Жылқыда құрттың болуы қалыпты жағдай ма?

Аурудың даму циклы. Қарынның үлкен бөгелегінің ұрғашылары жұмыртқаларын бір-бірден жылқының аяқ, иық, кеуде түктеріне желімдейді. Ал, қызыл құйрық бөгелек жұмыртқаларын жылқының ерніндегі түкке салады. Жылқының денесіне салынған жұмыртқалардан 7-10 тәуліктен соң І сатыдағы балаңқұрттар өсіп шығады. Олар теріні жыбырлатып қышытатын болғандықтан жылқы ернімен, тісімен қасынып тері үстінде жүрген балаңқұрттарды тіліне және ерніне жұқтырады. Ауызға енген балаңқұрттар тілдің, ұрттың және қызыл иектің кілегей қабығына енеді. Ауыз ішінде олар стоматит және ауыз уылуы ауруларын тудырады. 3-4 аптадан соң балаңқұрттар түлеп, азықпен бірге қарынға және ішекке барады.
Аурудың белгілері. Ауру асқынған жағдайда созылмалы гастроэнтерит белгілері байқалады. Азықтың қарыннан он екі елі ішекке өтуі қиындайды. Балаңқұрттар көмекей немесе жұмсақ таңдайда болған кезде жылқы жөтеледі, жем шайнауы, жұтуы қиындайды. І сатыдағы балаңқұрттар миға кеткенде бастың шайнау бұлшықеттері жұмыс істемей жүйке жүйесіне зақым келеді. Нәтижесінде жылқы жем-шөп, судан бас тартып өледі.
Кәдімгі бөгелек балаңқұрты гастрофилезден басқа жылқы ринэстрозы ауруының қоздырғышы болып табылады. Ринэстроз - жылқының кеңсірік, маңдай қуыстарының кілегейлі қабаттарының қабынуымен сипатталады. Балаңқұрттар бас қуыстарының кілегейлі қабықтарын зақымдап соның салдарынан ринит, фронтид, гайморит сияқты аурулар пайда болады.
Алдын алу шаралары. Жаздың ыстық күндері жылқыны ат қорада ұстап, түнде жаю керек. Терідегі бөгелек жұмыртқалары мен жаңа шыққан І сатыдағы бөгелек балаңқұрттарын жою үшін фосфорорганикалық препараттарды жылқының үстіне бүрку керек. Жылқының үстін тазалап, түгіне жабысып тұрған бөгелек жұмыртқаларын мезгіл-мезгіл пышақтың жүзімен түктің жығылған жағына қарай қозғап қырып тастауы керек. Сонымен қатар қауіпсіздік ережесін сақтауы керек, себебі І сатыдан шыққан балаңқұрттар тазалаушы адамның қолындағы сызаты арқылы тері астына еніп, тері гастрофилезын тудыруы мүмкін.
Биыл тамыз айында Жаңақорған ауданында тіркелген гастрофилез ауруынан болған шығын туралы ақпарат құралдары мәлімдеген болатын. Шаруа иелерінің жылқы қарнында құрттың болуы қалыпты жағдай деп қарауы үлкен шығынға әкелді. Сондықтан, аурудың алдын алу мақсатында халық арасында түсіндірме-ағарту шаралары жергілікті ветеринар мамандарының тарапынан кеңінен жүргізілуі қажет.
Мөлдір ЕРТІЛЕУОВА
И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда
аграрлық техникалық жоғары колледжінің
арнайы пән оқытушысы, ветеринария магистрі