АБАЙ ЖӘНЕ АБАТ АПАЙ
Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы аясында облыс орталығындағы Абай аллеясында қаламгерлер мен студенттер қауымының басқосуы болды.
Шараға облыстық «Абайтану» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, педагогика ғылымдарының кандидаты Абат Жолдасова, балалар ақыны Рахат Наурызбаева, жазушы Несібелі Рахмет, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Әбішев қатысты. Басқосуда аға буын жас ұрпаққа ақын өмірі жайлы ғибратты әңгімелер айтты.
– Абай – бүкіл адамзат игілігі. Оның поэзиясы – мәңгілік поэзиясы, даналықтың, махаббат пен адалдықтың поэзиясы. Сондықтан сүйікті қаламыздың қос ғасырлық мерейтойы аясында өткізіліп отырған шараның маңызы зор. Ғұлама ақын, ойшыл Абайдың мұрасын жаңаша ұғыну жалғаса береді, оның жалынды өлеңдері ешқашан да өзінің мәнін жоғалтпайды. Өйткені Абай халықпен әрдайым бірге, – деді Абат Жолдасова.
Абай әлемінің жастарға, барша адамзатқа беретін тәрбиесі туралы келелі сөздер айтылған шара жыр марафонына ұласты. Қазақ әдебиетінің көсегесін көгертуге атсалысқан ақынның айнымас жырлары оқылып, әсем әндері шырқалды.
Б.Сағындықұлы