Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Жылу жүйесіндегі жаңғырту

Жылу жүйесіндегі жаңғырту

Жаз басталысымен қыстың қамын жасау қалыпты жағдай. Жылда бұл уақытта қалада жарық пен жылудың, жолдың ақауы жөнделеді. Солай келесі жылға дайындық жүреді. Бүгінгі таңдағы ахуал белгілі. Ел-жұрт карантин режимінде, мекемелердің басым бөлігі қашықтан жұмыс жасауға көшкен.
Тек аталған саланың қызметі тоқтаған жоқ. Себебі де белгілі. Тұрғындардың басты қажеттілігін қамтамасыз ету керек. Қазір қала көшелеріне жөндеу жұмыстары жү­ріп жатыр. Жарық мәселесінде де бағаналар орнатылып, электр желілері жаңғыртылуда. Жылудың жайы да назардан тыс емес.
Бұған «Нұрлы жер», «Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» бағдарламасы өзек болмақ. Атап айт­қанда, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Ә.Бөкейхан көшесі және Яссауи мен Жеңіс көшесіне дейінгі аралықтағы магистралды жылу желісі қайта жаңғыртылады. Ал, жұмыспен қамтудың биылғы «Жол картасымен» қаланың ТК-28 аумағындағы №3, №15 жылу құбыры ауыстырылады. Бұл облыстық жұмыспен қамту орталығы мен облыстық сот ғимараты маңын қамтиды. Сондай-ақ орталық көше саналатын Әйтеке би, Қазыбек би, А.Тоқмағамбетов көшесіндегі және Шұғыла мөлтек ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің квартал­аралық жылу құбырлары қайта жаң­ғыртылуда. Аталмыш мөлтек ау­дандағы бірқатар көпқабатты тұрғын үйдің жылу құбырының қосалқы құрылғыларын, арматурасын ауыс­тыру бекіту жоспарланған.
Бұл бағыттағы шаралар Белкөл кентінде де жалғасын табуда. Ондағы №1, 11, 12, 12А және №189 көп қабатты тұрғын үйді жылумен қамтитын кварталаралық жылу құбыры күрделі жөндеуді қажет етеді. Биыл осы мәселе қолға алынып, бағдарлама ая­сында қалыпқа келеді. Сондықтан алдағы жылу маусымына белкөлдіктер алаңдамаса болады.
Мамандардың айтуынша, осы кез­ге дейін жылу құбырлары 20 жыл­дан аса уақыт жөндеу көрмеген, ескірген. Сапасы да сын көтермейді. Сондықтан қытымыр қысқа төтеп беруі де неғайбыл. Ал, бұл жолы жылу желілері жаңа технология негізінде жасалған құбырлармен жабдықталады. Мамандар оған 25 жылға кепілдік беріп отыр. Бастысы қақаған қыстан ақаусыз, аман шығуға мүмкіндігі зор дейді. Биыл қаладағы жылу желісінің 70 проценті жаңартылады.
Ал, жүзеге асырылып жатқан шаралар қала әкімінің бақылауында. Қашанда сапаға баса мән беретін шаһар басшысы бұл істің де сапалы орындалуын жіті қадағалауда.
Айта кетейік, «Жұмыспен қамту­дың Жол картасы – 2020» бағдар­ламасымен тек қаланың инфра­құ­рылымының дамуына емес, жұ­­мыссыз азаматтардың да екі қолға бір күрек табуына үлкен көмек. Бүгінде бір ғана жылу жүйесін жаң­ғырту шараларына 80-ге жуық азамат тартылған.

Айдана СЕЙІЛ
31 шілде 2020 ж. 559 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам