ПЛАСТИКАЛЫҚ ҚҰБЫР ӨНДІРУ ЗАУЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Қызылорда қаласында «НефтьПромСнаб» ЖШС-гінің шыны пластикалық құбыр өндіру зауыты іске қосылды.
Зауыт «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста өткізілген «Туған жерге тағзым» атты телекөпір барысында ашылды.
«НефтьПромСнаб» ЖШС облыс көлемінде 2013 жылдан бастап жұмыс жасап, мұнай компанияларын алыс және жақын шетелдерден жеткізілген шыны пластикалық құбырлармен қамтамасыз етіп келеді. Серіктестік биылғы жылы өз қызметін өндіріс саласына бағыттап, мұнай саласына арналған жоғары қысымды шыныпластикалық құбырларды өндіруді қолға алды.
«Бұл жобаны іске асыру үшін мемлекеттік қолдау шарасы ретінде «Бизнестың жол картасы - 2020» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несиеге қол жеткіздік. Зауытымызды іске қосу барысында Кәсіпкерлер палатасы ерекше қолдау көрсетті. Бизнес-жоспарымызды әзірлеп, банктен қаражат алу барысында да сүйемелдеуде көмектесті. Өндірістік процесс соңғы үлгідегі автоматты құрылғымен жабдықталған, өндірілетін өнімдер отандық және халықаралық стандарт талаптарына толықтай сәйкес. Кәсіпорынның жылына 120-130 мың метр құбыр шығаруға қуаты бар. Кәсіпорында 20-дан астам жаңа жұмыс орны ашылатын болады», - дейді Серіктестік директоры Қазбек Қуанышбаев.
Шыныпластикалық құбырлардың бірқатар артықшылықтары бар: кемінде 50 жыл қолданылады, бағасы басқа материалдардан жасалған құбырларға қарағанда 30-50% төмен. Мұнан өзге, шыны пластикалық құбырлар коррозияға төзімді, электрохимиялық коррозиядан қорғаудың қажеттілігі жоқ, монтаж жұмыстарын жыл бойы жүргізе беруге болады.