Әбігер әлем
«Ақмешіт апталығы» газеті «Әбігер әлем» атты жаңа айдар ашып, дүние дидарындағы өзекті мәселелерді ағылшын тілді ақпарат кеңістігінен тікелей аударуды қолға алды. Жаңа айдардың тұсаукесерінде апта бойы ғаламдық басылым мен арналардың назарында болған оқиғаларға шолу жасалып, оқырманға әлем үнін жеткізіп отырмыз.
«The New York Times»
Қосалыптың текетіресі
АҚШ азаматтарына соңғы онжылдықта билік өкілдерінің пікір сайысы аса бір қызығушылық тудырмайтын. Алайда Демократиялық партия мүшесі Камала Харрис пен вице-президент Майк Пенс арасындағы пікір қақтығысы апта бойы ғаламдық ақпарат көздерінде қызу талқыға айналды. «The New York Times» газетінің тілшілері Джонатан Мартин мен Александр Бернс дебат туралы: «Пікір сайыс арқауы – вирус мәселесі» атты біріккен сараптамалық мақала жариялады.
Авторлар кездесу барысын: «Пікірсайыс сыпайы басталғанымен, сөз орайы Қытай саясаты, денсаулық сақтау, жаңа жұмыс орнын ашу мәселесіне ойысқан сәтте қос тарап қатаң мәлімдемелер жасады. Камала Харрис Ақ үйдің пандемия кезіндегі жұмысының «осалдығын» сынады. Тіпті президент әкімшілігі тарихындағы ең сәтсіз қадам деп бағалап, Дональд Трамптың қайта сайлауға түсуге құқығы жоқ екенін мәлімдеді» деп жазды. Бірнеше сағатқа созылған дебаттағы маңызды жайларды да ресми сайттарға «суытпай» жариялап отырды.
Ықпалды басылым мұнымен шектелмеді. Пікірсайыс аяқталған соң газет ұжымы ең тиімді әрі маңызды кәсіби қадамға барып, жиында айтылған мәліметтер мен сандық көрсеткіштің ақ-қарасын анықтауға көшті. Яғни ол – Factcheck. Қазіргі «Батыс журналистикасына» әлемдік ақпарат тізгінін ұстатқан және біздің отандық БАҚ кеңістігінде кенже қалған медиа-тетік өте ұтымды және сауатты қолданылды. Топтық ізденіс нәтижесінде «Жалған», «Орынсыз», «Асыра айтылған», «Шындық» деген айдармен журналист зерттеулері жарияланып, ресми ақпараттарды тексерді. Бұл осы аптадағы «The New York Times» газетінің ең маңызды әрі көңіл аударарлық еңбегі еді.
«The Washington Post»
Көрші халі
Қырғызстандағы саяси ахуал әлем назарын аударуда. «The Washington Post» газетінің меншікті тілшісі Изабель Хуршудян басылымға бірнеше мәрте саяси төңкеріс туралы ақпараттық мақала жариялап, оқыс пікір де білдіріп үлгерді. Соның бірі – автордың «Ушыққан саяси дағдарыстың баяны» атты мақаласы.
Алдымен «The Washington Post» газеті тілшісінің оқиға төңірегіндегі ақпаратымен бөлісейік:
«Парламент сайлауынан кейін шыққан дау сайлау қорытындысын жоққа шығарды. Жүйе мен сайлау шешіміне қарсы топ елдегі маңызды саяси нысандарды басып алды. Оппозициялық топтың мәлімдемесіне сәйкес, олар президент кеңсесін басып алған соң билікке келеді. Ақ үй аталатын саяси нысандағы құжаттар мен жиһаздар көшеге шығарылып, ішке тексеріс жүргізілген. Ал 2017 жылдан бері билікте отырған С.Жээнбеков қарулы күшке оқ атпауға бұйрық берген. Дүйсенбідегі оқиға салдарынан бір адам қаза болып, 600 азамат жарақат алған».
Тілші Қырғызстан Республикасы Мәскеу мен Бейжің (Пекин) тарапынан қысым көріп отыр деген тұжырым жасады. Изабель Хуршудянның көзқарасы бойынша, Қырғызстанда Ресей әскери базасының орналасуы, Қытайға берешек қарыз бен экспорт-импорт тәуелділігі локалды жүйенің жағдайды өз қолына алуын қиындатпақ.
«The Times»
Сәтсіз вакцина
Әлемдік ірі басылым «The Times» газеті коронавирус вакцинасы және індеттің адамзаттың өмір сүру моделіне әсері туралы көлемді мақала әзірледі. Авторы – ғылыми қызметкер Рис Блейкли.
Оның «Оксфорд вакцинасына соққы: АҚШ-тағы сынақ қанша уақыт кідіреді» атты еңбегі журналистік зерттеуге де, ғылыми сараптамаға да жақын туынды деп санауға болады. Автор мақалада ауқымды оксфордтық вакцинаны сынау мерзімі белгіленген межеден кешігуі мүмкін екеніне алаңдаушылқ білдіреді. Себебі аталған вакцинаның жанама әсері болу ықтималдығы қадағалау орган тарапынан уақытша шектеу қоюға итермелеген. Рис Блейкли аталған келеңсіздік туралы былай дейді:
«Мамандардың сөзінше, ахуалдың мұншалықты өзгеруі осыған дейін еріктілерге енгізілген сынақ дозасының көрсеткішін теріске шығарады. Осы уақытқа дейінгі сынақ нәтижесі вакцинаның коронавирусқа қарсы әсерін растай алмайды».
Сонымен қатар басылым Англиядағы коронавирус көрсеткішінің күрт өскенін хабарлауда. Бүгінде ауруханаға күніне 500-ге жуық азамат жүгінетін көрінеді. Қазіргі таңда Covid-19 диагнозымен 3145 науқас ем алса, 7 қаңтардағы ақпаратқа сәйкес, 14 162 жаңа жағдай тіркелген. Ел көлемінде кафелер мен көпшілік нысан жұмысына уақытша тыйым салынған.
«ВВС News»
Қарабахтағы жанжал жаһан назарында
Жылдар бойы даулы нысанға айналған Қарабах жанжалы қайта ушыға түсті. Аймақта әскери қақтығыс жүріп, адам шығыны да орын алған. Түрлі ақпараттық агенттіктер қақтығыс ошағынан мәлімет таратып, оқиғаның мән-жайынан хабардар етуде.
Әлемдік «ВВС News» арнасы да Қарабах жанжалы туралы тұрақты хабар таратуды бастаған. Қақтығыстың алғашқы күнінде шиеленістің себебі мен салдары төңірегінде ақпарат таратса, кейіннен оқиға орнынан видео-деректермен бөлісті:
«Көлемі бойынша Әзірбайжандағы екінші қала Гянджа Армения қарулы күштері тарапынан соққыға ұшырады. Қазір таулы Қарабах анклавында әлі де шиеленіс жүруде. Аймақ ресми тұрғыда Әзірбайжан иелігінде болғанымен, Армения тарапынан бақылауда болып келген.
Қарсы тараптың мәлімдеуінше, Гянджа әскери әуежайына соққы беру – Әзірбайжан әскерінің Степанакерт қаласына жасаған қарулы шабуылына жауап. Әзірбайжан үкіметі Гянджа әскери әуежайында адам шығыны орын алмағанын айтуда. Апта бойы жалғасып келе жатқан шиеленістен 220 адам көз жұмған».
«ВВС News» қашанда журналистік батыл қадамдарға барумен көрермен жадында сақталған арна. Бұл жолғы ақпаратты тарату тәсілінде қарапайым халықтың ой-пікірінен бөлек, оқиғаның шынайылығы мен нанымдылығына қойылатын талаптарды берік ұстана біледі. Мысалы, Степанакерт қаласындағы қақтығыс кезінде бейбіт тұрғындардың жан сауғалаған әрекеті көрсетілген бейнежазбада халықтың көңіл ауаны мен нақты оқиға салдары шебер көрсетілген. Бұған жылдам ақпарат тарату артықшылығы мен кәсіби монтаж жұмысының үйлесімін қосыңыз. Сондықтан телеарнаның аптадағы айтулы жетістігі ақпарат нарығына сапалы өнім сыйлады.
«СNN»
Еуропадағы «екінші толқын»
Коронавирустың екінші толқыны әлем елдерін бейжай қалдырмауда. Жақында «СNN» арнасының тілшісі Люк МакГи екінші толқынның болжамды әсері мен Еуропа елдерінің індеттен зардап шегуі төңірегінде көлемді аналитикалық материал жариялада.
Жетекші ғалымдар мен зерттеу орталықтарының мамандары өзекті тақырыпта жан-жақты пікір білдіріп, вирустың өрбу салдарын саралаған.
Автор алдымен Еуропадағы індеттің ахуалына тоқталып, эпидемиялық жағдай шиеленіскен үш мемлекеттің тізімін келтіреді:
«Індет асқынған үш мемлекет бар. Олар: Чехия, Испания, Нидерландия мемлекеттері. Алайда бірінші толқынды еңсерген мемлекеттер қалайша мұндай жағдайға тап болды. Рединг университетінің микробиология саласының доценті Саймон Кларк «Сақтық шарасы вирусты ауыздықтағанымен, толық жоюға қауқарсыз. Шындығында, өткен кезеңдегі жетістіктерге масаттану халықтың індетті жұқтыру ықтималдығын арттыруда» деген ойымен бөлісті. Ал Патша медициналық бірлестігінің эпидемиология және қоғамдық денсаулық сақтау бөлімінің президенті Габриэль Скалли болса, алғашында табысқа жеткен Еуропа елдері өзге мемлекеттерге қарағанда қарым-қатынас пен шектеулерге мән бермеуде деген пікірде».
Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған:
Ерсін ШАМШАДИН