Ғалам назарындағы індет
Соңғы ширек ғасырда індеттің асқынуынан адамзаттық қауіпсіздік пен экономикалық тұрақтылыққа мұншалықты зиян келмегені анық. Әлем елдері бұл қиындыққа толық дайын болды деп айту қиын. Себебі, инновациялық алпауыт жобалар мен ғылыми жаңалықтардың үлес салмағы басым АҚШ-тың өзі індеттің таралу көрсеткішінде 4 миллион науқаспен көш бастап тұр. Ал өзге әлем елдеріне вирус қалай әсер етті? Ғаламдық ақпарат көздерінің індетке қатысты соңғы мәлімдемелері қандай? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Әлем әбігерде
Елдегі карантиндік шектеулердің әсері мен өзгерістер туралы отандық арналар мен басылымдар тұрақты ақпараттандырып келеді. Жұмыссыздық деңгейінің өсуі, табыс көрсеткішінің төмендеуі секілді белең алған келеңсіздіктер ғаламдық сипат алуда. Бұған дейін АҚШ пен Қытайдың өзара текетіресінен зардап шеккен әлемдік тауар айналымы халықаралық төтенше жағдай режимі салдарынан одан әрі тығырыққа тірелуде. Ағылшын тілді Қытай басылымдары ҚХР пандемия салдарынан ішкі сұранысын Шығыс Азия елдері арқылы қамтамасыз ету бағытына көшкендігін сүйіншілеуде. Сарапшылар бұл қадамда індеттің салдары барына сенімсіздік танытып, АҚШ экспортына тәуелділіктен арылуға жасалған әрекет деген тұжырымда.
Ал, ДДҰ болса, індеттің ауыздықтау уақыт талап ететінін жасырмай, екінші толқынның басталу межесін болмауға көшкен. Тіпті, Женевада өткен ДДҰ-ның отырысында халықаралық Төтенше жағдай режимін тағы үш айға созу туралы шешім қабылданып, нақты нұсқамалар әзірленген. Яғни, бұл – әлемдік экономикаға түскен жүк жақын арада жеңілдемейді дегенді білдіреді. ДДҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус:«Қазіргі таңда коронавирусқа қатысты көптеген келеңсіздікті шешуге мүмкіндік алдық. Бірақ нағыз қиындық алда» деген пікірі де жағдайдың қалай өрбитінінен хабар бергендей.
ДҰҰ басшысының сөзі жалаң болжам, құрғақ мәлімдеме емес. Бүгінде әлем бойынша індетке шалдыққандар саны 18 миллионға жуықтады. Оған қоса, науқастардың өсу деңгейі наурыз-сәуір айларына қарағанда қарқын алуда. Тіпті апталық көрсеткіште өлім деңгейі 200 мыңға жеткен жағдай тіркелген.
Осынау сындарлы сәтте алпауыт елдердің індетпен күрестегі аяқ алыстары оң нәтиже бермеуде. Австралия, АҚШ, Оңтүстік Африка мен Үндістан асқынуда. Мысалы, АҚШ-та коронавирус індетіне шалдыққан науқастар саны 4 миллионнан асты. Елдегі ахуалға орай, президент Дональд Трамп үміткер республикалықтардың сайлауын коронавирусқа байланысты жабық режимде өтетінін мәлімдеді. Штаттарда карантиндік шектеулер күшейтіліп, қарсы вакцинаның сынама егу жұмыстары жүргізілуде. Ал, жексенбі күні көрші Ресейде вирус жұқтырудың 5 427 жаңа жағдайы тіркелген. Бұған дейін Ресейде 850 мыңнан астам адам ауруға шалдыққаны туралы ресми ақпарат жарияланған болатын. Нәтижесінде, Ресей ауру жұқтырғандар саны бойынша әлемде төртінші орында тұр.
Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінде вирустан 200 мыңнан астам адам көз жұмса, Оңтүстік Африкада 500 мыңнан астам адам індетке шалдыққан. Үндістанда үшінші күн қатарынан тәуліктік ауру жұқтырғандар саны 50 мыңнан асса, Иранда өткен тәулікте ауру жұқтырған 2 685 науқас анықталған еді.
Ақпарат ашықтығына сұраныс
Әлемдегі ірі ақпарат агенттіктер мен басылымдар індет көрсеткішінің нақтылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында тәуліктік ақпарат жүйесін енгізген. Мәселен, «The New York Times» басылымы ақпараттық сайтында індеттің таралу аймағы мен көрсеткіші туралы арнайы карта әзірленіп, инфографикалық ақпарат тарату бағытын қолға алған. Мұнда тіркелеген адам шығыны мен таралу көрсеткішінің апталық есебі ДДҰ мен тәуелсіз сарапшылар тарапынан қадағалауға алынған.
Ал, Ақ Үйдің коронавируспен күрес жөніндегі жетекшісі Дебора Биркс CNN агенттігіне берген мәлімдемесінде АҚШ-та індеттің асқынғанын және азаматтарды вируспен күресте бірлесе әрекет жасауға шақырды. «The Washington Post» басылымы болса, Колумбия универститетінің ғалымдары әзірлеген вакцина мен өзге де вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің әсері туралы қызу талқы жүргізуде.
Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ