Қала әкімдігінің үндеуі: Тойды ұйымдастыратын қарапайым халық емес, қалталы азаматтар, мемлекеттік қызметшілер...
Құрметті қызылордалықтар және қала қонақтары!
Қызылода қаласының әкімдігі пандемияның екінші толқынының алдын-алу мақсатында арнайы үндеу жариялайды.
Қазіргі таңда пандемияның екінші толқыны болмайды деген қауесетке сенген кейбір қала тұрғындары бетперде тағуды және санитарлық талаптарды қатаң сақтауды мүлдем доғарды. Көңіл көтеретін орындарда жиі бой көрсетуі, той-томалақтар өткізу, сонымен қатар отбасылық шараларды кең көлемде атап өтуі басқа да ырым-жоралғыларға толы кештер мен басқосуларды жиі атап өту көріністері белең алып отыр. Бұл әрине біздің қаламызда санитарлық талаптардың сақталуына және пандемияның екінші толқынының алдын-алу мақсатында ұйымдастырылып жатқан шаралардың өз деңгейінде өткізілуіне кері әсерін тигізуде.
Атап айтқанда той-томалақтарды өткізуші ұйымдастырушы қарапайым халық емес, қалталы азаматтар, мемлекеттік қызметшілер, мекеме басшылары осы деңгейдегі азаматтар болып табылады.
Осыған орай Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бүгінгі күннен бастап арнайы шешім қабылдап отыр. Егер де тойларды ұйымдастырған немесе тойларға қатысқан мемлекеттік қызметшілер, бюджеттен қаржыландырылатын мекеме басшылары мен қызметкерлері анықталған жағдайда оларға қатысты арнайы шара қолданылатын болады. Бұл ретте барлық мемлекеттік қызметшілерді аумақтық департаменттің, облыстық басқармалар мен әкімдік құрылымына қарасты мемлекеттік қызметшілерді сонымен қатар бюджеттен қаржыландырылатын барлық деңгейдегі кәсіпорындар мен мекеме басшыларымен қызметшілерін, мектеп директорлары мен балабақша басшылары мен ұжымдарын карантиндік талаптарды қатаң сақтауға және той-томалақтарға, ырым-жоларғыларға, көңіл көтеретін басқа да ойын-сауық кештеріне қатыспауға шақырамыз.
Егер мониторингтік топтың іс-әрекеттері барысында жоғарыда аталған мемлекеттік қызметшілер мен мекеме қызметшілері қатысқаны анықталған жағдайда тәртіптік шара басқа да шараларды қолдану туралы құзырлы органдарға ұсыныс берілетін болады.
Атап айтқанда облыс әкімдігіне және мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке тиісті ұсыныстар енгізіледі. Осыған орай мемлекеттік және мекеме қызметкерлері, басшылық құрамға өлім-жітім, той-томалақтарға қатысуға және ұйымдастыруға қатаң тыйым салыну қажет.
Әрине өмір болғасын қуаныш пен қайғы қатар жүретінін бәріміз жақсы ұғынуымыз тиіс. Дегенменде өлім-жітім орын алған жағдайда адамды көп шоғырландырмай, санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып ұйымдастыру қажеттегін тағы да қатаң ескертеміз.
Құрметті қала тұрғындары!
Қоғам болып пандемияның екінші толқынымен күресуге шақырамыз!
17 қазан 2020 жыл.