтады. ІТ маман-дығының болашағы зор деп санайды. Сонымен қатар, медицина саласын дамытамын деп ниеттенген жастар да жетерлік. Қалай дегенмен, жүрек қалауына жүгінген әсте жөн болар.
Кім болғың келеді?
«Өзіңді өзің танысаң – істің басы» деген ақынымыз Шәкәрім Құдайбердіұлының ой-тұжырымы менің де көкейіме қонады. Мұны тегіннен- тегін тілге тиек етіп отырған жоқпын. Иә, ең әуелі адам өзін танып білсе, сонда ғана немен айналысатынын, кім болатынын анықтай бастайды. Қазіргі уақытта мектеп бітіргендердің санасында «Қайда барамын, кім боламын?» деген сауал тұрғаны рас.
Сондай арманына қуат бітіріп жүрген жас түлек Тахмина Жақсылық. Оның арманы медицина саласын дамыту.
– Адамның мақсаты болмаса ештеңені де тындыра алмайды. Болашақты армандай білу де ұлы даналық. Мақсатым – дәрігер болу. Осы орайда, адам өміріне деген жауапкершілік, адалдық және үлкен жүрек керектігі сөзсіз. Сондықтан да мектепте осы салаға аса назар аударып, қызыға түстім. ҰБТ кезінде биология, химия пәнін таңдап, ерекше дайындалдым. Ата-анам осы саланы таңдағаныма қолдау көрсетті. Соның нәтижесінде жоғары балл жинап, «Алтын белгі» иегері атандым, – деген үмітін жеткізді Тахмина.
Ал Назым Балғарева ұстаздық жолды болашаққа серік етпекші.
– Еліміздің тізгінін ұстар жастар білікті де білімді болуы қажет. Сол үшін де мен бастауыш сыныптан бастап білімді ұрпақ тәрбиелегім келеді. Жас өреннің кішкентай кезінен білімге құштар болуы ұстазға байланысты. Осы орайда, ең алғаш партаға отырған сәттен бастап оқушыны саналы азамат ретінде тәрбиелеу мақсатында «Бастауыш» пәнін таңдадым. Болашақта білім саласының дамуына зор үлесімді қосқым келеді. Алдағы айқын мақсат – осы, – дейді Назым.
Қазақтың қабырғалы қаламгері Ж.Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» дейді. Рас, жас жеткіншек тек өз жүрек қалауымен ғана таңдаған кәсіптің шебері бола алады. Яғни мамандық таңдау – жай ғана оқып, диплом ала салу емес, өмірлік жолыңды айқындау. Бірақ, кейбір ата-ана, туған-туыс оған мән бермей, жеткіншектің көңілі қаламаған салаға еріксіз апарады. Оның нәтижесі қандай? Олардың бірі – оқудан шықса, бірі – еріксіз өзге жұмыс жасап жүргені. Сондықтан болашағыңды айқындау барысында талапкер де, ата-ана да «жеті рет өлшеп, бір рет кескені» абзал. Яғни, хәкім Абай айтқандай «қолын мезгілінен кеш сермеп» қалмау үшін дұрыс таңдау жасаған маңызды. Өйткені өмір табалдырығын аттаған жастың жанына жақын мамандыққа ер салуы ертеңгі күнге сеніммен нық қадам басуына алғышарт болары анық.
Айтолқын АЙТЖАНОВА