Дәрігер жетіспейді
Өңірлік комуникациялар қызметінің орталық алаңында облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамовтың қатысуымен брифинг өтті. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауда айтылған міндет сараланып, алдағы жоспарлар баяндалды.
– Президент өз Жолдауын коронавируспен күресте жанкештілікпен жұмыс істеген дәрігерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, еріктілер мен кәсіпкерлерге осындай сын сәтте табанды еңбек еткені үшін алғыс айтудан бастады. Мемлекет басшысы қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған міндеттерді белгілеп, әлеуметтік – экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында атқарылатын жұмыстар бойынша нақты тапсырмалар белгілеп берді. Жолдауда көрсетілген жеті ұстаным халықтың қалыпты жағдайын қамтамасыз етеді деп сенеміз. Өңірімізде де осы бағытта Жолдауда туындаған мәселелерді жан-жақты талқылап, орындау жұмыстары жүйелі жүргізілуде, – деді Н.Байқадамов.
Облыс әкімінің орынбасары Жолдау барысында баяндалған бағыттардың ішінде баспана мәселесі, педагог мамандардың жалақысының өсуі секілді басымдықтар дер кезінде көтерілген деп бағамдайды. Жас ғалымдарға көңіл бөлінуі де құптарлық іс екенін жеткізіп, жыл сайын 1000 грант бөлінсе, жастар көптеп білім мен ғылымға бет бұрады деп сенім білдірді. Сонымен қатар, аймағымызда 170-ке жуық дәрігер жетіспейтіні айтылды. Коронавирустың келесі толқынына дайындық пысықталып жатқаны да айтылды. Дәрі-дәрмек жетіспеушілігінің алдын алу үшін облыстық бюджеттен 350 млн теңге бөлінгенін тілге тиек етті.
– Жолдауда өміршең дүниелер айтылды. Қашықтан оқыту мәселесін тиімді қарастырып, баланың ізденісін жетілдіру керекпіз. Өз бетімен оқып талпынған бала болашақ қоғам алдындағы азаматтық парызын білетін тұлғаға айналады. Ал, интернет мәселесін жыл соңына дейін шешіледі деп күтудеміз, – деді Н.Байқадамов.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ