Қала әкімі мерекелік медальдармен марапаттады
Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Конституциясының 25 жылдығына орай ел дамуына елеулі үлес қосқан, елге еңбегі сіңген мемлекет және қоғам қайраткерлерін, қаламыздың дамуы мен гүлденуіне, әлеуметтік-экономикалық ахуалының артуына атсалысып, еңбегімен ерекшеленген бірқатар азаматтарды марапаттады.
Қала әкімі алдымен шараға жиылғандарды еліміздің басты құжаты, еркіндігіміздің кепілі, тәуелсіздігіміздің алтын тұғыры, айбарлы Ата заңымыздың ширек ғасырлық мерекесімен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ҚР Конституциясына 25 жыл мерекелік медальдарын табыстады.
Марапаттау рәсімінде шаһар басшысы Елбасының тарихи бастамасымен елімізде жүзеге асып жатқан Конституциялық реформа қазақстандық қоғамның одан әрі саяси дамып жетілуіне, әлемдік қауымдастықтар алдында беделінің нығая түсуіне негіз қалағанын атап өтті.
Мерекелік жиында сөз алған ардагер Жарылқасын Шәріпов пен ардагер журналист Айткүл Шалғынбаева тірлігі тату, бірлігі бекем, тәуелсіз еліміздің жаңа бейнесін қалыптастыруға жол ашқан Конституциямыздың маңыздылығына тоқталып, мәртебесі мәңгі биік болуын тіледі.