Әр мектептің өз тарихы болады
Ел келешегі білімді жастардың қолында. Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Білім қай заманда да қоғам өмірінде маңыздылығын жойған емес. Білімнің кілті – мектепте. Мектеп – халықтың білім бесігі. Мектеп – болашақ негізін қалыптастыратын, ел мерейін асқақтатын, тұлғалар баптайтын құтты мекен, алтын ұя.
Мектеп тарихы
Осындай ордалы білім ұясының бірі де бірегейі – С.Толыбеков атындағы №3 IT мектеп-лицейі. Әр мектептің өз тағдыры, өз тарихы болады. Сыр бойында орын тепкен ордалы білім ұясы ең алғаш рет 1930 жылы «Жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру туралы» қаулы негізінде Ворошилов атындағы №3 бастауыш мектеп болып құрылды.
Ворошилов атындағы бастауыш мектеп сол жылдары 337 оқушыға 9 мұғалім тәлім беретін білім ордасы болды. Ұлы Отан соғысы алдында 4 жылдық білім берген білім ұясы соғыс жылдары әскери госпиталь, кейіннен жалпы білім беретін 10 жылдық орта мектепке айналды. 1949 жылдан бастап Ворошилов атындағы №3 негізгі мектеп болып өзгертілді. 1950 жылдары облыс орталықтары мен өнеркәсіптік ірі орталықтарда онжылдық оқуға көшу жүзеге асырылды. Осы жыл ерекше жаңа табыстармен басталып, №3 Ворошилов мектебі ұстаздары да қарышты даму кезеңіне қадам жасады. Ғылым мен білімнің дамуына өз үлестерін қосты. Мектепте 24 сынып кешенінде 714 оқушы білім алды. 1950 жылы бітірген түлектер арасынан 4 ғылым докторы шықты. 1970 жылдар басында 21 сыныпта 618 оқушы білім алды. Екі ауысымда 36 мұғалім сапалы білім берді.
1990 жылдан бастап алғашқы қазақ сыныптары ашылып, аралас мектеп болды. Тұңғыш қазақ сыныбын қабылдаған ұстаздар Захара Орналиева мен Жаңыл Бисенбаеваның есімдері мектеп тарихында алтын әріптермен жазылып қалды. 1993 жылы 1 ақпаннан бастап №3 мектеп-гимназия болып өзгертілді. 2017-2018 оқу жылында №3 мектеп-лицейге Қазақ Ғылым Академиясының мүшесі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Серғали Толыбековтың есімі берілгенін мұғалімдер мен шәкірттер мақтанышпен атайды.
Қазіргі таңда білім ордасында 158 мұғалім балаларға сапалы білім, саналы тәрбие беріп келеді. Мектепте 61 сынып бар. 2000 оқушы жаңартылған деңгейде білім алуда. Тарихы терең білім ордасын 2019 жылдың шілде айынан бастап Ләззат Әбенова басқарып келеді. Ұзақ жылғы тәжірибелі маман әрбір шәкірт бойына білім шырағын жағып, ұстаздар ұлағатына баулып келеді.
Озық оқу үлгісі
2012 жылдан бастап білім беру ұйымының озық оқу үлгісін жалпы орта білім беретін мектептерге таратушы 35 базалық мектептің құрамына енді. Білім шаңырағының тағы бір ерекшелігі, ай сайын шығып отыратын өз басылымы бар. Мектеп атауы Ворошилов атында болған кезде «Ворошиловские стрелки», 1991-2009 жылдар аралығында «Гимназия times», 2009 жылдан бастап «Білім айнасы» деп аталып келеді. Бұл басылым шәкірттердің білімге деген ынтызарлығын арттырып, шығармашылыққа тәрбиелеуде. Басылымның негізгі бағыты мектеп оқушылары мен ата-аналарға, мұғалімдерге арналған. Онда мектеп жаңалықтары мен оқушылар шығармашылығы, іс-шаралар мен мектеп жетістіктері жөнінде ақпараттар беріледі. 2017-2018 оқу жылында мектеп ұжымы республика көлемінде олимпиада жеңімпаздарын даярлайтын 100 мектептің ішінде 27 орынға ие болды. Сонымен қатар «ПетроҚазақстан» АҚ мұнай компаниясының демеушілігімен мектепке жаңа футбол алаңы салынып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Әрбір 6 сыныпты үздік бітірген оқушылардың 50-60-қа жуығы жаңа оқу жылында Назарбаев зияткерлік мектебі мен Білім инновация лицейіне қабылдануда. Мұны ұстаздар қауымы үлкен мақтанышпен атайды.
IT мектеп-лицей мәртебесін алған оқу орталығы ұжымы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған сандық технология мүмкіндіктерін білім саласында тиімді қолдану, IT сыныптар ашу, робототехника саласын дамыту сынды бағытта ауқымды жұмыс жасап келеді. 61 сыныпта 164 педагог білім беруде. Мұғалімдердің 53-і жоғары санатты, 34-і бірінші санатты, 38-і екінші санатты. Сонымен қатар 29 зерттеуші-педагог, 19 сарапшы-педагог, 9 модератор-педагог еңбек етуде. Деңгейлік курстарды бітіріп, табысты қызмет етіп жүрген ұстаздар қатары да жыл сайын артып келеді.
Шәкірт шыңы
Заманауи білім ордасы соңғы технологиялармен толыққанды қамтамасыз етілген. 1-4 сыныпта 23 сыныптың 15-і қазақ бөлімінде, 8-і орыс бөлімінде оқытылады. 5-9 сыныпта 31 сынып бар. Оның 22-і қазақ бөлімінде, 9-ы орыс бөлімінде. 10-11 сыныпта 10 сынып болса, оның 7-і қазақ, 3-і орыс бөлімінде. 10-11 сыныптың бейіндік сыныптары математика, физика, химия, биология пәндерін оқытуға бағытталған. Мұндағы мұғалімдер дәрежесі бойынша 57 педагог зерттеуші, 39 педагог сарапшы, 19 педагог модератор, 11 магистр бар. Ұстаздар еңбегі мен шығармашылық ізденімпаздығы арқасында оқушылар қалалық, облыстық, республикалық байқаулар мен пәндік олимпиадаларға қатысып жеңімпаз атанып жүр.
Атап айтар болсақ, Қ.Сәтбаев атындағы облыстық олимпиадада Сымбат Бейбітшілік ІІІ орын, Т.Қуанышбаев атындағы олимпиадада биология пәні бойынша Қарақат Аман ІІІ орын, химия пәні бойынша Айдана Айтмағанбет ІІ орын иеленіп, мектеп мерейін үстем етті. Республикалық пәндік олимпиаданың қалалық кезеңінде 31 оқушы жүлделі орынға қол жеткізіп, оның 7-і облыстық олимпиадаға қатысып, 3 оқушы жеңімпаз атанды. Атап өтетін болсақ, физика пәні бойынша Аяжан Мантибаева ІІ орын, биология пәні бойынша Аружан Қалмағанбет ІІІ орын, ағылшын тілі пәні бойынша Сағыныш Жарқынбек ІІ орын иеленген.
Факультатив сабақтар мен курстар, үйірмелер мектеп-лицей оқушыларының өз білімдерін тереңдетіп, жан-жақты қырларынан көрінуіне мол мүмкіндік туғызып отыр. Нәтижесінде мектеп-лицей оқушылары жалпы білім беретін пәндер бойынша өтетін ғылыми жоба байқауының кезеңдерінде жоғарғы биіктен көрініп аймақ абыройын асқақтатып келеді. Ақпараттық-ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жастар арасында өткен «Ашық ақпараттық қоғам» байқауының облыстық кезеңінде де мектеп оқушылары жеңіспен оралды. «Робототехника» бағыты бойынша 10 сынып оқушылары Фокин Алексей, Марат Ағзам І орын, «Бағдарламалау» бағыты бойынша 11 сынып оқушысы Құралай Найзабай ІІІ орын иеленген. «Мобильдік қосымша» бағыты бойынша 11 сынып оқушылары Диас Төретай, Нұрбол Сансызбай ІІІ орынмен марапатталған.
Шәкірт пен ұстаз
«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» деп хакім Абай айтқандай, адам баласының азамат болып қалыптасуы көбіне ұстазға байланысты. Шәкірт ұстазға қарап өседі. Ол ұстазының берген білімін тәлім тәрбиесін алады. Ұстаз ұлағатын бойына сіңірген жас өскін өз ортасына пайдасын тигізетін азамат болып жетіледі. Өмірін дұрыс бағытқа бейімдеп өседі. Оқушыны білімге қызықтырып өз әлеміне баурап алуы үшін ұстазға теңіздей терең білім, биік парасаттылық пен талмас еңбекқорлық, таза ниет керек. Осындай қарым қабілет аталмыш білім ұясы қызметкерлерінің бойынан табылып келеді. Сөзімізге дәлел, «Үздік авторлық бағдарлама» байқауының қалалық кезеңінде математика пәні мұғалімі Е.Әбдиев І орынға ие болып, облыстық кезеңде ІІ орынды жеңіп алды. Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы мен Ұлы Отан соғысының 75 жылдық мерекесіне орай өткізілген облыстық байқауда қазақ тілінің мұғалімі М.Мұсаева ІІІ орын, орыс тілі пәні мұғалімі С.Әбдраманова ІІ орын, қазақ тілі пәні мұғалімі Г.Мырзағұлова ІІІ орынмен марапатталды. 2020-2021 оқу жылында «Үздік химия пәні мұғалімі» облыстық байқауында Г.Сарыбаева ІІІ орын иеленді. «Табысты менеджер» байқауының қалалық және облыстық кезеңінде мектеп директоры Л.Әбенова жүлделі І орынға ие болды.
Биылғы жылы 103 түлектің 45-і мемлекеттік грант иегері атанды. Оның ішінде 6 «Алтын белгі», 4 үздік түлек бар. Мектеп директорының бейінді оқу ісі жөніндегі орынбасары Шолпан Сүйеуова облыс әкімінің қабылдауында болып, марапат биігінен көрінді.
2018-2019 оқу жылында «Алтын белгі» иегерлерін бастауыш сыныпта оқытқан ұстаздарға қалалық білім бөлімінен Құрмет грамотасы беріліп, облыстық кәсіподақ ұйымынан елордаға 3 күндік жолдама табысталды. Атап өтер болсақ, Катя Ибраеваның шәкірттері Дана Үбайдулла мен Балжан Кенжебекова 99, 110 балл жинап, грант иегерлері атанды. Зиба Айтуғанованың шәкірті Ағжан Шаменова 110 балл жинап, мемлекет грантын жеңіп алды. Сондай-ақ Перуза Жансұлтанованың шәкірті Әсем Мұса 119 балл жинап, «Алтын белгі» иегері атанды.
Сонымен қатар республикалық ғылыми жобаларда үздік деп танылып жүрген ұстаздар аз емес. Олардың есімдерін әріптестері мен шәкірттері зор құрметпен атайды. Білім қызметкерлерінің облыстық спартакиадасында үш жыл қатарынан жүлделі орынға ие болған дене шынықтыру пәні мұғалімі Әлішер Ахмет пен Азат Әмірбековке қалалық кәсіподақ комитеті тарапынан «Қамбаш» сауықтыру орталығына жолдама берілді. Бұл қызметіне адал ұстаздардың еселі еңбегінің жемісті нәтижесі.
Онлайн сабақ
С.Толыбеков атындағы №3 ІТ-мектеп-лицей директоры Ләззат Әбенова ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоспарына сәйкес, онлайн режимдегі сынып сағаттарын жүйелі қолға алып келеді. Нәтижесінде «Мен қашықтан қалай оқимын?» және «Вирустық аурулардан қалай сақтанады?» тақырыптарында сынып жетекшілерінің ұйымдастыруымен онлайн сынып сағаттары өткізіліп келеді. Сынып жетекшілері балаға ыңғайлы әрі тиімді интернет ресурстардың көмегімен тақырыптық таныстырылым жасап, іс-әрекет құрылымын бағамдап отырады.
Еліміздегі індетке байланысты және одан сақтану жолдарын балаларға түсіндіріп, карантин уақытында бос уақытын тиімді өткізу бойынша «Google Classroom» платформасы арқылы оқушыларға тапсырма беріліп, әлеуметтік желіде тікелей эфир арқылы жүргізіліп отырады.
Міне, біздің мектепке барып көзбен көріп, көңілге түйгеніміз осы болды. Ғасырға жуық тарихы бар білім ордасы талай талантты шәкірттерді түлетіп, өмір белестеріне бағыттай білді. Бұл әрбір ұстаздың ұлағат жолының жарқылы іспетті. Бізді барған бетте жылы жүзбен қарсы алған мектеп басшысы Ләззат Әбенова білім ұясының өткені мен бүгінін жіпке тізгендей етіп айтып берді.
– Біздің мектеп даму динамикасы жоғары серпінді білім ұясы. Мұнда елімізге танымал тұлғалар мен қоғам қайраткерлері оқыды. Бүгінгі таңда білім беретін ұстаздардың әрбірі терең білім мен биік парасаттың иесі. Олардың ойында алдымен шәкірттің оқуға деген зейінін қалыптастырып, сабақтың әр күнінен ұлағат үйренуді бала бойына сіңіру. Мектепте алған білім адам өміріне зор үлесін тигізеді. Сондықтан ел келешегі саналатын жас жеткіншектерді жан-жақты етіп тәрбиелеудің маңызы зор. Заманауи технологияларды да толыққанды игеріп шығулары маңызды. Білім ордасында біз осыларға басымдық береміз. Тәуелсіз елдің тірегі талантты шәкірттермен тығыз байланысты екенін естен шығармауымыз абзал. Мектебіміздің атына сай абырой биігінен көріну біз үшін басты қағида, – дейді мектеп директоры Ләззат Әбенова.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ