Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » АЙНАЛАЙЫН, АТАМЕКЕН – АҚ МЕКЕН...

АЙНАЛАЙЫН, АТАМЕКЕН – АҚ МЕКЕН...

   Қызылордада «Туған жерге тағзым» форумы өтті.
Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты. Ауқымды шара ел Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында ұйымдастырылды. Аймақта өңірдің ерекше қарқынмен дамуына үлес қосып, білім-білік, ерен еңбегімен көзге түсіп жүрген азаматтар баршылық. Форум аясында осындай жандардың бірқатарымен етене танысудың сәті түсті. Бұл шараға келген қонақтар Сырдағы серпінді істерге куә болып, бірнеше индустриалды-инновациялық жобалардың іске қосылуын телекөпір арқылы тамашалады. Ең алдымен, қаладағы шыны пластикалық құбыр өндірісімен айналысатын «НефтьПромСнаб» ЖШС директоры Қ.Қуанышбаев байланысқа шығып, өз кәсібінің басты жетістіктерін баяндады. Ал, серіктестік биылдан бастап өз қызметін өндірістік салаға бағыттаған. Аталмыш жоба «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде облыстық кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» қорынан қолдау тапқан. Іске қосылғалы отырған кәсіпорын жылына 120-130 мың метр құбыр шығаруға қауқарлы. Нәтижесінде 20-дан астам адам тұрақты жұмыс көзімен қамтылмақ. Дәл осындай индустриалды даму қарқыны Арал мен Жаңақорған аудандарынан да байқалады. Мәселен, «Арал құрылысы» ЖШС асфальт бетон зауыты көршілес Қазалы ауданы, Байқоңыр қаласы, Ақтөбе облысы нарығына өз өнімдерін шығаруды мақсат етіп отыр.– Ауыл шаруашылығы саласының біздің аймағымыз үшін орны ерекше. Облыс халқының 60 пайыздан астамы ауылдық жерде тұрады, 264 елді мекеннің 43-ін тірек елді мекен ретінде арнайы бағдарлама аясында дамытуды жолға қойдық. Ауылдардың әлеуметтік, инфрақұрылымдық мәселелерін, кәсіпкерлікті дамытуда көптеген іс-шаралар атқарылуда. Қазір кәсіпкерлер мемлекет қолдауымен көптеген жобаларды іске асыра бастады. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешетін, экспорттық потенциалы нығайған кәсіпорындар пайда болды, – деді аймақ басшысы өз сөзінде.Сондай-ақ, телекөпір тікелей байланысына Шиелі құс фермасы да шығып, кәсіпорынның қарқынды тыныс-тіршілігі көгілдір экран арқылы таныстырылды. Аймақтағы осындай бірқатар жобалар іске қосылғаннан кейін өңір дамуына қосқан үлестері үшін бірқатар туған жер түлектеріне «Сыр жанашыры» марапаты табысталды. Олардың арасында әйгілі зілтемірші Илья Ильин мен кардиохирург, Қазақстанның Еңбек Ері Юрий Пя, А.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми-зерттеу орталығының басқарма төрағасы Болатбек Баймаханов, «Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі Бақберген Досманбетовпен қатар өзге де азаматтар бар. Экономиканың әр саласында жемісті еңбек етіп жүрген барлығы 19 адам марапат биігінен көрінді. – Мемлекет басшысы ұлттық құндылықтарға негізделген Рухани жаңғыруды алдымызға қойды. Рухани жаңғырудың бір тарауы «Туған жерге тағзым» болса, бұл біздің өңірде 2014 жылдан бері жүзеге асып келеді. Жүрегі елім деп соққан әр азамат «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосуы керек деп білемін. Сыр өңірінде бұл шара бастау алған күннен бастап 400-ге жуық жоба жүзеге асырылып, 6 млрд. 228 млн. теңге қаржы бөлінді. Бұл – елін сүйген, жерін қастерлеген азаматтардың атамекен дамуына қосқан үлесі, – деді облыс әкімі.Сондай-ақ, есімі әлемге әйгілі математик ғалым, академик Асқар Жұмаділдаев сөз сөйлеп, еліміздің білім сапасы деңгейін сараптады. Облыстық мәслихат сессиясында ғалымға Қызылорданың Құрметті азаматы атағын беру туралы шешім қабылданды. – Мен М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде 70-ші жылдары оқыдым. Ол кезде онда екі-ақ қазақ болатынбыз. Ал, бүгінде сырбойылық түлектердің осы оқу ордасында білім алуына жағдай жасалған. Жыл сайын Мәскеу мемлекеттік университеті Қызылорда облысының студенттері үшін магистратурада білімдерін жетілдіруге 20 грант бөлетін болды. Бұл – үлкен жетістік! Төрт жыл бұрын ҰБТ қорытындысы бойынша облыс республикада ең соңғы орында еді. Биыл мектеп бітірген түлектердің 97 пайызы орта арнаулы және жоғары оқу орындарына оқуға түскен. Бұл да жүйелі жұмыстың нәтижесі деп санаймын, – деді академик.Ал, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, суретші А.Дүзелханов қызылордалық жастардың бұл жөнінен дарыны ерекше екенін тілге тиек етіп өтсе, белгілі жырау А.Алматов туған өлкедегі дәстүрлі өнерге деген құрмет пен қолдаудың жоғары екенін жеткізді.
– Дәстүр – өнердің талбесігі. Ал, жырау – тариxтың тірі жәдігері. Осы орайда 1998 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне «Дәстүрлі өнер жыр» мамандығын енгізу туралы бұйрыққа қол қойған сол кездегі білім министрі Қырымбек Көшербаев екенін айтқым келеді. Бұл бастама жалғасын тауып, қазір мұнда дәстүрлі өнерді жалғастырушы талай жас талант тәрбиеленіп жатыр, – деп бастаған ол туған жер десе, бүйрегінің бұрып тұратынын да жасырмады. – Сыр елі – қасиет қонған, құт дарыған киелі өлке. Оның экономикалық әлеуетін, бүкіл байлығын халықтың ортақ қуанышына пайдалануда, аймақтың даму қарқынын жоғарылатуда ел ағаларының қосып жүрген үлесі қомақты. Өзіміз де сыртта жүргенмен ел жаққа елеңдеп, жақсылығына қуанып, бәрекелді десіп отырмыз. Туған жердің қамы үшін қолдан келгенше көмектесу – қай-қайсымыздың да азаматтық парызымыз. Жыраулық өнердің түп қазығы, алтын көмбесі, алып тайқазаны саналатын Сыр өңірінде талай марғасқа жырау, тума талант дүниеге келген. Бізге сол кісілердің ізін жалғаушы ретінде осынау өнерді өлтірмей, ұрпаққа аманаттау міндеті жүктелген, – деді. Форум соңын қазақ эстрадасының белгілі өнерпаздары Жеңіс Ысқақова, Төреғали Төреәлі мен «Тұран» триосы концерттік бағдарламасымен қорытындылады.

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.

20 желтоқсан 2017 ж. 1 366 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам