Жаздың жайы – қыстың қамы
Көзді ашып-жұмғанша қыркүйек айының бел ортасына таядық. Әне-міне дегенше қылышын сүйретіп қыс та жетеді. Өңірдің ауа-райы белгілі. Қыстан қысылмай шығудың қамын қазірден қамдау керек-ақ.
Жылдағы әдетпен бұл уақытта жылу беру маусымына дайындық қызу жүреді. Биыл «Нұрлы жер» және «Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» бағдарламасымен 4 млрд теңге көлеміндегі қаржы жылу магистралін жаңғыртуға бағытталған. Оған жылу қазандықтары мен ұзындығы 15 шақырым болатын магистралды, кварталішілік жылу жүйелері жаңартылған. Осылайша, мемлекеттік бағдарлама аясында өңірдегі жылу желілерінің басым бөлігі қайта жаңғырды.
Аталған бағдарлама аясында бірқатар әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтіп, көпқабатты тұрғын үйлер қайта жаңғыртудан өткізілуде. Кейбірінде жөндеу жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Ал жылу беру уақыты табан астында. Сондықтан маңызды шараға өз мерзімінде, еш кедергісіз жеткен тиісті сала басшыларына да, қарапайым халыққа да тиімді.
Жалпы жылу берудегі басымдық алдымен аудан, қала көлеміндегі әлеуметтік нысандарға негізделген. Қазіргі таңда, Белкөл кенті, Қазалы, Сырдария ауданындағы емдеу орындарына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Дайындық шарасы жаппай жылу беретін мезгілге дейін аяқталуы тиіс. Сондай-ақ, отын қоймасында қажетті өнімнің тапшылық тудырмауы, көмір бағасының негізсіз өспеуі тиісті сала басшыларына жүктелген міндет.
Жоспар бойынша 1 қазанға дейін отын қоры толықтай жасақталып, тұрғындардың 70 проценті жылумен қамтамасыз етілуі қажет. Бұл межеге дейін әлеуметтік нысандардағы жүріп жатқан жөндеу жұмыстары да аяқталып, алдағы маусымға сақадай сай болуы керек. Бұл – аймақ басшысы Г.Әбдіқалықованың тапсырмасы. Ал, жүктелген міндеттің жүзеге асу деңгейі алдағы жылу беру маусымында айқындалып, нәтижесі қыстың қыраулы күнінде белгілі болмақ.
Ақмешіт-ақпарат