Абайдың танымы
Абайтанудағы іргелі еңбектердің авторы, ғалым Мекемтас Мырзахметұлы – ақын шығармашылығы мен өмір жолын ғылыми тұрғыда тәпсірлей білген танымал тұлғаның бірі. Ғалым Абай танымындағы «Толық адам», «Иманигүл» концепциясымен қатар, ислам өркениетінің әсерін де орнықты жеткізе біледі. Республикалық Абай күні қарсаңында зерттеушінің толымды ізденісін оқырман назарына ықшамдап ұсынуды жөн көрдік.
Абайдың толық адам туралы ілімі
Абайдағы толық адам туралы ойдың о бастағы төркіні «Ғылым таппай мақтанба» (1886) өлеңінен бастау алып, жыл өткен сайын қоюлана, күрделене түсетіні бар. Гуманист атаулы ғалымдардың бәрі де бұл дүниедегі асылдың асылы, ең бағалысы адам деп қарайды. Сол адамның бойындағы қалыптасатын мінез-құлықтың ең басты сипаты неден тұрмақ деген сұраққа әр заман ойшылдары өзі жасаған заман талабына орай жауап беруге ұмтылған. Бұған исламият әлемінде, әсіресе, Түркістан өлкесінде бұл өзекті мәселеге Әл-Фараби бастаған XI ғасырдағы Жүсіп Қас Хаджиб, XII-XIII ғасырлардағы Ясауи, Ш.Табризи, Ж.Руми жалғастырған жәуанмәртлік, хал ілімі, камили инсани жайындағы ой-толғаныстары танымдары өз үлестерін қосып жатты. Ал XIX ғасырдың екінші жартысында Абай бұл мәселеге айрықша назар аударып, өзіне дейінгі ойшылдар дәстүрін жалғастырып дамытып, толық адам туралы ілімнің негізін салса, XX ғасыр басында өз шәкірті Шәкәрім ар ғылым арқылы жалғастыра дамытты.
Адам болу туралы ой танымын «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде көп нәрсенің төркінінен хабар беруі себепті М.Әуезов ол өлеңді «Абайдың, әсіресе, көп ой қорытып айтқан мағыналы және програмдық бір өлеңі», - деп ерекше мән бере бағалауында үлкен сыр жатыр. Абайдың: «Бес нәрседен қашық бол, нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз», - деп адам бойындағы мінез-құлқындағы қарама-қарсы ұғымдардың сырын 7-қарасөзінде айтылатын «жанның тамағы» дейтін пәлсапалық мағынасы бар ұғыммен салыстыра отырып сырын ашсақ, көп мәселенің тамырын дөп басамыз. Осы өлеңде ерекше мән бере аталатын Шығыстың озық ойлы Ғұламаһи Дауанидің (XV ғ.) атақты шәкірті Жүсіп Қарабағи (XVIII ғ.) «Рисаласында» «жанның азығы» деген ұғымды еске (память) байланысты қарап талдайтыны бар. Автор «жанның азығы» (духовная пища) деген ұғымды екіге бөліп: бірінші жанның пайдалы азығы (шын сенім, жомарттық, ғылыми түсінік) екіншісі – жанның зиянды азығы (күншілдік, жалған сенім) деп атайды.
Абай танымындағы «жанның тамағы» да жан қуаты арқылы біртіндеп қорланатын рухани байлықты меңзейді. Өйткені, Абай: «...Құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді», - деп көрсетуі арқылы әрбір талапкер жас өзінің дүниетанымының қалыптасу жолында жанның пайдалы тамағымен сусындауға саналы түрде бет бұрса ғана толық адам жолына түсе алмақ, болмаса жоқ.
Ақынның «бес нәрседен қашық бол» деп таңбалап отырғаны адамды аздыратын жанның зиянды тамақтары болып шығады. Адам болу туралы ойлар, әсіресе, ақынның қарасөздерінде молырақ таратылған. Ондағы «адам болу, адам, жарым адам, толық адам, адамның адамдығы, адамшылық, адамшылығының кәмалаттығы, пенделіктің кәмалаттығы, инсанияттың кәмаләттығы т. б. терминдік мәні бар сөздердің бәрі де толық адам жайлы пікірлерімен сабақтасып жатады.
Абай және исламият
Абай дүниетанымының қалыптасуында шығыстық рухани қазына көздерінің өзіндік қайталанбас орны барын таза материалистік атеистік ұстанымдағы кеңестік идеология терістеп келді. Абайтану тарихының даму тарихына назар аударсақ анық көрініп тұрады. Абайтанудың М.Әуезовке дейінгі даму жолында Абай мұрасының мұсылмандық шығыстың рухани әлеміне қарым-қатынасы жайлы пікірлер бой көтере бастады. Абай әдеби мектебінің шәкірттері Көкбай, Шәкәрім, Кәкітай тарапынан жанама түрде әр тұста айтылған ойлы пікірлер желісі – осының айғағы. 1928 жыл мен 1937 жыл аралығында Абай мұрасының мұсылмандық шығысқа қарым-қатынасы тұрпайы социологиялық таным тұрғысынан үзілді-кесілді тегістеліп жатты. 1934 жылы М.Әуезов ұстанған Абай мұрасының шығысқа қатысы туралы терең ғылыми танымға негізделіп айтылған ой-пікірі аяусыз қатаң сынға алынып, терістеліп жатты.
М.Әуезов алғаш рет 1934 жылы «Абай ақындығының айналасы» деген ғылыми мақаласында «Абайға шығыстан кірген бұйымдардың басы ислам діні» деп атап көрсетуінде салмақты мәнге ие ой-таным желісі жатты. Өйткені Абай мұрасының рухани нәр алған қазына көздерінің бірі шығысқа қарым-қатынасын танып-білудің бастау көзін Абайдың ислам діні туралы ой-танымынан желі тарту қажеттігі алға қойылады. Осы тұрғыдан алып қарағанда ойшыл ақынның:
«Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде онан басқа», – деген ой-байламын танып-білудің кезекті желісі хауас мәселесін терең танып, мән-мағыналық ұғынудан басталатынына көзіміз жете түседі.
Абайдағы иманигүл
(үш сүю)
М.Әуезов Абайдың исламиятқа қатысын анықтауда ұстанар екінші тезисі «Абайдың діні - ақылдың, адамгершіліктің діні», – деген танымды ұстанады. Осы тұрғыдан келіп өзекті ой желісін 1902 жылы жазылған «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңін талдау үстінде аша түскен. Өз ой-танымын тарату үстінде 27, 38 қара сөзде ерекше мән бере қараған Абай исламияттың кейбір түбірлі ұғымдарын сыншыл ақыл тезіне салып, олардың өзіндік сыншылдық таным тұрғысынан келіп оны адамгершіліктің дініне айналдырады. Бұл әрекетіне Абай танымындағы иманигүл немесе үш сүю мәселесі айғақ бола алады.
Абайда желілі түрде таратып сөз ететін иманигүл (үш сүю), жәуанмәртлік, толық адам сияқты аса күрделі ой желілері тәңірге, оның сипаттары мен өзі таратуды мақсат тұтқан адамгершіліктің негіздері туралы ой толғаныстары М.Әуезов тұжырымының ең өзекті де елулі желілерін қамтитын басты ұғымдарға жатады. М.Әуезов Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңіндегі мораль философиясына соғатын үш сүю (иманигүл) деп аталатын ақын танымының мағынасы терең өзекті желілеріне айрықша назар аударады. Абай айтқан үш сүю жайлы ой байламдарын анықтау арқылы ішкі нанымы мен адамшылық жолындағы насихаты мен мораль философиясы жөніндегі танымы түгелге жуық ашылып, өз көрінісін бере алған деп қарайды. Себебі, осы өлеңдегі үш сүюде алға қойылған бастапқы пікір: «Махаббат пен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деп жаратушы түп иесін, жаралған пендесінің махаббатпен сүюі қажет дейтін бірінші сүюді көреміз.
Екінші сүю – ақын шығармаларында желілі түрде таратылатын басты ой желісі «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» айдар тағып, ерекше бөліп көрсетуінде жатыр.
Үшінші сүю – «Және сүй хақ жолы деп әділетті» деп 38 сөзінде Алланың бойындағы 8 сипаттан құдірет пен ғылымды біріктіріп алатын ғақылға (ақылға) Абай нақылия, ғақлия дәлелдерге сүйене отырып ұсынатын ғәділетке (әділетке) ерекше мән беретін үшінші сүюді көреміз. Абай танымындағы әділетті, яғни үшінші сүюді М.Әуезовтің мұсылмандық танымдағы әділеттен өзгешелеу жатады деп ескертуі көп нәрсені аңғартады.
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңіне дейін-ақ үш сүю мәселесі жанама әрі тікелей аталып сөз етілген болатын. Бірінші, екінші сүю 27-қарасөз бен «Алла деген сөз жеңіл» өлеңінде нақтырақ әрі жанама түрде таратылады. Бірінші сүю Абайға дейін көне дәуір ойшылдары мен сопылық поэзияда молынан қамтылып жырланған көпшілікке танымал ұғым еді. Абай «Алла деген сөз жеңіл» (1896) өлеңінде нақтырақ, әрі тереңірек мән беріп махаббатпен жаратқан түп иеге жауап ретінде пенделері де махаббатпен сүю керектігін: «Жүректің ақыл суаты, Махаббат қылса тәңірі үшін», - деп бірінші сүю туралы ойларын осымен шегереді, одан ары бұл мәселе туралы тоқталмайды. Бірақ екінші, үшінші сүю туралы өз ой пікірлері туралы өлеңдері мен қарасөздерінде желілеп, үздіксіз насихаттаумен болады. «Осы үш сүю болады иманигүл, Иманның асыл үш деп сен тақиқ біл. Ойлан дағы үшеуін таратып бақ, Басты байла жолына малың түгіл», - деп Абай қазақ қауымының рухани жағынан іштей тазарып ұстанар рухани жолының сенімді бағыт-бағдарын нұсқайды. Өйткені, абайтанудың бірегей білгірі М.Әуезов «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде ақынның ішкі нанымы, дүниетанымы, адамшылық жолындағы үгіті мен мораль философиясы жайлы танымы толық түрде айтылған деп біледі.
Дайындаған
Ерсін ШАМШАДИН