Жеті қағидатқа негізделген жаңа экономикалық бағдар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында әлемнің жаңа болмыс-бітімі қалыптасып жатқан шақта реформаларға тың серпін беруіміз керектігін атап өтеді. Алдағы мақсат-міндеттерді айқындаған саяси құжатта: «Бұл бағытта Ұлт жоспарын және Бес институционалдық реформаны негізгі бағдар етіп ұстануымыз қажет. Біз азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндеттіміз» деп көрсетілген.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында жасалған Жолдауда алдағы уақытта негізге алатын іс-қимыл жоспары айқындалған. Ел Президенті мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, жаңа заман талаптарына сай экономикалық даму, өнеркәсіп әлеуетін күшейту, ауыл шаруашылығы саласын, көлік-логистика кешенін шағын және орта бизнесті, қаржы секторын, өңірлік даму және халықтың әлеуметтік жағдайын арттыру секілді бірқатар бастама көтерді. Сонымен қатар еліміздің жаңа экономикалық бағдары басты жеті қағидатқа негізделуі керек екенін айтып өтті. Осы ретте Қазақстан Президенті тілге тиек еткен жеті қағидатқа тоқталғанды жөн көрдік.
Мемлекет басшысы жаңа экономикалық бағдар еткен жеті қағидат игіліктер мен міндеттердің әділ бөлінісі, жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі, әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарық ашу, өнімділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығын және технологиялық сипатын арттыру, адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту, «Жасыл» экономиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау, мемлекет тарапынан дәйекті шешімдер қабылдау және сол үшін қоғам алдында жауапты болу сынды бағыттарды қамтиды.
Әрине, қазіргі таңда ел экономикасын өркендету ісі – кезек күттірмейтін мәселе. Ел экономикасының қозғаушы күші шағын және орта бизнес екені жасырын емес. Өз ісін ашып, кәсіпкерлікке келген адам бизнесін дамытсам, ары қарай кеңейтсем деп ойлайды. Мемлекет те кәсіпкерлердің бұл ойын құп көріп, оларға барынша қолдау көрсетуде. Соңғы жылдары елімізде шағын және орта бизнес қанат жайып, кәсіпкерлердің қатары көбеюде. Бір Қызылорданың өзінде осы жылдың тамызына дейінгі мәлімет бойынша 25681 шағын және орта кәсіпкерлік субьектісі бар екен. Қала әкімдігінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері 1244 кәсіпкерлік субьектісі тіркеліп, 1278 жұмыс орны ашылған. Келтірілген деректер кәсіпкерлікті дамытудың санқырлы пайдасы бар екенін көрсетіп отыр. Кәсіпкер өзін-өзі асырап қана қоймайды, сонымен қатар бірнеше жанды жұмыспен қамтиды. Бұл тұрғыдан алғанда кәсіпкерлерге қолдау білдіру арқылы жұмыссыздық мәселесін шешуге де болады. Бір жағынан кәсіпкерлікті дамыту шағын бизнеске қадам басқан жаңа азаматтар қатарын арттыру мүмкіндігі туады. Қазақстан секілді дамушы мемлекет үшін бұл толағай табыстарға бастар жол десек, артық айтқандық болмас. Бұл ретте Қазақстан Президентінің жеке кәсіпкерліктің жетекші рөліне назар аударуы шағын және орта бизнеске қарқынды қолдаудың жалғасатынын білдіреді.
Өз кезегінде әділ бәсекелестік жаңа нарыққа жол ашатыны тағы бар. Тек сол бәсекелестік ортаға бейім, өркендетуге лайық кәсіп ашу керек. Бізде бір адам асхана ашса, соның жасаған бизнесін тағы он-он бес азамат қайталап жатады. Шаштараз, сән салоны, дүкен ашқандардың қатары қалың. Тіпті тойхана ашып, кәсібін дөңгелеткісі келгендердің де саны басым екенін біз жақсы білеміз. Оған дәлелді алыстан іздеудің қажеті жоқ. Қаланы бір аралап шықсаңыз, бұған көзіңіз әбден қанығады. Сол себепті де жұрт қолға алмаған не болмаса елімізде енді-енді төбе көрсете бастаған инновациялық жобаларды іздеген жөн. Ол үшін аймақ әлеуетін, табиғи қорын зерделеу керек. Қызылорда соңғы жылдары аграрлық өңірден индустриялық аймаққа айналды деп жатамыз. Оған ондаған дәлел келтіруге болады. Бірақ біз қарапайым дүниелерге көңіл бөле бермейміз. Қазір сабаннан тақтай жасап жатқан кезеңде қамысты өртеп әлекпіз. Қамыстың өзін экспортқа шығарып жатқанымыз биыл ғана шығар, әйтпесе осы кезге дейін егістік жер үшін сабанын да, қамысын да пайдаланғанын пайдаланып, кәдеге асырмағанын өртеп келдік. Бізге неге тым болмағанда қамыс пен сабаннан қағаз шығармасқа?! Тақтай не болмаса басқа да өнім түрлерін айтпай-ақ қояйық. Малдың терісі мен жүні ешкімге керек болмай қалды. Мал терісі қоқыстың арасында жатады. Аймаққа сай келетін бизнестің басқа қырларын мамандар айта жатар, бірақ табиғаттың өзі берген байлықты ысырапсыз пайдалансақ, жаңа нарық көздері өзінен-өзі ашылмай ма. Экономикалық ахуал да, технологиялық сипат та артады.
Аймақта егін және мал шаруашылығымен айналысатындардың саны артып келеді. Экономикасының бір бөлігі аграрлық секторға байланған өңірдің тұрғындары үшін бұл да құптарлық іс. Алайда мал терісі мен жүнін де кәдеге асырсақ, жеңіл өнеркәсіп, соның ішінде тоқыма ісін қолға алуға мүмкіндік туар еді.
Қызылордада қолға алынған жобалар аз емес, бірақ өнеркәсіптік бағытқа қарай бет түзеу де керек екенін ұмытпаған абзал.
Жаңа экономикалық бағдарда білім саласына инвестиция тарту, «Жасыл» экономиканы дамыту сынды мәселелер айтылған. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды Қызылорда халқы жақсы біледі. Оның үстіне ауқымды тақырып болған соң алдағы күндердің еншісіне қалдырып отырмыз.
Ал кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар толассыз жүре берері белгілі. Ол – бүгінгідей нарық заманының заңдылығы.
Ә.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ