Пробация: Жастармен жұмыс жүйелі
Маңызды мәселе күн тәртібінен түскен емес. Қазір облыстық «Жастар ресурстық орталығында» «ерекше жастармен» жұмыс жүргізу, олардың қажеттіліктерін анықтап, мүделлерін ескеру мақсатында, арнайы ынтымақтастық меморандумы аясында жұмысшы топ құрылған. Оның құрамында облыстағы ҚАЖ департаментінің мамандары, қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерді тіркеу бөлімінің қызметкерлері, психолог және қоғамдық бақылауға басты негіз беріп жүрген ҮЕҰ мүшесі бар.
Жұмысшы топ пробация есебіндегі 14-28 жас аралығындағы жастардың хал-ахуалын зерделеу мақсатында адрестік жұмыстарды бастады. Мәліметке сүйенсек, бүгінде облыс бойынша пробация есебінде тұрған 345 жас бар, оның 128-і -қалада. Қазір осы аймақтарға бөлініс жасалып, әлеуметтік карта әзірлеу және жеке деректерді өңдеу жұмыстарына күш салынуда.
Алдағы уақытта бұл топтағы жастарды қоғамдық өмірге белсенді араластыру жоспарда. Кәсіп игеріп, нәсіп тауып, өмірде өз орнын қалыптастыруына да жағдай жасалады. Бұған дейін де жастар визажистер курсы секілді түрлі шеберлік сабақтарында шыңдалды. Бейресми кездесулерде пікірі тыңдалып, әлеуметтік зерделеуге мүмкіндік кеңейді.
Енді осы тәжірибелерді ескеру арқылы жаңа методика көмегімен жаңаша бағыттағы жұмыстар қарқын алатын болады. Аудандарда да бастама жалғасады.