Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Балуандар шыққан ауыл

Балуандар шыққан ауыл

2019 жыл. Мамыражай ма­мыр. Сағына күтіп, кімнің асы­­ғы алшысынан түседі деп тағатсыздануда талайы. Жи­налғанның қарасы қалың. Келген қонақ та, жиылған жұрт та спорт кешенінің алдында тұр. Сайыс десе делебесі қозатын спортсүйер қауымның дәл осы күні ішер асын жерге қоятыны бар. Әсіресе ауылдың қарадомалақтары осы спортқа әуес-ақ.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 74 жыл еді. Жыл сайын осы мереке қарсаңында ауданда Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаев атындағы самбодан халықаралық мемориал өтеді.  Батыр атамыздың құр­ме­тіне арналған дүбірлі дода сол жылы 24-ші мәрте ұйым­дастырылды.  Мереке мезі­ре­тінде Самбо күресінен Қазақстан Республикасының мем­лекеттік жаттықтырушы Қаймен Есендияров жерлесіміз, талай шәкіртті топқа салып, түлеткен Әділбек Серікбаевтың кеудесіне «Ерен еңбегі үшін» медалін тақты. Спорттағы биік белестері ескеріліп,  ел атын өзге мемлекетке танытқан чемпиондар Бауыржан Райысов пен Ғалымжан Әбдірахмановқа биыл алғаш рет тағайындалған «Самбо саңлағы» төсбелгісін табыстады. Осылайша жарыс жақсы жаңа­лық, ерекше марапатпен өз шымылдығын ашқан еді. Сайыс­­та Қазақстанмен бірге Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолиядан кел­ген 15 команда 150-ге жуық самбошы бақ сынады. Балуандар боз кілемде белдесіп, шүмектетіп тер төкті. Бірақ сол кешке куә болу сол жылы ғана еді...
Биыл байрақты бәсекеге 25 жыл толды. Бірақ жылдағыдай дүркіреп өтпеді. Жылда 9 мамыр қарсаңында ұйымдастырылатын спорттық жарыс елде жария­ланған төтенше жағдайға бай­ланысты кейінге шегерілді. Ал­дағы уақытта байрақты бәсекенің туы қайта желбірейтін күн алыс емес.
Неге жыл сайын дүбірлеген дода ұйымдастырылады? Тәйімбет Көмекбаев кім еді? Әрине, бұл заңды сұрақ. Ен­дігі, тарихқа көз жүгіртсек. Қазақстаннан шыққан Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаевты білмейтін жан жоқ шығар, сірә?! 98 батырдың бірі болған ол, 1941 жылдың қазан айында Отан қорғаушылар қатарына қосылып, соғыстың аяғына дейін барлаушылар бө­лімшесін басқарған. Тәйімбет қиядағыны қалт жібермейтін қырағы болған деседі. Жауын­герлік шеберлігінің арқасында 1945 жылы Глейвиц қаласына бірінші болып басып кіріп, Колхозвица қаласына тікелей шабуыл кезінде жаудың 30 ұясын жойған. Одан кейін сол жылдың 6 ақпанында ержүрек жауынгер Көмекбаев Одер өзенінен өтіп, өз бөлімшесімен Эйхиринд елді мекені маңындағы плацдармды ұстап тұрады. Ванни қаласы үшін болған ұрыста өзі бас­таған жауынгерлер жаудың 7 шабуылына тойтарыс береді. 1945 жылдың 10 сәуірінде Т.Көмекбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. 1-ші Украина майданы өкілдерінің құрамында Мәскеуде болған Жеңіс парады салтанатына қатысады. 1996 жылы батырдың 100 жылдық мерейтойы облыс көлемінде аталып өтті. Сол жылдан бастап Тәйімбет Көмекбаевтың құрметіне спорт­тық самбо күресінен кие­лі Қармақшы топырағында жа­рыстар өткізу дәстүрге айналып, бүгінгі күні ол халықаралық дәрежеге жетті.
Батыр атындағы турнирде алғашқы бабын сынаған бал­уандар қазір ел мақтанышына айналды. Мәселен, самбо күре­сінен Әлем чемпиондары Қоныс Жетпісбаев, Асхат Шахаров, Ерболат Байбатыров, Азия чемпионы Бауыржан Райсов, Мейіржан Қуаңбаев, қазақ күресінен Әлем чемпионы және «Қазақстан Барысы» рес­публикалық турнирінің жеңім­пазы Бейбіт Ыстыбаевтар ал­ғашқы белестерде жеңіс туын желбіретті.
Иә, бастапқыда республика­лық, он жылдан бері халықаралық дәрежеде өтіп, «Мемориал» мәртебесін алған турнир талай саңлақтың спорт әлеміндегі алғашқы баспалдағы болды. Артында ұлықтайтын  ұрпағы, ерлігін бағалайтын елі барда Отан үшін от кешкен қас батыр Тәйімбет Көмекбаевтың өр тұлғасы жылдар зырғыған сайын биіктей түспек.
Айнұр ӘЛИ
15 қыркүйек 2020 ж. 251 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 426 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам