Үкімет 2021 жылы 19 заң жобасын әзірлейді
ҚР Үкіметі заң жобалау жұмыстарының 2021 жылға арналған жоспар жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әділет министрлігі Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия мүшелерімен бірлесіп Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2021 жылға арналған жоспар жобасын әзірледі. Жоспар жобасы Президент пен мемлекеттің стратегиялық құжаттарында айқындалған міндеттер негізінде әзірленген. Жоспар жобасы 19 заң жобасын әзірлеуді көздейді. Олар сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеуге, биржалық сауда, көлік, жер қатынастары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, құқық қорғау қызметі, геодезия, картография және кеңістіктік деректер, волонтерлер қызметі және қайырымдылық, инновациялық және ғылыми-техникалық даму, биологиялық қауіпсіздік және басқада салаларды одан әрі дамытуға бағытталған»,- деді аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Әділет министр Марат Бекетаев.
Оның айтуынша, алдағы жылы үш жаңа заң жобасын әзірлеу көзделіп отыр. Олар: «Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы», «Әскери полиция органдары туралы» және «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобалары.
Бұдан басқа, келесі жылы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Қазақстан Жаңа нақты ахуалда: іс-қимыл уақыты» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарынан туындайтын екі заң жобасы Парламентке енгізіледі.
Олар: «Қазақстан Республикасының биржалық сауданы дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары. "Жоспар жобасында көзделген 19 заң жобанын ішінен Парламентке 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында – 5, ал екенші жартыжылдығында – 14 заң жобаларын енгізу жоспарлануда. «Құқықтық актілер туралы» Заңға сәйкес жоспар жобасы Мемлекет басшысымен келісілуі тиіс. Жоспар жобасын Президент Әкімшілігіне енгізу ұсынылады", – деді министр.
Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин келесі жылы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауынан туындаған екі заң жобасын Парламентке енгізуіміз қажеттігін баса айтты. "2021 жылға арналған Жоспарда 19 заң жобасын дайындау көзделіп отыр. Жалпы Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2021 жылға арналған жоспарының жобасын мақұлдауды ұсынамын. Осыған орай мүдделі мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына заң жобаларының сапасына және олардың Үкімет пен Парламентке уақтылы енгізілуіне ерекше назар аударуды тапсырамын. Премьер-Министр Кеңсесі осы жылғы 30 қазанға дейін Мемлекет басшысының атына жоспардың жобасын келісу үшін хат жобасын дайындасын", – деді Үкімет басшысы.