Кәсіпкерлікке – кең тыныс
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын тиянақты тыңдадым. Онда өзекті ойлар айтылып, тың тақырыптар тіні тарқатылды. Елдің әлеуетін арттырар салаларға серпін болатыны жұртшылық сенімін арттырды. Бұл баянды болашақ жолындағы бірегей бастамалар болары анық.
Жолдауда айтылған жүйелі ойдың бірі – кәсіпкерлік турасында. Президент «Ұлттық банк зардап шеккен секторларда шағын және орта бизнес үшін айналымдағы қаржыны толықтыру бойынша арнайы бағдарламаны жүзеге асыруда. Бұдан бұрын оның іске асыру биыл аяқталады деп ескерілген еді. Қазіргі дағдарыстық жағдайда аталған бағдарламаның күшін 2021 жылдың соңына дейін ұзартуды және оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. Осы мақсаттарға қосымша 200 млрд теңге қарастыру керек. Осы орайда бағдарламаның жалпы көлемі 800 млрд теңгеге дейін жеткізіледі. Келесі жылдың барысында шағын және орта бизнес қызметінің жаңа құқықтық базасын әзірлеуді тапсырамын. Кәсіпкерлік қызметке мемлекеттік құрылымның кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендер жұмысына кедергі келтіру жағдайы мемлекетке қарсы өте ауыр қылмыс ретінде қабылдануы керек», – деп атап өтті.
Дүниежүзін дендеген дертке байланысты 700 мың отандық бизнеске салықтық жеңілдіктер ұсынылғаны да сөз болды. Онда орта бизнеске қосымша көмек ретінде мемлекеттік субсидиялау арқылы жылына 6 пайыздық мөлшер қойылатыны бізге тың серпін беріп отыр.
Президент Жолдауында айтылған жаңа жеті бағыттың бірі – жеке кәсіпкерліктің көлемін арттыру. Әділ бәсекелестік, жаңа нарықтың ашылуы, өндіріс көлемін көбейту секілді тетіктер таразыланып, нақты тапсырмалар тізбегі тиянақталды.
Бұл өрлеу биігіне қанат қаққан жас мемлекетіміз үшін таптырмас мүмкіндіктер алаңына айналмақ. Бұл тұрғыда Сыр кәсіпкерлеріне де Президент Жолдауы пәрмен жүктеп, жауапкершілікпен жұмыс бастайтындарына бек сенімдімін.
Нұржан БАЙЖІГІТОВ,
кәсіпкер