Оңай олжа оңдырмас
Қоғамдық орындарда қалта ұрлығы дендеп барады. Ұрлық – адамдыққа жатпайтын арам тірлік. Қазіргі таңда біреудің адал еңбегімен тапқан ақшасын немесе ұялы телефонын ұрлап, оны «кәсібіне» айналдырғандар көп.
Бүгінде ірі дүкендерде, сауда орындарында, тіпті қоғамдық көліктерде «Абайлаңыз, ұры!» деген сақтандыру тақталары ілінген. Ұрылардың суретіне қарасақ, олардың қатарында жасы да, жасамысы да, әйелі де, еркегі де бар. Бір қарағанда ұры екенін тап басып тану қиын.
Дәл қазір ұрлықтың өршитін кезеңі. Лық толы автобуста қалың киінген адамдар арасында арам тірлігін жасап жүргендер жоқ деп айта алмаймыз. Оның үстіне қалта ұрлығы көбіне қоғамдық көліктерде орын алып жатады.
Осы мақсатта қалалық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімі «Қалта ұрысынан сақтан!» жедел-профилактикалық іс шарасын жүргізуде. Қазан айының 19-ы күні өткен шарада 5 құқық бұзушылық дерегі анықталған.
– Қала тұрғындары көп шоғырланатын орындарда, яғни жаңа базар, «Сыбаға» базары, «Айтбек», «Отырар», «Жайна», «Мирас» секілді ірі сауда орталықтары мен «Автовокзал» маңында да қалта ұрлығына қатысты қала тұрғындары мен қонақтарына түсіндірме жұмыстары жүруде. Жедел¬ іздестіру шарасының нәтижесінде іздеуде жүрген Жамбыл¬ облысының 25 жастағы тұрғыны құрықталды. Қазір ол уақытша ұстау абақтысына қамалды. Сондай-ақ күдіктінің 4 қылмысқа қатысы бар екені анықталып, ол ҚР Қылмыстық Кодексінің 188 бабының, 3 бөлігімен тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде, – дейді Қызылорда қалалық полиция басқармасының криминалды полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция аға литенанты Арслан Стамкулов.
«Құжаттар мен әмияндарды полиэтилен пакетке немесе артқы қалтаға салмаңыздар. Сонымен қатар, жолау¬шыларға тым жақын тұруға ұмтылған адамдарға назар аударған жөн. Көбінесе тұрғындар қалта ұрлығын көрсе де, автобустарда үнсіз тұра береді. Ондай кезде, керісінше қорықпай, азаматтық белсенділік таныту керек. «Сақтансаң, сақтармын!» демекші, егер әрбір адам өз мүлкіне сақтықпен қараса, көп жағдайда ұрлықтың алдын алуға болады», – деп кеңес береді құқық қорғау органдарының мамандары.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ