Біздегі тазалықтың жайы қалай?

Күнделікті қалыппен жұмысқа бармақ болып үйден шыққаным сол еді. Қолында екі пакет толы қоқысы бар орта жастағы жігіт контейнердің қасына жақындамастан анадай жерден лақтыра салды. Сәлден соң сол маңдағы мысықтар тырналап шашып, ішіндегісін жеп жатыр. Ал керек болса...
Түскі мезгілде өтіп бара жатсам, бағанағы бейберекетсіздік әлі сол қалпында екен. Оны алып қасындағы арнайы қоқыс жәшігіне салған бір жан табылсайшы. Бұл – қаланың кез келген жерінде күнделікті кездесетін жағдай. Өзім алып қоқыс жәшігіне салдым. Мақтаныш үшін емес, мысал үшін жазып отырмын.
Әдемі қала кейпін көшелердің бұрыш-бұрышында үйілген қоқыс үйінділері бетке шыққан безеудей әрін кетіріп тұр. Оған кім кінәлі? Қазақта «Кінәні өзгеден емес, өзіңнен ізде» деген сөз бар. Дегенмен «Қызылорда тазалығы» мекемесінің міндеттемесіне берілген тазалық жұмысы кей жағдайда көңілден шыға бермейді. Себебі кейбір көпқабатты тұрғын үйлер алдындағы көз сүрінер қоқыс қалдықтары жаныңды жабырқатады, көңіліңе мұң ұялатады. Ана көше, мына мекенжай деп атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық, жалпы қала аумағында санитарлық тазалыққа салғырт қарайтынымыз рас.
Қала тазалығы – баршаға ортақ іс. Таза ауа – жанға дауа. Қоршаған ортаның тазалығын сақтау – маңызды міндет. Ол сол жердегі тұрғындарға тікелей байланысты. Қала көркі сәнді де сәулетті үйлермен, жасыл желекті саябақтармен өлшенбейді. Ол өмір сүруге ыңғайлы болуы ләзім. Бейберекет тасталған тұрмыстық қалдықтар шашылып жататынын қайтерсің.
– Қоршаған ортаны қорғау, оны ластамау деген не өзі? Бұған кейбіреулердің түсінігі жете бермейтін секілді. Тазалық – иманнның жартысы. Бізге қоғамның тазалығын сақтауға деген көзқарасты өзгерту керек. Табиғатты аялау, тұрғындарға қоршаған ортаны қорғау және оны ластамау мәдениетін қалыптастыру керек. Таза өлке деген таза ауадай ғой. Патриоттық пәрменмен алдымен ауламызды жасыл желекпен көмкерсек жақсы болар еді, – дейді қала тұрғыны Берік Жұмаділдаев.
«Тазалық табалдырықтан басталады» деген сөз бекер айтылмаған. Ауламызды ретке келтіріп, ұқыпты ұстау – мәдениет пен талғамның танымы. Дамыған шетелдерде тазалық мәселесі түбегейлі шешімін тапқан. Мәселен, Сингапур мен Малайзия тұрғындары бұл жағына өте ұқыпты. Егер көшеге темекі тұқылын тастаса, айыппұл төлейді. Германияда тазалықты таңнан кешке дейін арнайы қадағалайтын органдар бар. Швейцария – әлемдегі таза елдің бірі. Мұнда кішкентай елдімекендер де мұнтаздай жарқырап тұрады. Әрине, қала тазалығы бойынша Швейцариямен теңесе алмаспыз. Дегенмен олар да бірден бүгінгідей бола қоймаған шығар...
Тазалық жайлы сөз қаузағанда алдымен аузымызға «Қызылорда тазалығы» ЖШС мекемесі түседі. Сонымен сауалдарымызға жауап алмақ болып мекемеге бардық. Өзін кадр бөлімінің инспекторымын деп таныстырған Рашида Ршаева: – Біздің мекемеде тазалықпен айналысатын 560 адам бар. Аптасына екі мәрте көлікпен алып, Белкөл кентіндегі қоқыс полигонына төгеміз. Кезінде жер асты контейнерлерін орнатқан едік. Олардың астары шіріп кейіннен жер үстіне шығардық. Қала әкімдігінің арнайы бекітіп берген көшелері бар. Соларға су себеміз, қоқысын тазалаймыз. Бізге қандай тапсырма келеді, біз соны бұлжытпай орындаймыз. Баласын қоқыс төгуге жіберетін ата-аналар арнайы жәшікке қоқысты апарды ма, көшеге қалдырып кетті ме сұрамайды да. Ал қала тазалығы бір мекемеге немесе бір адамға міндетті болмауы тиіс, – дейді өз сөзінде.
Шаһар шырайы тазалыққа тікелей байланысты. Себебі жұмыла көтерген жүк қашанда жеңіл болады. Бұл жергілікті биліктің немесе арнайы мекемелердің міндеті деп қарамаған жөн. Ел ортақ, жер ортақ. Ендеше қала тазалығы мен абыройда ортақ болғаны абзал. Жасыратыны жоқ, кейбір азаматтар көрінген жерге қоқыс тастай салады. Күл-қоқыстың астында бусанып жатқан көктем гүлдері барын жадыңызда ұстаңыз. Соның жайқалып туған қаланың көркеюіне сеп боларын біліңіз. Қаланың кереметтілігін сөзбен айтпай, іспен дәлелдеуіміз керек. Сонда ғана Қызылорда Алаш баласының аузында тек жырдың елі деп қана емес, қала деген атқа да ие болады.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Суретті түсірген:
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Суретті түсірген:
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ