Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ТҮРКІ ЖҰРТЫНЫҢ АБЫЗЫ

ТҮРКІ ЖҰРТЫНЫҢ АБЫЗЫ

    Бұл кешен орналасу жағынан да, сәулеттік шеберлігі тұрғысынан да өте сәтті тұрғызылған нысан. Ерке дарияның жағасынан орын тепкен ескерткіштің халыққа берер тарихи-шежірелік тағылымы мол. Арғы бетінде сылқым Сырдария сылдырай ағып жатса, бергі бетінде жасыл-желек ағаштармен көмкерілген саялы аумақ тынығуға таптырмас жер. Қолмен қойғандай ерекше үйлесім тапқан мәдени нысан мінсіз шеберліктің өнегесін паш еткендей. Қараған жанға осындай керемет көрініс алыстан-ақ мен мұндалап тұр.                                    
      Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығына арналған ескерткіш-белгі – облыс орталығындағы ең құнды мəдени жəдігерлердің көшін бастап тұр. Бұл нысан қара тасты қақ жарып көктеген алып шынардай бағзыдан жеткен түпкі сенімді серт еткен абыз тұлғаның түрік танымындағы өміршең өсиетін мәңгіге өрнектеп тұрғандай. Сұм ажалмен айқасып, өлімді өнердің құдіреті арқылы жеңуге болады деп өнеге қалыптастырып, киелі күй мен қастерлі жырдың теңдессіз құндылық екенін жария еткен секілді. Түркі жұртының абызы – Қорқыт ата бүгінгі ұрпақтар сабақтастығында осылайша жаңғырып тұрғаны көңілге қуаныш ұялатары сөзсіз. Ал, артында қалған мұрасы түркі халықтарын ізгілік пен мәңгілік өмірге шақыратын ұлы ұран, тағылымды мирас іспетті өз құндылығын сақтап қала берді.                   Осыдан тұтас Тұран жұртының озық философиясына айналған Қорқыт кітабы құрметіне 18 жылдай уақыт бұрын тұрғызылған аталмыш нысан өзінің көлемдік-кеңістік бойынша жобалануы жағынан монументальдық пішінімен ерекшеленіп тұр. Салынғанына 20 жылға жуық уақыт өтсе де, ескерткіш өз сынын жоғалтпаған. Белгілі мүсінші Жəркен Ысмағұловтың архитектуралық шеберлігімен жасалған кешеннің биіктігі 12 метрден асады. Бір қызығы, зəулім етіп көтерілген тұғырға орнатылған үш қырлы стелла ішкі ойығы арқылы қобыз бейнесін айшықтап тұр. Ортасында желмаясына мінген Қорқыт ата қобызымен желіп барады.                                                
     Бір жиында аталмыш ескерткіштің салынуы туралы мемлекет және қоғам қайраткері, қаланың бұрынғы әкімі Қожахмет Баймаханов біраз жәйттің  жәй-жапсарын баяндап берген еді.                                        
                       – Кезінде бұл нысанды салуда біраз қиындық орын алды. Аталмыш кешенді тұрғызу үшін 14 мекемені ауыстыруға тура келді. Аға буын өкілдері жақсы біледі, бұл мәдени нысан орын тепкен қазіргі дария жағасында бұрын республикалық жүйке аурулары ауруханасы ғимараты бар еді. Кезінде осы жерде Перовскийдің әскерлері тұрақтаған көрінеді.                                                    Мен әкімдік қызметке келместен бұрын әлгі ескерткішті Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жанына орнату туралы шешім қабылданып қойған екен. Кейін мен өз пікірімді айта жүріп, нысанды кең аумаққа, дария жағасына орналастыруға ұсыныс жасадым. Сөйтіп, аурухана басқа жерге көшіріліп, ескерткіш осы жерге салынатын болып шешілді. Бұл өзгеріс бірнеше мекеменің орын ауыстыруына әсерін тигізді, – деді ол.                                                                                                   
Осылайша түгел түркіге ортақ тұлғаның мәңгілік мұрасы бүгінде Сыр өңірі мәдениетінің алтын діңгегіне айналып отыр.
                                                              Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
05 маусым 2018 ж. 1 454 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам