Азық қоры мен баға тұрақтылығы әкім назарында
Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова облыс орталығындағы бірқатар сауда орындарын аралап, ондағы санитарлық талап пен баға тұрақтылығын бақылауға алды.
Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге аталған мәселе төңірегінде ірі сауда орындарын аралаған облыс әкімі Гүлшара Наушақызы алдымен «Анвар» сауда үйіне бас сұқты. Көпшілік көңілінен шығатын бұл жерде 8 мыңға жуық өнім түрі бар және әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік түрі арзан бағада сатылады. Шағын сауда үйінде халыққа барынша жағдай жасалған, 5 касса қызмет көрсетеді. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы 1 касса белгіленген.
Келесі бағытта облыс әкімі «Қызылорда оптомаркет» сауда желісінің жұмысымен танысты. Ондағы азық-түлік қорын, қажетті өнімнің жеткілікті мөлшерде болуын пысықтады. Ашылғанына көп уақыт болмаса да кең өріс алған сауда орнында 10 мың тауар түрі сатылады. Бүгінде мұнда жүзден аса азамат жұмыспен қамтылған. Ал қаладағы ірі сауда үйі саналатын «Small» желісі қаланың 5 аумағында орналасқан. Он бес мың тауар түрі табылатын сауда орнында 100 қызметкер халыққа қызмет көрсетеді.
Өз кезегінде қаладағы сауда орындарының тірлігін бағамдаған облыс басшысы Гүлшара Әбдіқалықова ондағы халық көп тұтынатын өнімдердің баға тұрақтылығын, санитарлық тазалығын, қауіпсіздіктің сақталуын, сондай-ақ, азық-түлік өнімінің қорын негізге алды. Осы орайда, қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы мен тиісті сала басшыларына аталған мәселеде кемшілік болмауын қатаң тапсырды. Әсіресе, халық көп шоғырланатын сауда орындарында санитарлық, бетперде кию талабының сақталуын, сонымен бірге, азық-түлік бағасы тұрақтылығын қадағалауды міндеттеді.
А.САЙДУЛЛА