Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҚОБЫЗ – ЗАМАНАНЫҢ ҮНІ

ҚОБЫЗ – ЗАМАНАНЫҢ ҮНІ

  Бұл Қорқыт баба рухына тағзым етіп, қобыз сарынымен қайта қауыштырған әсерлі кеш болды. Тұтас Тұран даласының абызына айналған Қорқыттың бүгінгі ізбасарлары ғасырға жуық сандық түбінде бабасының сазды сырын ішіне бүгіп жатқан қобызын қолына алып, ысқыш таяқты ары да бері ырғай түскенде құдіретті үн құмыға төгілді. Ел-жұрт мәңгілік аспаптың шерлі үніне құлақ түріп, егіле түскендей. Бірде тұншықтырып, бірде тұщындырып, енді бірде сызылып, үзіліп шыққан қобыз үні жиналған жұртшылықты бейжәй қалдырмағаны анық.
                                                          Ұлы дала сазы
         Сыр топырағында тұңғыш рет шымылдығын түрген "Қорқыт-Қобыз" республикалық қыл қобызшылар және қобызбен сүйемелдеп жыр айтушылар байқауында жыр мен күйге сусаған халық көңіл толқынында дәл осылай тербелді. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысып, ауқымды шараның маңыздылығына тоқталды.
         – Халқымыздың өнері мен мәдениеті қатар қайнаған қасиетті жәдігерлер көшінде Сыр өңірінің алар орны бір төбе. Бізге дейінгі сонау VII-VIII ғасырлардан саф алтындай сақталып бүгінге жеткен қобызбен жыр айту дәстүрі қазір де керуен көшінен қалмай, ұрпақтар сабақтастығында жаңғырып келеді. Кешегі Кеңес үкіметі тұсында Қорқыт мұрасы тұмшаланып, насихатталуына тыйым салынғанымен, уақыт өте келе ол өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Құнды деректер Рим, Дрезден кітапханаларында сақталып бүгінге жетті. Бұл – аталмыш бағыттағы шаралардың алғашқысы да, соңғысы да емес. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1997 жылы осы Қызылорда қаласында Қорқыт пен қобыз тақырыбы аясында үлкен ғылыми-танымдық конференция өтті. Одан екі жылдан соң ЮНЕСКО шешімен Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығы тойланды. Сондай-ақ, қазіргі таңда әрбір 3 жыл сайын ұйымдастырылатын "Қорқыт және Ұлы дала сазы" дәстүрлі халықаралық музыкалық өнер фестивалі дәстүрлі шараға айналып отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары.
         Тағылымы терең шараның әлқиссасы тұтас түркі жұртының ұлы тұлғасы – Қорқыттың малдас құрып, шерлі аспабын шерменде күйде тартқан образын бейнелейтін театрландырылған қойылыммен бастау алды. Байқауда Алматы, Астана, Ақтөбе, Қарағанды, Шымкент, Қостанай және Қызылордадан барлығы 16 қыл қобызшы және қобызбен сүйемелдеп жыр айтатын өнерпаздар өзара бақ сынады. Ал, олардың өнеріне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қобызшы Әлқуат Қазақбаев, жырау Ұлжан Байбосынова, Қазақстан Республикасының "Мәдениет қайраткері" төсбелгісінің иегері Раушан Оразбаева, Қорқыт ата мұраларын насихаттаушы Мақсат Мұхамеджанов пен эпик жырау Арнұр Көшеней сынды өнердің нағыз майталмандары төрелік етті.
         – Байқауда 17-55 жас аралығындағы еліміздің әр өңірінен келген қыл қобызшылар Қорқыт күйлерін насихаттаса, қобызбен жыр айтушылар Қожа Ахмет Яссауидің хикметтерінен және Тоныкөк, Күлтегін, Оғызнама, Қорқыт дәуіріндегі көне жыр үлгілерінен үзінділер орындауы тиіс. Сондай-ақ, үздік қыл қобызшыларды әділ түрде анықтау үшін байқау барысында Қорқыт күйлерінен жеребе ойнатылып, қатысушы бағына қарай жеребеден түскен күйді еш жаңылмай ойнай білуі қажет, – деді шараның басты ұйымдастырушысы, белгілі жырау Майра Сәрсенбаева.
                                             Қадым заманнан жеткен қазына
         Сонау қадым заманнан бүгінге жеткен аңыз-әпсана бойынша қобызды түркі әлемінің рухани тәлімгері Қорқыт атаның ойлап тапқандығы туралы баяндалады. Онда мәңгілік өмірді іздеп шығып, ақыры өлімнен құтыла алмай, Сырдарияның жағасында есімін сан ғасырға жеткізген осы музыкалық аспапты жасап шығарған деседі. Зерттеушілердің айтуынша, 1960 жылдардың соңына қарай Қазақстанда халық орындаушылары Жақпас Қаламбаев пен Дәулет Мықтыбаев екеуі ғана қыл қобызда ойнай алатын болған. Кейіннен танымал композитор Еркеғали Рахмадиев Алматы консерваториясында қыл қобыз сыныбын ашуға шешім қабылдап, бұл аспапты ұмытылып кету қаупінен сақтап қалған көрінеді. Ал, ежелде аталмыш аспап жылқының жалынан немесе түйе сіңірінен жасалыпты. Соған орай қыл қобыз, нар қобыз деп те аталыпты.
       
  Дәл осындай сан ғасырлық тарихы бар қыл қобызды бүгінде шиелілік өнерпаз Ырысалды Қалымбетова кие тұтып жүр. Аталмыш өнер бәйгесінде бақ сынауға келген ол қасиетті аспапты 14 жасынан бері серік етіп келеді. Содан бері де 30 жылға жуық уақыт өтіпті.
         – Шиелі ауданындағы "Қорқыт-Қобыз" үйірмесінің жетекшісімін. Осы салада шәкірт тәрбиелеп, қобыздың қыр-сырын үйретуге күш салып келемін. Қолымдағы қобызды кезінде Нартай мұраларын насихаттаушы Құрманбек Бекпейісов деген жырау тарту еткен еді. Өте ескі аспаптың сан мың жылдық шежірені ішіне бүгіп жатқаны анық. Бір қызығы, қаншама уақыт өтсе де, қобыздың шебер адамның қолынан туғандығы байқалып тұр. Дыбыс шығару қуаты әлі күнге дейін сақталып қалған. Қылы жорға аттың жалынан жасалған. Өте берік. Десе де, музыкалық мүмкіндігін арттырып, реставрациядан өткізгім келген. Қолым бармады. Шынымды айтсам, жүрексіндім. Себебі, бұл тегін аспап емес. Тіпті, кезінде оны қарапайым адамдар ұстауға қорыққан. Әйтеуір, бір тылсым қасиеті бар екені туралы түсінік қалыптасқан, – дейді байқау қатысушысы.
                                                              Марапат биігі
         Түс ауа басталып, күн ұясына батқанға дейін қобыздың қоңыр үні күңіренген байқауда жеңімпаздарды анықтау әділ қазылар үшін оңайға түспегендігі байқалды. Бабаның жолын қуып, қобызды өздеріне серік еткен өнерпаздардың қай-қайсысы да марапат биігіне лайық. Десе де, қобызды фортепиано сүйемелдеуімен сазды күйлерді нақышына келтіре орындаған астаналық өнерпаз Шолпан Шарапатова бас жүлдені қанжығасына байлады. Ал, I орынға алматылық Аятолла Тұрғанов пен қызылордалық Айнуза Бегімсалова лайық деп танылды. Сондай-ақ, қобызбен жыр айтушылар арасынан суырылып шыққан жерлесіміз Марат Сүгірбайдың өнеріне жиналған жұртшылық ерекше қошеметін білдірді. Ал, сонау асқаралы Алатау бөктерінен ат арытып келіп, ІІ орынды иеленген белгілі қобызшы Қазбек Әдікей аталмыш шара алдағы уақытта дәстүрлі түрде өз жалғасын тапса екен деген тілегін жеткізді.
                                                                            Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
23 қазан 2018 ж. 1 920 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 428 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам