Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады

Сәулетші

Қорқыт ата кесенесі. Мұнда тәу етіп келгендерді қобыздың қоңыр үні қарсы алады. Жүрегіңе тыныштық сыйлайтын үн. Еріксіз ойландырады. Мұнда біз бойлай алмайтын құдіретпен қатар сәулетшінің шығармашылығы үйлесім тапқаны сезіледі.
Осыдан тура 40 жыл бұрын уақыттың қиындығына қарамастан бой көтерген Қорқыт ата ескерткіші бүгінде әлемге белгілі қасиетті орын. Иә, 40 жыл бұрын Қорқыт ескерткішін тұрғызу оңай болған жоқ. Сол кездегі қызмет тізгінін ұстаған ел азаматтарының, сәулетшінің қолға алған істі соңына жеткізуді мақсат еткен қайсарлығы жолдағы кездескен кедергі мен қиындықтың бәрін жеңді.
Қандай қиындық дейсіз бе? Қызмет тізгінін ұстаған азаматтардың бұл бастамасы үшін арыз қардай бораса, мәселе шешімін тапты дегенде үлкен іске бел буған азаматтардың жолы болмай қиналғандығы. Жол апаты, қаза. Бір емес, бірнеше рет. Мұнда бір сыр барын сәулетші түсінді…
Қасиетті Сыр топырағында туған аты әлемге мәшһүр сәулетші Бек Ибраевтың туған жерде ғана емес, қазақ елінде қолтаңбасы қалды.
Байтақ еліміздегі белгілі ескерткіштер мен кесенелер, қасиетті орындардың ескерткішке айналуына көп еңбек сіңірген сәулетші. Ол туралы жазбақ ниетпен ізденгенімізде өзінің бойындағы талантын қадірлеген, сәулет өнері­нің қадір-қасиетін жанымен ұғынған және ескерткіштерге жан бітіру үшін қолға алған жұмысқа рухани дайындықпен келгенін ұғын­дық. Оның шығармашылығы арқылы сәулет өнері біз ойлағандай жай сызба емес, шы­ғар­машылық пен рухани дүниенің үйлесім табу қажет екенін ұғынғандай болдық. Әрине, сәулет­шінің жанын түсіне алдық деп артық айта алмаспыз.
Тағы бір атап ай­тарлығы, әлем таныған сәулетші туралы көп дерек жоқ. Сәулетшінің қолтаңбасы қалған ауыз толтырып айтар­лық ескерткіштер аз болмағанмен, «мен мынадай жасадым деп» өзін жар­намалаған немесе құлаш-құлаш сұх­баттарын таба ал­мадық. Үн­демей іс бі­тірген сәулетшінің бұл да өзгелер­ден дара қасиеті болар, бұл.
Бек Ибраев 1947 жылы, 2 мамырда Қы­зылорда қаласында дүниеге келген. Мұға­лімдер отбасынан шыққан бала Бек қа­ла­мыздағы №5 мек­тепті тәмамдаған соң сәулетші мамандығын таңдайды. Жүрегі қалаған мамандығын үздік бітіріп, жоғары оқу орнында «Архитектура» кафедрасында мұғалім болып еңбек жолын бастаған ол осы сала бойынша­ ғылым жолында да жемісті із қалдырды.  Өзінің еңбек жолын сәулет өнеріне арнаған Бек Әнуарбекұлы талай қасиетті орындардың, еңселі ескерткіштердің сызбасын сызды. Соның бірі де, бірегейі – Сыр топырағындағы Қорқыт ата кесенесі.
Қорқыт баба басына кесене салып, ескерткіш қою кеңестік кезеңдегі үлкен ерлік болатын. Сол уақытта Қармақшы аудандық партия комитетінің І хатшысы қызметін атқарған Елеу Көшербаев түрлі пікірлер мен айыптауларға қарамастан Қорқыт ата ескерткішін салуға бел буғаны жайында «Парыз» атты кітабында былай деп жазады: «1978 жылдан үш ескерткіштің құрылысына кірістік. Бірі – Қармақшыда Отан соғысында қаза тапқандарға теміржол вокзалының қарсысынан арнаулы бау орнатып, олардың аты мен әкесінің атын алтын әріппен жазып, ескерткіш орнаттық. Кейін ағаштары желкілдей өсіп, өткенді еске алып демалатын орынға айналды.
Екіншісі – Москва автожолы мен теміржолы арасындағы екі жақтан бірдей көрінетін, Қорқыт станциясының шығыс жағына, бұрынғы қабірінің тұсынан биік төбенің басында Қорқыт ата ескерткіші орнатылды. Оған жергілікті құрылысшылармен қатар, Алматының мамандары мен ғалымдары қатысты.
Үшіншісі – Ленин атындағы совхоздың Ақжар совхозы жағынан Сыр елінің, қазақтың дүлдүл ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуовке мазар-ескерткіш орнатылды. Оған аудан, облыс құрылысшылары мен мамандары қатысты. «Қорқыт – діни тұлға, ал Тұрмағамбет – молда, халық жауы. Соған қарамастан, жаңа хатшы ескерткіштер орнатып жатыр» деген арыздар қайта-қайта тексеріліп, мазаны алды. Тексерушілер «ескерткіш салуды тоқтат» деген қорытындыға келгенмен, «байқаңыздар, өздеріңіз біліңіздер» деген де екіұшты пікірлерін айтты. Сол кездегі облыстық Совет атқару комитетінің төрағасы, қазақтың белді де беделді азаматы Сағидолла Құбашевтың қолдап, қорғауымен сол кісіге арқа сүйей отырып­ ескерткіштерді бітірдік.
1980 жылдың бірінші қарашасы күні Қорқыт ата мен Тұрмағамбет Ізтілеуовке арналған ескерткіштерді ашуға ауданда салтанатты той өткізілді. Тойға республикадан белгілі ғалымдар Толыбеков, Қоңыратбаев, кинорежиссер Сұлтан Ходжықов пен ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, партия, со­вет­­ органдарының басшылары қатысты. Халық көп жиналды, көрші ау­данның кісілері кеп тамашалады, ғалымдар мен өнер адамдары ескерткіштерге байла­нысты тарихи сөз қоз­ғап, көптеген ғылыми мағлұматтар берді».
Ескерткіш салу туралы шешім қабылданып, жобасын сызу үшін Алматыда еңбек етіп жүрген сәулетші Бек Ибраевқа жауапкершілік жүгі жүктеледі. Сәулетші үшін де бұл жұмысты бастау оңай болған жоқ. Уақыт қиындығынан бөлек, бір тылсым күш жұмысты бастауға кедергісін келтіреді. Мұның сырын сәулетші де түйсінеді. Бұл туралы кейіннен журналис­терге берген сұхбатында айтады: «Жетпісінші жылдардың соңы коммунистердің айдарынан жел есіп, халықтың да ұлттық санадан алшақтап, өз болмысына жатырқай қараған кездері еді ғой. Кесенені салу кезінде де жергілікті қызыл комиссарлардың түртпектеуінен талай түсінбеушіліктер туындады. Олардың қаупі де орынды, халықтың тағзым етіп күш алатын, космостық қуаты бар орынның айналасында күмәнді алып-қашпа сөз туындатып, қарапайым халықты дүдәмәл халге жеткізу оларға үлкен пайда. Құрылысқа кіріскен біздерді бір қырсық айналдырған сияқты. Шығармашылық тобымыздың арасында ши жүгірткен органдардың әрекеті, ерекше тылсым күштің көлеңкесінде, айдалада қалды. Құрастырушы, салушы, темірші, тас қашаушы сияқты әртүрлі мамандардан тұратын үлкен ұжымның кейбірінің отбасында қатарынан қайғылы оқиғалар бола бастады. Сап-сау жүрген жүргізуші бір күнде жынданып кетеді. Екі қалада бір күнде, бір сағатта екі бірдей азаматтың әйел, баласының тосыннан қазаға ұшырағаны туралы суық хабар мүлдем есеңгіретіп жіберді. Өзім де бір өлімнен аман қалдым. Содан кішкентай бақсы қызға бардық. Сонда әлгі қыз баланың айтқаны: Бір әжені көріп тұрмын, аяғы ақсақ, сол кісі назалы, ажалдың себепшісі сол» деді. Есіме Қорқыт жайлы аңыздағы Ақсақ қыздың сап ете қалғаны. «Ақсақ қыз ба?» десем, «Атын қайдан білесіз?» дейді. Ақсақ қыздың мұнарасын бірнеше жыл бұрын солдаттардың қиратып тастағанын естігенмін. Дереу пойызға отырып, Жосалыға келдім. Қармақшы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбаса­ры Ө.Мұхамбедиевке кі­ріп, жағдайды түсіндіріп: «Ақсақ қыздың мұнара­сын қайта тұрғызбасақ, бәріміз де ана жаққа кетеміз» дедім. Кірпіш, цемент тауып берді. Мұнарасын қалап біткен­нен кейін Ақсақ қыздың әруағынан тізерлеп отырып кешірім сұрадым. Содан кейін тынышталды ғой» деп еске алған екен.
Бұл сәулетшінің кез келген адам түйсіне бермейтін қасиеті екені сөзсіз. Бұл туралы өзі де бір сұхбатында: «Қасиетті адамдар бұл дүниеден өткенде олар­дың шарқ ұрған шыбын жаны ешқашан оны тастап кетпейді екен. Қарапайым адамның санасы жете бермейтін басқа бір болмысқа айналып, о дүние мен бұ дүниенің арасындағы байланыстарды бойынан өткізетін таңғажайып сипатқа ие болады. Бұл туралы әлемде жинақталған мәліметтер бар, оны білу-сезу жай пендеге міндетті емес. Қасиетті әруақтардың бірі Қорқыт атаның кесенесін жобалауға үлкен толғаныспен, рухани дайындықпен кірістім десем, артық айтқаным емес. Оның қалдырған мұрасына терең­деп, қобыз күйлерінен жүрек толғанысы мен шерін түсінуге тырыс­тым. Ақырында ескерткіш тек қана музыка аспабы үлгісіндей болуы тиіс деп ойладым. Құлағымнан кетпейтін қобыз үнін жеткізгім келіп, талай мамандармен ақылдастым, оның да сәті түсті» дейді.
Сәулетшінің қолынан шыққан ғажайып дүние бұл ғана емес. АлтынЕмелдегі Шоқан ескерткіші, Абай мен Шәкәрім кешені, Қабанбай батыр, Райымбек­ батыр­ ескерткіші және тағысын-тағы.
Артына өшпестей із қалдырған сәулетші­нің есімі ұмытылмайтыны анық. Қорқыттың қобыз үнін қайта тірілткен сәулетшінің есімі де мәңгілік жасайды. Ескерткіштегі қобыз үні желмен бірге оның есімін шартарапқа жеткізіп жатыр. Қоңыр үн бізге осындай сыр айтқандай болды.
P.S. Бек Ибраев 2019 жылы дүниеден өтті. Артында балалары, ізін жалғар шәкірттері бар. Мақала әзірлеу барысында сәулетшінің жарияланбаған суреттерін, ол туралы дерек­тер­ді табуға көмектесіп, Алматыдан сәлем жолдаған шәкірті Айнұр Өсімбаеваға алғыс білдіреміз.
Гүлмира Ділдәбекова
20 қазан 2020 ж. 570 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам