«Ғасыр толған – Ғасыр адам»
Ақын Жұбан Молдағалиевке арнау өлеңдері сайысында Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Нұртуған Қуаныш бірінші орынды иеленсе, 11-сыныптан Нұрай Аманкелдінің ақынның шығармашылығы мен еңбектерін зерттеу жұмысы үздік деп танылды.
«Мен – қазақпын» деп атойлаған, жауынгер ақын Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығына орай Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқушылар арасындағы шығармашылық-зерттеу конференциясы болып өтті. Конференция екі бағытта жүргізілді. Бірінші кезеңде жас зияткерлер ақынның шығармашылығы аясында жүргізген 25 зерттеу жұмыстарын таныстырса, екінші кезеңде 15 арнау өлеңдерін ұсынды. Үздік жұмыстарды авторлар Teams платформасында тікелей эфирде жүргізілген конференцияда қорғап, мыңға жуық көрерменнің көзайымына айналды.
«Біздің бұл шараны ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – ақынның мол мұрасын насихаттау және құрмет көрсету, ерлікке толы жырларын жас толқынға үлгі ету, оқушылар арасынан зерттеушілік, ізденімпаздық, ақындық қабілеті бар жас дарындарды анықтап, қолдау көрсету», – дейді жоба координаторы, педагог-ұйымдастырушы-куратор Гүлзат Шынтасова.
Жауһар жырларында Отанға, туған жерге деген ерекше сүйіспеншілігі көрінетін ақынның келешек ұрпағына қалдырған аманаты бүгінге дейін дәріптеліп келеді. Назарбаев Зияткерлік мектептері желісінде бастау алған «Ұлы Дала ақындары» жобасы аясында қызылордалық зияткерлер қазақ поэзиясының дамыуына өзіндік үлесқосқан сөз шебері туралы білімдерін толықтырып, еңбектерін насихаттауда.
Жас дарындардың қарымын байқап, әділ баға беруде Қорқыт ата атындағы Университет оқытушысы, Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлмира Баялиева, Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының» ғылыми-әдістемелік бөлім басшысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Айдана Махамбет және Зияткерлік мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің сарапшы-мұғалімі Жадыра Әжібаева қазылық етті. Нәтижесінде «Зерттеу жұмысы» бағытында: 1-орынды 11-сынып оқушысы Нұрай Аманкелді, 2-орынды 7-сынып оқушысы Еңлік Оңталап және 3-орынды 8-сынып оқушысы Алтын Исламова мен 11-сыныптан Жасұлан Ұзақбай иеленді. «Ақынға арнау өлеңдері» сайысында 10-сынып оқушысы Нұртуған Қуаныш жеңімпаз атанса, жүлделі екінші орынды 9-сынып оқушысы Алихан Тиншаев иемденді. Ал 8-сынып оқушысы Арман Мустимов және 7 «В» сынып оқушысы Еламан Серікұлы үздік үштікке енді.
«Тәрбиелік мәні жоғары, жақсы іс-шара өтті. Оқушылар мүмкіншіліктеріне қарай ақын аталарының шығармашылығын насихаттай алды. Қазіргі ахуалға қарамастан, үй жағдайында осындай шығармашылықпен айналысып, өз білімдерін көрсетіп жатқан оқушылардың талпынысы
ұнады. Осы бағытта жұмыс жасап, әлі де оқушылардың әдебиетімізге деген құрметін арттыру жолында жұмыс жасай беру қажет», – деді Университет оқытушысы Гүлмира Баялиева.