Айбары асқақ Ата Заң

Конституция күні – біздің мемлекетіміздің, халқымыздың ең негізгі мерекелерінің бірі. Бұдан жиырма бес жыл бұрын 1995 жылдың 30 тамызында еліміздің Негізгі Заңы бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданып, демократиялық, құқықтық мемлекет орнатуға тарихи қадам жасалды.
Ұлтымыздың ұлан-ғайыр тарихында Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» сияқты іргелі заңдардан бастау алған бүгінгі Конституциямыз – Елбасы ұсынып, халық қолдаған, елімізді биік белеске шығарған, тарихи маңызы аса зор Ата Заң.
Биылғы жылы егемендігімізді алып, Тәуелсіз ел атанғанымызға 29 жыл толады. Біз осындай аз ғана уақытта айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасқан әлеуетті елге айналдық. Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері Конституция қа-ғидаттары төңірегіне топтасты. Еуразияның жүрегіне орналасқан Елордамыз әлемге руханияттың ірі орталығы, саясаттың іргелі ордасы ретінде танылды.
Әлемге әйгілі болған Қазақ елі еркіндіктің арайлы ақ таңымен айбынды мемлекетке айналып келеді. Осы жетістіктердің барлығы – бүкіл халықтан қолдау тапқан Ата Заңымыздың арқасы. Дамыған мемлекеттердің озық заңдары негізінде қабылданған республикамыздың басты құқықтық құжатының әрбір бабы ежелден еркіндікті аңсаған еліміз үшін аса құнды.
Тағылымды тарих еншісіне айналып үлгерген жиырма бес жыл ішінде Ата Заңымыз мемлекетімізді толағай жетістіктерге жеткізіп, әлемдік қауымдастықтың белді мүшесіне айналдырды. Біз осы уақыт аралығында Конституциямызды дәріптеп, ондағы әрбір баптың талаптарын сақтап, оны құрметтей білдік. Халықаралық деңгейдегі беделді сарапшылар еліміздің бүгінгі жетістігін демократиялық қоғамға қойылар басты талаптарға сай келетін Конституциямыз бен дұрыс бағдар таңдаған Елбасымыздың ерен еңбегі деп бағалайды.
Бұл тұста таңдаған жолды дұрыс бағытта жүргізіп отырған Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары арқылы Қазақстан Республикасының дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспарды негізге алып, өркениеттің өріне көтерілуді басты мақсат етіп отыр. Әрине, мемлекеттік қызметке әдеп нормаларын қатаң сақтайтын және де мемлекет мүддесін бәрінен де жоғары қоятын адамдарды тәрбиелеп, оларды қызметке тарту оңай шаруа емес. 5 институттық реформаның алғашқы 15 қадамның кәсіби мемлекеттік аппарат құруға арналуы да сондықтан.
Дамыған елдердің қатарына енуді алдына бағдар етіп алған тәуелсіз Қазақстанның әрбір жылы толысу, кемелдену жылына айналғаны – өмір шындығы. Келелі, кемел істер атқаруымыздың арқасында экономикамыз қарқынды өсіп-өркендеуде, халқымыз берекелі тіршілік кешуде.
Бүгін біздің Конституциямыз бен заңдарымыз адамдар үшін жұмыс істей отырып, олардың шығармашылық белсенділігін арттырып, жасампаз істерге және кәсіпкерлік белсенділікке бастайтынын айта аламыз. Бұған дәлел – Мемлекет басшысының Заңдарға үздіксіз жаңалықтар енгізуі, кәсібилендіруі, Заңның Халық үшін жұмыс жасауына мүмкіндік беруі. 2020 жылғы 3 шілдедегі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілері бір Кодекс пен бес Заңға мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар болды. Мұна «Дипломмен ауылға» жобасына мемлекеттік қызметшілердің қатысу мүмкіндігі, «А» корпусының кадр резервін тарату, мемлекеттік қызметке кіру үшін конкурстық рәсімдерді оңтайландыру, мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау шаралары, Қазақстан Республикасы Президенттің шешімі бойынша жекелеген саяси лауазымдарға біліктілік талаптарын белгілеу мәселелерінің заңды күші бар нормативтік актісі қабылданды.
Біздің Конституциямыздың басты құныдығы адам және оның өмірі. Мұнда, экономикалық еркіндік, саясат пен идеологияның көпқырлылығы, әркімнің заң алдындағы теңдігі дамыған Қазақстан үшін басымдыққа ие.
Қазақстан Республикасының Конституциясы – барлық жасампаз істердің негізі. Біздің елде Ата Заңымыздың нормалары мен ұстанымдарының арқасында саяси экономикалық тұрақтылық қалыптасқан. Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан Қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды.
Біздің Конституциямыз – бұл біздің таңдауымыз. Оны құрметтеп, бағалау – бізге міндет.
Біз ұлан-ғайыр байтақ даланы ақ білектің күшімен қорғап қалған батыр бабаларымыздың асқақ аманатына адал болуымыз керек. Олар елі азат, жері тұтас қуатты мемлекет құруды, Жерұйықта ғұмыр кешуді аңсады. Осы арманды ақиқатқа айналдыру бақыты біздің ұрпаққа бұйырды. Елімізді әлемнің маңдайалды мемлекеттерінің қатарына қосып, қарқынды дамытып, Қазақстанды қарыштап өркендете беру – біздің қастерлі де қасиетті борышымыз!
Жасұлан ШЫНТАСОВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша
департаментінің Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы