Бетперде қайда?
– Маска киіңіздер! Маскасыз жүруге болмайды!
Сол-ақ екен, қоғамдық көлік ішіндегі төрт-бес жолаушы сөмкелерін ақтарып, дереу маска таға бастады. Бұл масканың сөмкеде қай уақыттан бері жатқаны белгісіз. Жаздан бері сөмке түбінде жатыр десе де сенетіндей. Әбден тозығы жеткеніне қарап, айтпаса да түсінікті.
Шыны керек, масканы да өзіміз үшін емес, өзгенің ескертуі үшін киюді әдетке айналдырдық. Дәрігер мамандар маска кию арқылы өзіңді де, өзгені де инфекциядан қорғайтынын айтып жатса да құлақ асып жатқанымыз шамалы. Коронавирус инфекциясының алғашқы толқынында күн сайын баспасөз беттері көңіл айтумен толғанын, күн сайын қазалы хабар естіп қиналған сәттерді де естен шығарып алғандаймыз. Қайтадан еркінсіп, той-томалақты көбейткен елге сәл тоқтам керек. Осыған орай қала әкімдігі қалалықтар үшін үндеу жариялап, екінші толқынның алдын алуға қам жасау керектігін айтты. «Қазіргі таңда пандемияның екінші толқыны болмайды деген қауесетке сенген кейбір қала тұрғындары бетперде тағуды және санитарлық талаптарды қатаң сақтауды мүлдем доғарды. Көңіл көтеретін орындарда жиі бой көрсетуі, той-томалақтар өткізу, сонымен қатар отбасылық шараларды кең көлемде атап өтуі, басқа да ырым-жоралғыларға толы кештер мен басқосуларды жиі атап өту көріністері белең алып отыр. Бұл, әрине, біздің қаламызда санитарлық талаптарджың сақталуына және пандемияның екінші толқынының алдын алу мақсатында ұйымдастырылып жатқан шаралардың өз деңгейінде өткізілуіне кері әсерін тигізуде» деп жазылған үндеуде.
Екінші толқынның алдын алуға тәртіпке бас иіп, үлес қосайық.
Г. МАҒЛҰМҚЫЗЫ