Қалада рейд жұмыстары жүргізілуде
Пандемия кезінде елімізде қабылданған карантиндік талаптарды бақылау мақсатында қала әкімдігі жанынан арнайы мониторингтік топ құрылғаны белгілі. Мониторингтік топ індетпен күрестің алғашқы күнінен меншік нысанына қарамастан барлық субъектілердің санитариялық-дезинфекциялық талаптарды сақтауын қадағалап, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Бүгінге дейін мониторингтік топ 10 000-ға жуық нысанды аралап, рейд жұмыстарын жүргізді. Жүргізілген рейдтік іс-шара кезінде санитарлық талаптарды сақтамаған жалпы 244 нысан бойынша анықтама қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды. Құзырлы орган тарапынан карантин режимін сақтамаған 133 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылса, оның ішінде әкімшілік шара көрілген азаматтардың 36-сы той иелері.
Мониторингтік топ кезекті рейд жұмыстарын жүргізу барысында қала орталығындағы «Қуаныш» мейрамханасында 150 адамның қатысуымен үйлену тойының болып жатқанын анықтап, тойды тоқтатып, қонақтарын тарқатып, ескертуді елемей той жасауға рұқсат берген мейрамхана әкімшісіне анықтама толтырып, құзырлы мекемеге жолданды. Бекітілген қаулы талаптары мониторингтік топ тарапынан күнделікті қадағалауда болып, бұл жұмыстар жалғаса беретін болады.