Қызылордалық полицейлер қысқы киім үлгісіне көшті
Қызылорда облысы Полиция департаментінің жеке құрамының қатысуымен қысқы киім үлгісіне ауысу рәсіміне арналған саптық байқау өтті. Байқау департаменттің алаңында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып өткізілді.
Саптық шеру қысқы киім нысанына көшу, саптық дағдыны жетілдіру, саптық командаларды орындау кезінде реттілікті, сондай-ақ қатардағы және басшы құрамының нысандық киім үлгісін қатаң ұстануын қамтамасыз ету мақсатында өткізілді.
Саптық байқауды Кадр саясаты басқармасының бастығы полиция подполковнигі Омаров Оралбек басқарды.
Департамент бастығы полиция полковнигі Сұлтан Бектөре Жеңісбайұлы қызметкерлердің сыртқы түр-сипатын, үлгілік киімін, қызметтік куәліктерінің, айырым белгілерінің талаптарға сай болуын тексерді. Сондай-ақ, полиция қызметкерлерінің ұқыптылығы мен жинақылығы, киімінің мұнтаздай тазалығы басты назарға алынды.
Мұндай жоспарлы саптық байқаулар жылына екі рет өткізіледі.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі