Дәрі-дәрмек, төсек-орын дайын
Коронавирус індетінің болжамды екінші толқыны әлемді алаңдатуда. Кейбірі мемлекеттер бірінші толқынды өткеріп, қауіпсіздікті күшейтсе, кейбірі әлі де болса алғашқы толқынның зардабынан құтыла алмай отыр. Қазақстан үшін де сақтық шарасын сақтау, індетпен күрес барысын пысықтау кезек күттірмейтін амал екені сөзсіз. Осыған орай аймақтағы болжамды екінші толқынға дайындық пен атқарылған іс-шаралар тізбегін баяндау мақсатында медицина мамандары мен сала басшылары баспасөз конференциясын ұйымдастырды. Оған облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Искаков қатысып, алдағы міндеттермен бөлісті.
Алдымен сөз алған аймақ басшысының орынбасары Наурызбай Сейтқалиұлы облыстағы емдеу нысандарының дайындығы мен құрал-жабдық қоры туралы мәліметпен бөлісті.
– Аймақта эпидемиялық ахуалдың тұрақты болуы назарға алынған. Халықты дәрі-дәрмекпен қамтуға екі айлық қор және 210 инфекциялық төсек орын бар. Сондай-ақ, 200 төсекке арналған модульдік аурухана құрылысы жүруде. Бұған қоса, облысымызда 244 ИВЛ аппараты жұмыс істейді. Қосымша тағы 7 құрылғы әкелінеді. Медициналық ұйымдарға гуманитарлық көмек арқылы 658 оттегі концентраторы жеткізілді. Жалпы, облыста 518 оттегімен қамтамасыз етілген төсек орын дайын, – деді ол.
Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында өзге саладағы мамандарға арнайы семинарлар өткізу жұмысы жүзеге асуда. Бұл өз кезегінде дәрігер санын арттыру, тиісті көмекті дер кезінде ұйымдастыруға жол ашпақ. Арнайы семинар ұйымдастыру арқылы жас мамандарға пандемия кезіндегі қауіпсіздік пен сапалы қызмет жасау жолдары үйретілген.
– Коронавирус инфекциясына қарсы күресте дәрігерлердің үлесі зор. Қазіргі таңда аймақтағы дәрігер тапшылығын жою мақсатында 84 жас маман қатарға қосылды. Олар қажеттілігіне қарай қалалық медициналық мекемелерде қызмет көрсететін болады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Искаков.
Жиында Наурыз Сейтқалиұлы індетті жұрт болып жұмылып, ел болып еңсеру қажет екенін айтып, сақтық шарасын күшейтудің маңызын жеткізді.
– Індетпен күрес – «бәрі де жеңіс үшін» деп бірігіп күресетін майдан алаңы. Жағдай әлі де күрделі болғанымен, біздің жүйелі бақылауымызда. Жұмыс үзіліссіз жалғаса береді. Күшейтілген карантин жеңілдетілгенімен, қатаң талаптарды барынша ұстайтын боламыз, –деді облыс әкімінің орынбасары.
Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ