Ағайынды жамандап, туғанды қайдан табармын?
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі» деп атап өтеді.
Сыр бойынан сөзі келер ұрпаққа мирас боларлық жандар көптеп шыққан. Соның бірі – Досбол Қорлыбайұлы. Бұл кісі ақыл-парасаты мен даналығының арқасында небәрі 30-ға толар-толмас шағында би атанып, датқа болған. Досбол бабамыздың ғұмырнамасын зерделеп қарасақ, ертеңгі ұрпаққа рухани қазына боларлық мұраларды кездестіруге болады. Оның Қошарбай батырмен, Бала би, Көкшолақ би, Арқадағы Нұржанмен сөз таластырып, тапқырлығымен дараланғаны әмбеге аян. Мұның барлығына бірдей тоқталмасақ та Нұржан шешенмен кездесуде болған жайды оқырманға ұсынғанды абзал көрдік.
Нұржан деген кісі сөзге шешен, тапқырлығымен бірге саудагерлікпен аты шыққан дəулетті адам екен. Сол Нұржан Досболдың дабысын естіп, «жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ болушы ма еді, адамына кездеспей жүр де, егер сол кісімен кездессем сөзден тосар едім-ау» дейтін көрінеді. Бірақ, өзі іздеп баруға жер шалғай, сан-сапалақ шаруадан қолы тимейді. Оның бұл сөзінен Досбол да құлақтанады. Ол да Нұржанды бір көруге құмартады. Содан бірде қасына төрт-бес адам ертіп, Нұржанды өзі іздеп жолға шығады. Ел арасында сөз жатқан ба? «Досбол Нұржанды іздеп келе жатыр екен» деген хабар Нұржанға Досболдан бұрын жетеді. – Қап, кəрі түлкі бір ұпай алып кетті-ау, – дейді мұны естіген ол. – Мейлі, енді келсе, келсін. Кімге бақ, кімге дақ боларын көріп алдық, – деп іштей түлеп Досболды күтіп алуға жан-жақты дайындығын жасай береді. Бірақ, Досбол бір ауылдан бір ауылға қонақ болып, Нұржанның ауылына соқпай, оны төңіректеп жүріп алады. Сөйтіп жүргенде Шалқарда жəрмеңкенің ашылатын уақыты болып қалып, Нұржан шұғыл сонда аттанып кетеді. Адамдарына Досбол өзі жоқта келсе, жібермей күтуді тапсырады. Досболдың күткені де осы болса керек, Нұржанның Шалқарға кеткенін ести сала, адамдарын ертіп соның ауылына барады. Ауыл адамдары үй тігіп, қол қусырып күтіп алады. Алайда, Досбол аттан түспейді. «Би бала қайда?» деп сұрайды. Ауыл адамдары Нұржанның қалаға кеткенін айтады. – Е, мен оны даланың баласы, ауылының панасы деп іздеп жүрсем, оның дүниеге көңілі ауған, сауда қуып, тиын сауған бала екен ғой. Қой, онда оны сол қаласына-ақ барып көрелік, – деп Досбол жүріп кетеді.
Қос атпен жедел аттанған шапқыншы бұл хабарды сол күні Шалқардағы Нұржанға жеткізеді. – Қап, мынау қу шал тағы да алдымды орап кетті-ау. Қой, енді болмас, оны қалаға кіргізбей, сол даласында-ақ қарсы алайық, – деп алдынан шығады. Екі топ айдалада кездеседі. Нұржан өз тобынан озып, аттан түсіп, «Армысыз, датқа аға» деп сəлем береді. «Бар бол, би інім» деп Досбол да өз тарапынан оның кішілік сəлемін зор ілтипат білдіре қабыл алады. – Уа, би інім, жүрісің суыт көрінеді, қайдан келесің? – деп сұрайды Досбол амандықтан соң. – Қаладан келемін. – Е, қалада не қымбат екен? – Қыл-қыбыр, жүн қымбат екен. – Не арзан екен? – Тері-терсек, шанаш арзан екен. Көрінген бұрышта ит тартып, жұлымдап жатыр. Нұржанның жауабынан кейін Досбол сөзден тосылғандай, күбіжіктеп қалады. Сол кезде Нұржан атына қарғып мініп алады да, жүре беріп, қайта тоқтайды. Сонан соң Досболдан «Басыңдағы не?» деп сұрайды. Досболдың басында қарсақтың терісінен тігілген сопбөрік (төбесі шошақ етіп тігілген бөрік) екен. Досбол: – Қарсақ, – дейді. Нұржан: – Бізге де тігіп бермес пе екен. Ауылыңа ере барсақ, – дейді. Сонда Досбол: – Ауылға барып, қи жейсің бе, саған осы да жетеді, ортасынан жарсақ, – дейді. Сол кезде Нұржан атынан қайта түсіп, ұмтылып келіп, Досболдың қолын алады. – Кешіріңіз, датқа аға, ініңіздің бір еркелігін. Ат-шапан айыбым дайын. Ауылға жүріп, қадірлі қонағым болып кетіңіз, – дейді. Досбол Нұржанның ауылында бірер күн болып, сый-құрметін көріп, елге аттанады. Жолай, бір дем алған жерде жанындағы серіктері Досболдан: «Ау, бұл не жұмбақ? Біз қасыңда жүріп, түгіне түсінген жоқпыз. Не болғанын өзің түсіндірмесең, əнеукүнгіден бері біле алмай, біздің діңкеміз құрып келеді» – деп сұрайды. – Мұның еш жұмбағы жоқ, – дейді сонда Досбол серіктеріне. – Нұржанның менімен кездессем, сөзден тосар едім дегенін өздерің білесіңдер. Осыны естігенде менің де өзіне-өзі сенген азаматты көріп, бір тілдескім келді. Ақыры шыдай алмадым, сендерді ертіп, атқа қондым. Бірақ, оның ауылына бірден бармай, маңайындағы ағайындарды аралап жүріп алдым. Ондағым Нұржанға «жолың да кіші, жасың да кіші баласың, ата салтын тұтып сəлем беруге жарамадың. Жөн-жобаны білмейсің. Алыста жатып, босқа мені күндейсің. Айтыспа, абыройың төгіледі. Менің шеніме де келмейсің» дегенім еді. Нұржан оны түсінді. Бірақ, жығылғанын мойындамай, жарбаңдап алдымнан шығуға арланды. Ақырын күтті. Мен де асықпадым. Саудагердің көкейін қашаннан тиын тескен, жəрмеңкенің ашылуын күттім. Ауылдан аттанғанда-ақ осыны ескерген едім. Ақыры ойлағаным болды. Жылына бір түсер табыстан айрылып қалуға шыдамай, ол жығылар жерін біле тұрып, аттанып кетті. Мен онымен далада кездесіп, «қайдан келесің?» деп сұрағанда, оған ауылында айтқан сөзімнің сол қалпында жеткенін біліп, «соған айтар қандай уəжің бар?» дегенім еді. Ол бұлтарыссыз жеңілгенін мойындап, қаладан деді. Мен: «не қымбат екен?» дедім. Ондағым: «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген даланың дархан баласы едік, беттің арын белге түйіп, біреуді алдап, біреуді арбап, саудагерлікке көшкен екенсің. Ақыры не болар, қымбаттыңнан айырылып, қара басып жүрмесін» дегенім болатын. Ол тура жауаптан жалтарып, қыл-қыбыр, жүн қымбат деп, менің көселігімді бетіме басты. Мен «не арзан екен?» дедім. Ондағым ол менің кемшілігім емес, жаратылыстың жаратуы. Одан басқа не кемшілігімді таптың дегенім еді. Ол «тері-терсек, шанаш арзан екен» деді. Ондағысы: «Тұлдырың жоқ кедейсің. Күні кеше еліңнің азаматтары итше талап сыйдырмай қуып жіберді. Шанаш құрлы құның жоқ. Сөйтіп жүріп мені сынап қайтесің?» – дегені еді. Мен ақиқаттан аттай алмай үнсіз қалдым. Хан алдына барғанда, хан таппады мінімді, би алдына барғанда, би таппады мінімді. Өз ауылыма келгенде, итке берсін күнімді, – деп Досбол үндемей қалады. Бұл оның Қоқан хандығына қарсы шығып, бірақ, өз туыстарынан қолдау таба алмай, өзіне қараған алпыс үйлі көзейін ертіп, Сыр бойынан сытылып Торғайдағы қалың қыпшақты сағалап жүрген кезі екен. Қам көңіл Досболды серіктерінің бірі жұбатарлық сөз айтып, сергіте алмайды. Ақыры біраз үнсіздіктен кейін: – Арғымақты жамандап, буданды қайдан табармын. Ағайынды жамандап, туғанды қайдан табармын. Бəрі тағдырдың жазуынан шығар, – деп Досбол ауыр бір күрсінеді де, сөзін қайыра сабақтайды. – Нұржан менің тосылғанымды көрген соң, «шалым, солай жайыңды біл» деп атына мініп жүріп кетті. Бірақ, жастық па, пендешілік пе, мені бір сүріндіргенін місе тұтпай, басымдағы бөркімді сұрайды. Ондағысы, «қалай, есеңгіреп есіңнен танып қалған жоқсың ба, ауылыңды өзің таба аласың ба, əлде мен ертіп апарайын ба?» деген əжуасы еді. Мен «Босқа сандалып қайтесің. Сендейлердің талайын көргенмін. Жыланның үш кессе де, кесірткелік қауқары бар деген. Менің əлі де болса да бір сендігім бар» – дедім. Ал, ол менің мұнымды мойындаған болуы керек, атынан түсіп, кешірім сұрады ғой, – деген екен.
Дайындаған Ж.ҚУАНЫШБАЙ