«Бұл әнде жыршының сарыны, қобыздың үні бар»
Сыр өңірінің ән әлемі қашанда әсем де тылсым сырға толы екені белгілі. Ән-жырдың мекеніне айналған аймақ ел көлеміне ғана емес, әлемге танымал әндердің өмірге келуіне ықпал етті. Дара дарын пен шалқар шабыттың тоғысы көптеген музыкалық мұраның жарыққа шығуына жол ашып, талай талантты түлетті. Сондай айтулы шығарманың бірі – «Қорқыт-қобыз» әні.
Эстрада әншісі Гүлнұр Оразымбетованың есімі әнсүйер қауымға жақсы таныс. Әсіресе, оның орындауындағы «Қорқыт-қобыз» шығармасы тыңдарманды ерекше сезім мен тылсым толқынысқа бөлеп, өнердің озық үлгісін сезінуге жетелейді. Сыр жұрты үшін «Қорқыт», «Қобыз» ұғымының мәні ерекше екенін ескерсек, бұл орынды, әрине. Музыканттың таланты мен танымалдығының шоқтығы биік сәті де дәл осы әнге тікелей қатысты. Сонымен, бұл көркем шығарманың шығу тарихы қандай? Әуез бен сөз иесі кімдер? Осы сауалдарға жауап іздеп көрейік.
Әннің әуені атақты композитор Рамазан Таймановқа, сөзі ақын Оңталап Нұрмаханұлына тиесілі. Елімізде 1999 жыл «Қорқыт ата жылы» болып жарияланып, баба рухы мен мұрасын насихаттау кең өріс алғаны белгілі. Игі бастамаға орай халықаралық деңгейде ғылыми конференция мен мәдени іс-шаралар өткізіліп, әлем назарына ұлы тұлғаның болмысы айшықтала түскен еді. Қорқыт мұрасын терең тану бағытында ақын-сазгерлер шығармашылығында Қорқыт есімі ерекше орынға ие болды. Өнер майталмандары ұлы бабаның байламды сөзі мен әуезді мұрасы аясында көптеген салмақты шығарма жасауға талпынғаны анық. Айтулы шығарма дәл осы мазмұнды шақта жарыққа шықты.
Рамазан Тайманов сиясы кеппеген шығарманы алғаш жас әнші Гүлнұр Оразымбетоваға тыңдатады. Қайырмасына келген кезде сазгер: «Қайырмасына қобыз үнін қосу керек сияқты. Қобыздың зарлы үнін шығара аласың ба?» деп сауал қояды. Сол сәтте әнші көмеймен қайлауды үйреніп, дауысымен қобыз үнін шығара бастайды. Солай шығарманың мән-маңызы ашылып, ерекшелігі арта түседі.
Бұл кезде Г.Оразымбетова «Жас қанат» байқауына қатысуға ниет білдіріп жүреді. Байқауда «Қорқыт-қобыз» әнін орындауға шешім қабылдап, ерекше сахналық киім даярлады. Әннің сапасы мен орындау деңгейі қазылар тарапынан жоғары бағаға ие болады. Нәтижесінде жас әнші «Қорқыт-қобыз» әні мен додада топ жарып, жеңімпаз атанды.
«Азия дауысы» халықаралық байқауына да «Қорқыт-қобыз» әнін орындап, бірінші орынды иеленді. Байқауда шығарма «Ең үздік ән» және «Ең үздік сазгер» деген номинациялар бойынша үздік деп танылған. Көп ұзамай әнші «Қорқыт-қобыз» әніне бейнебаян түсіреді. Осылайша әуезді ән өнер иесінің жұлдызын жағып, жаңа мүмкіндікке жол ашты.
Осы бір аңызға бергісіз шақты композитор былайша еске алады: «Бұл өзі бір түнде жазылған ән еді. Бірде продюсер Сәрсен Ибрашева хабарласып, «ертең конкурсқа жүргелі отырмыз, ән керек» деді. Біраздан бері Қорқыт туралы ән жазу ойымда жүрген, ноталары да дайын болып қалған. Содан түнімен жазып, ертесіне пойыз жүрер алдында апарып бердім. Алматыға жеткен соң Сәрсен «Әнің Пономаревқа ұнады, қайырмасындағы мелизмдер керемет, ерекше ән екен деді, енді өзің келіп осы жақта аранжировка жаса» деп қоңырау шалды. Алматыға келіп, әнді әзірледік. Конкурстың дыбыс режиссері А.Пономаревтың көңілінен шықты. Бірақ мен жазған мақам басқа болатын, ол Гүлнұрдың даусына келмеді. Содан өз ыңғайына қарай айтып шықты. Бұл әнде Сыр өңірінің жыршы-жырауларының сарыны, Қорқыт күйінің мақамы бар. Сол менің жазғанымдай түпнұсқа мақаммен «Қорқыт қобызын» әлі күнге ешбір әнші орындай алмай жүр. Гүлнұр 2000 жылы «Жас қанатта» 1-орынды иеленді, сол жылы «Азия даусы» халықаралық байқауында 3-орын алды. «Қорқыт қобызы» үздік ән атанды, мен Қазақстан композиторлары арасында 1-орын алдым» дейді.
Әннің сөзін жазу да оңайға соқпаған көрінеді. Композитордың айтуынша, алғашқыда ақын Оңталап Нұрмаханов ән үшін бес нұсқа әзірлеген. Қызу пікірталастан кейін әнге лайық қарапайым әрі тілге жеңіл мәтін дайын болады. Мәтінге мұндай талап қою шығарманың өміршеңдігіне бірден-бір себеп болғаны анық.
Ақын Оңталап Нұрмаханов кезекті сұхбатында бұл оқиғаны былайша еске алады: «Белгілі композитор Рамазан Тайманов пианинода бір ән орындап берген еді, «Оңеке, осыған бір сөз жазу керек» деп айтты. Музыканы тыңдап отырып «Қорқыт» деген дауысты естідім. Соны үйге барып жазып әкелдім. Ол «Қорқытың не?» дейді. Әнге орай басқаша жазуға болады ғой. Мысалы, «махаббатым өзің» деген секілді етіп. Содан не керек, ол өлең бір жылдай тартпада жатты. Келесі жылы «Қорқыт жылы» болып белгіленді. Қорқыт Атаға арналған өлең, ән керек болды. Сонда әлгі шығарма есімізге түсті. Ән сәтті шығып, әлемді аралап кетті. Шетелде де айтылып жүр. «Азия дауысынан» бірінші орын иелендім. Ақын, композитор, әнші үшеумізге де бәйге берді. Жалпы, Қорқыт әлемі жаныма жақын. Шығармашылық адамының формалық жеке сөздері болады. Менікі – күн мен түн, Қорқыт пен теңіз. Осы төртеуі өлеңдерімде тоғыса береді».
Көңілге жатталған жағымды әуеннің шығу тарихы мен автордың толқынысы тыңдарман үшін тылсым әлем. Әрбір шығарманы тек сезіну аздық етеді. Мән-мағына мен мақсатын аңдау үшін жарыққа жету жолын да бағамдау маңызды.
Дайындаған Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ