Дәрігерге құрмет
Қала күні аясында облыстық көпбейінді аурухана алдына салынған «Дәрігерлер аллеясының» ашылуына облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және сала қызметкерлері қатысты.
Шаһар шырайын шалқытып тұрған аққу бейнесіндегі су бұрқақ орталыққа өзгеше өң беріп тұр. Қала әкімінің ұсынысымен «Дәрігерлер аллеясы» аталған нысан заманауи келбетке сай жаңғырып, халықтың көз қуанышын еселеуде.
Шарада облыстық көпбейінді аурухананың бөлімше кардиологы, жас маман Ғалымжан Қоразов пен инсульт орталығының бөлімше меңгерушісі Ғалия Әбеноваға пәтер кілті табысталды. Бүгін мұнда ығы-жығы көпшілік жоқ. Санитарлық талаптар сақталып, арнайы қонақтар ғана қатыстырылған. Аллея алды күмбірлеген күй, шырқалған әсем ән. Көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.
Аймақ басшысы дәрігерлермен емен-жарқын әңгімелесіп, жұртына жанашыр, жұмысына адал жандарға мемлекет тарапынан қашанда қолдау болатынын жеткізді. Өз кезегінде аурухана ұжымы өз ризашылықтарын жеткізіп, алғыстарын айтты.
Сәулеті мен сәні келіскен аллеяның жұмысы жоғары деңгейде бағаланды. Қала тұрғындарының денсаулығын жақсарту ісіне өзіндік үлес қосып, емдеу ісіндегі соңғы технологияларды меңгеру арқылы мұнда тәжірибелі мамандар еңбек етуде.
– Биыл еліміз үшін ерекше жыл болып тұр. Дүниежүзін дендеген дерт Сыр халқына да салқындығын танытты. Осы ретте дәрігерлер қауымының еңбегін бағалап жатқан аймақ, қала басшылығына зор алғысымызды айтамыз. Бұл – біздің борышымыз. Бүгін пәтер кілтін алып жатырмын. Өте қуаныштымын. Мерейлі еліміздің мәртебесі таси берсін. Болашақта бұл алллеяда тек дәрігерлер емес, қала тұрғындары да демалатын болады. Бұл Сыр елінің медицинасына көрсетілген құрмет деп танимыз, – дейді сала қызметкері Ғалымжан Қоразов.
Иә, дәрігер болу үлкен жүректілікті қажет етеді. Сыр медицинасы бүгінде жаңа белеске көтеріліп отыр. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық пен көрсетіліп жатқан қолдаулар жалғаса бермек. Қала күні аясында ашылған аллея осының бір айғағы.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ