Шамшырақ
Абай әлемі – мәңгілік мұра. Оның терең парасатты поэзиясы қазақ руханиятына тірек. Ұлы ақынның ұлағатты жолы әмбеге аян. Әңгіме тінін әріден тарқатсақ, Абайдың бойындағы даналық, ділмарлық, шешендік, шайырлық қасиеттер әкесі Құнанбайдан дарыған деседі. Халқымызда «тектіден текті туады» деген тәмсіл сөз осындай да айтылса керек-ті. Алма да ағашынан алыс түспейді демейді ме. Расымен де, Абайдың елге етенелігі, жақынға жанашырлығы секілді туабітті қасиеттері атаның қаны, ананың сүтімен келген кие деп ұғынуға негіз бар. Өлеңдерінен қазақ даласының табиғаты, қазақ өмірінің шындығы, қазақ халқының сезім-сыры, арман-тілегі, ұлттық ерекшелік қасиеттері айқын сезіліп тұрады. «Абайдың қазақ әдебиетіне XIX ғасырда және XX ғасырда тигізген әсері орасан. Абайдың өзін көрмей, сөзін оқу арқылы, естіп, ұғыну арқылы әлеуметтік мәселеге, адамгершілік, ағартушылық турасына арнап өлеңдер жазған талай ақындар бар. Әсіресе, бұлардың саны, Абай шығармалары қазақ сахарасына жайыла бастаған сайын молая түскен», – дейді Мұхтар Әуезов.
Абайдың қазақ әдебиеті алдындағы ұлы қызметі ұлттық әдебиетке деген жанашырлығы. Талант тұрғысынан талғам таразысын топшылай алатын алғырлығы. Оның қайсыбір шығармасын қарасаңыз да адамгершілікті, достықты, адал сезімді тыс қалдырған емес. Ол өз заманының ахуалын терең зерделеу арқылы қазақ даласына өшпес өміршең дүниелер алып келді. Сол арқылы әрбір санаға сәуле шашып, жүректерге шамшырақ жаға білді. Ақын орыс ұлтының шығармаларымен де терең сусындап, әлем әдебиетіне атын алтын әріппен жазып қалдырды. Бұл оның білім биігіндегі байсалдығын байқатады. Әрбір әлеуетті өлеңдері сол дәуірдің өзінде-ақ өміршеңдігін дәлелдеген.
Абай адам мұратын қалыптастырып қана қоймай, соған жету жолын бағдарлап берді. Қайырымдылық, қанағат секілді адамның қалыптасуына себепші қасиеттерді талдап танытады. Нағыз адамды білімділік, ақылдылық, біліктілік, ғылымсүйгіштік қасиеттер анықтайды деп тұжырымдайды. Дана ақынның пайымынша, адамшылықтың негізгі құралы – шығармашылық ойлау. Нағыз адамның мұратына жетудің шартын еңбек, қызмет деп қарастырады. Сол арқылы еңбектің өмір сүру құралы екендігін баршаға насихаттайды. Сонымен қатар, ғылымды игеру, тану, білімді болу – еңбектің мәні. Сондықтан ақын еңбек пен мақсатты өлеңдерінде де асқақтата жырлады.
Ол қазақ қоғамының қайшылықты жақтарын сынай отырып, еңбекші елге іш тартты, озық мәдениетке сүйреді. Елді сол жолда бірігуге үндеп, ынтымақтастыққа ұйыстыра білді. Уақыт талабын күні бұрын түсіну – Абай даналығының белгісі. Өлеңдерінен де, қара сөздерінен де қазақтың ұлттық табиғатына тән тазалықты табасың. Сондықтанда Абай шығармасы әрбір қазақ баласына темірқазықтай жол нұсқап келеді. Ұлы ақынның есімі ұлт санасынан өшпек емес. Ол Конфуций, Шекспир, Вольтер және Гете сынды аты әлемге әйгілі алыптар қатарында. Ойымызды Елбасы сөзімен қорытындыласақ, «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды. Қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түсеміз. Абай туған елімен мәңгі бірге жасайды. Ғасырлар бойы қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар тауларға шақыра береді».
Биыл ұлы ағартушының 175 жылдығы. Мемлекет басшысы Жарлығымен 10 тамыз Абай күні болып бекітіліп, мерекелер күнтізбесіне енгізілді. Бұл әрбіріміз үшін үлкен жаңалық, қуанышты хабар екені сөзсіз.
Жыл басында Абай жылының ашылуына орай еліміз бойынша ең бірінші бастамашы болған да осы Сыр өңірі. Бір айдың ішінде екі мәрте ақындар айтысы өткізгені де ел есінде. Мұның барлығы ақынға деген аймағымыздың құрметі. Біз мұнымен тоқтамақ емеспіз және бұл соңы да, басы да емес. Қазақтың дара ақыны, ғұлама ойшылы, ағартушы Абай есімін ұлықтау мақсатында облыс бойынша үш елді мекенге атап айтар болсақ, Қызылорда қаласы, Қосшыңырау ауылдық округі. Арал ауданы, Қарақұм ауылдық округі. Қазалы ауданы, Сарыкөл ауылдық округіне ақын есімі берілді. Сонымен қатар, төрт білім ордасы ақын атымен аталады. Сексен алты көшеге есімі беріліп отыр. Қала орталығындағы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы бойында орналасқан аллеяға Абай есімі беріліп, қара сөздері тасқа қашалып жазылды. «Мұрагер» мектебі ауласына ескерткіші орнатылып, ақын аты беріліп отыр. Мұның барлығы ақынға деген елдің ілтипаты. Ақын мұрасы мәңгілік өшпек емес. Өйткені, Абай – Алаш даласының шамшырағы.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ