Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Таңмен таласқандар

Таңмен таласқандар


   Әр мамандықтың өз қызығы мен шыжығы бар. Күн сайын ертелете жұмысқа асығамыз. Әне-міне, деп, кейде тасбақаша аяңдайтын, кейде зуылдайтын көлікпен ентелей жетеміз. Бір қызығы, көше бойы асыққан елдің әбігері арасында жұмысына кірісіп кеткен тазалықшыларды күнде көреміз. Тіпті, осы бір көрініс қаланың көркіне көрік қосып тұрғандай. Кейде «олар сонда жұмысты нешеде бастайды» деген ой жетелеп, нағыз еңбек осы ғой деп жандарынан сүйсініп өтемін. Күн ауғанда да, тіпті көлеңкенің өзі сая болмайтын аптапты жазда тынымсыз еңбектен бас алмайтын тазалықшы еңбегі өлшеусіз. Әр істің қыр-сырын маманы білетіні сөзсіз. Тазалықшылар еңбегін жазу үшін олармен жай сөйлескеннен гөрі бір күнді қала тазалығына арнағанды жөн көрдік.


Ерте оянатындар

         Таңғы сағат 5:00. Кейбіріңіз шырт ұйқыда жатқан боларсыз. Ал «Қызылорда тазалығы» мекемесінің қызметкерлері бұл уақытта жұмысына кіріседі. Өйткені бүкіл қаланың тазалығы олардың жауапкершілігінде. Тыным таппайтын жұмысшылар осыны сезінеді.
Тазалық жұмысы ертемен басталуы тиіс. Күндегіден ерте ояндым. Жұмысқа кешігуге болмайды.  Таңертеңгі 8:00-ден кешікпей жетуім керек. 9:00-дегі күндегі жұмысыма қарбаласа жететін маған ертелете жұмыс бастау оңай болған жоқ. Таксилетіп жеттім. Абырой болғанда жұмысшыларды таситын қызметтік көлік тұр екен. Олар қандай көшені тазалауға шығатындарын осы жерден бөліп алып, жұмысқа кірісе бастапты. Әрісптесім Бауыржан техникалардың жағдайын білуге, ал мен көше тазалауға бөліндім. Аумақ меңгерушісі Гүлзинат Жұмабековамен жұмыс барысы жөнінде аз-кем тілдестік.    «Қызылорда тазалығы» мекемесінде 210 қызметкер бар. Оның ішінде 150 жұмысшы, жүк тиейтін 60 адам еңбекпен қамтылған. Ол мұндағы тазалықшылардың барлығы жұмыс киімімен қамтылғанын, адамдардың арнайы көлікпен жеткізілетіндігін айтып өтті. Гүлзинат апай жұмыстың ауыр екендігін жасырған да жоқ.
         – Бізде жұмыс істейіндердің еңбегі адал. Олар қандай қиындыққа да шыдап, көше тазалауға бар күштерін салады. Қалай десекте, ызғарлы күні немесе аптап ыстықта далада көше тазалап жүру оңай емес. Біздің жұмысымыз мезгілге сәйкес қыза түседі. Мәселен, қар жауса бәріміз бірге қар тазалауға кірісеміз. Қазіргі таңда көше тазалау қарқынды жүріп жатыр. Осы кезде айтатын жайт, жүргізушілер көліктерінің тазалығына мән берсе. Себебі, көліктің астындағы батпақтар жолдың үстіне түседі. Жаңбырдан кейін лас машиналар көшенің тазалығына нұқсан келтіреді. Жол бойындағы батпақтарды тазарту қиынға соғады. Әрине, қауіпсіздікті сақтаймыз, – дейді ол.
          Ал, көше тазалауға көпшілік келе қоймайды. Көбінесе зейнет жасындағылар. Сонымен қатар, жұмыспен қамту бөлімі жіберген жұмыссыз жандар. Мұнда күнделікті сегіз сағат жұмыс, аптасына бір күн демалады. Жылына бір рет еңбек демалысына шығару міндетті түрде сақталған.
           – Жасыратыны жоқ, бүгінде арықтар қала халқының қоқыс тастайтын жеріне айналған. Тіпті бүгін тазаланса, ертеңіне-ақ қоқысқа толып қалады. Пластикалық ыдыстар мен қалталардан, қағаздардан аяқ басып жүре алмаймыз. Тіпті тағам қалдықтары мен босаған ыдыстарды көшеден көруге болады. Себебі, жеке тұрғындар қоқыстарын кез-келген жерге тастап кете береді. Негізінде жеке сектор тұрғын үйлер қоқыс контейнерін қоюы қажет, – дейді Гүлзинат Жұмабекова.  
         Осы орайда, айта кеткен жөн, облыс орталығындағы жеке үйлердің 40 процентінде ғана қоқыс контейнері бар екен. Басқа тұрғындар келісім-шарт жасауға көңіл бөлмейді. Нақтылай айтсақ, жеке сектор тазалық мекемесімен келісім-шартқа отырып, контейнер қоюға тиіс. Ал, ол үшін мекемеге айына 500 теңге шамасында ақша төлейді. Дегенмен, неге екені белгісіз тұрғындар қоқыс контейнерін қоюға құлықсыз. Бұл да қала мәдениетіне нұқсан келтіреді.  Тазалық – баршамызға ортақ міндет. Осыны қарапайым тұрғындар ескерсе...


Тұрғындар салғырттығы таңғалдырды

Бізге «Сәулет» мөлтек ауданы Сағынов көшесіндегі қоқыстарды жинау міндеті бөлінді. Таңертеңгі ызғар бойымды қарып барады.  Күн суық екендігін айтқым келіп жан-жағыма қарағанмен, ызғарды елейтін олар емес. Қарбалас тірлікке кіріскен. Көшеге түнімен біреу қоқыс үйіп кеткендей. Мына жерде адамдар қалай тұрып жатыр? Неге көшеге лақтырады? Санамда сан сауал. Хош, сонымен жұмыс басталып кетті. «Қызылорда тазалығы» деген жазуы бар сары күпәйкені киіп алдым. Өлшемі үлкен күпәйке ішіне күмп еткендей болдым. Қозғалуға ыңғайсыз. Таңдап тұратын уақыт жоқ. Тұрғындар жұмысқа шығамын дегенше көшені айнадай етуге тиіспіз. Жасы үлкен апайлар жанында жай қимылдауға, сылтау айтуға ұят. Күннің салқындығымен сырт киімнің үлкендігін елемей мен де  іске кірістім. Айнала әп-сәтте тазарып қалды. Осы кезде әр үйдің қақпасы ашылып жұмысқа асыққандар көбейді. «Қас қарайғанда қоқысты лақтыра салған мен едім ғой» деп кешірім сұрайтындар бар ма екен. Мына бір кісі сәлемдескендей бас изеді. Ризашылық білдіргісі келеді ме екен. Сәнді киінген, әтір иісі бір көшеге жетерліктей орта жастағы нәзік жан біз жаққа мойын бұрмады да. Мәдениетті жан көшені ластамаса керек. Қоқыс толы пакетті лақтырған ол емес шығар... Әрбір көрініске қарап қолымдағы күрекке сүйеніп ойланып кетіппін. Бұл сәтте тазалықшы апайлар біраз жұмысты еңсеріп тастапты. Ұялғаннан қайта іске кірістім. Қолыма қап алып, тұрғындар есепсіз тастаған қоқыстарды теріп шықтым. Түрлі иіс, ішінде не жоқ дейсіз. Бәрі бар. Кейбірінің пакетін иттер тістеп, шашып тастаған. Әр жерден теріп алу қажет. Бір көшенің бойындағы әр жерде жатқан қоқысты теремін деп, неше рет еңкейіп, неше рет иілесің. Үлкен кісілердің белдерін ауыртатыны анық. Күннің суығында қолғаптан да ызғар өтіп кетеді. Аяқтан өтетін ыза айтпасақта түсінікті. Міне, осы жұмыстың барлығын «Қызылорда тазалығы» мекемесінде қызмет ететін тазалықшылар жасайды.


Еңбек қаншалықты бағаланады?

Расында, «қаланы дұрыс тазартпайды» деп уәж айтатындар осындай жұмыс барысын келіп көрсе ғой. Үйдегі ата-анамызбен жасты кісілер көшені жинап жүр. Ал, кіп-кішкентай бала пакеттегі қоқысын лақтырады да кете береді. Осы тұрғыда «тазалық – табалдырықтан басталады» дегенді естен шығармаған абзал. Зәулім үйі, даңғарадай қақпасы бар, алайда, қоқыс контейнерін алуға қаражатын қимайтын тұрғындар да кездеседі. Мұны қарбалас тірлік барысында бөлім басшысы Айнұр Дүйсенбаева айтып өтті.
 – Тұрғындардың әлі күнге қолына түскен қоқысты көшенің қақ ортасына тастап жүре беруден еш ұялмайтыны байқалады.  Көшенің кез-келген жеріне қоқыс қалдықтарын тастап кете береді. Қаланың барлық аумағында осындай көрініс жиі орын алады. Адамдар көп ретте тазалық мекемесін кінәлайды. Алайда, шаһардың мұнтаздай таза болуы –  әрбір тұрғынның парызы, – дейді ол.
Бір сәт өзіңізді көше сыпырушының орнына қойып көріңізші. Бәлкім, сонда ойланарсыз...

 Кеше – мұғалім, бүгін – тазалықшы

  Түс ауа біраз жұмысты еңсерген соң, жанымдағы тазалықшыларды сөзге тарттым. Үржамал Қожабаеваның көше тазалаушы болып жұмыс істегеніне 15 жылдан астам уақыт болған. Сол жылдар ішінде таңғы сағат алтыда тұрып, бала-шағаның қамын жасайды. Себебі, сағат 8-де жұмысына кірісуі тиіс. Бүгінгідей дағдарыс қалтаны қысқанда, зейнетақыға қарап, үйде отырғысы келмейді. Алатын жалақысы – 65 мың теңге.
 – Жұмыс болған соң, қызығы да қиындығы да кездеседі. Ішің ашитыны, кейде машинада кетіп бара жатып, қоқыстарын лақтыра салады. Әсіресе, жастар тазалап жүргеніңді көріп тұрып, сусынның ыдыстарын, қағазды тастап кете береді. Көктем мезгілдерінде, тазалағаның артынша қоқысқа толып жатады. Қыста көбінесе қар күрейміз. Жеке тұрғын үйлердің арасындағы шашылған қоқыстарды теріп, жинаймыз. Шаршайтын кездер болады, – дейді ол. Тазалықты жаны сүйетін Үржамал апа кезінде жоғары оқу орнын бітірген, оқытушы болып 40 жыл білім саласында еңбек етті.  Қазірде көше тазалап, адал қызмет етіп жүргенін мақтан етеді. Бірақта, тұрғындар еңбектерін бағаламайтынына налиды. 
Көше тазалап, қоқыс жинап жүргенде қызықты жәйттерге де кезіккен. Мәселен, әмиян тауып алып, оны иесіне қайтарған.
 – Өкініштісі, қоқыс арасынан ақшасын алып, құжаттарымен лақтырып кеткен әмиян табылады. Соған қарағанда қаламызда қалтақағарлар көп екені аңғарылады, – дейді Үржамал апа.
Бұл кісінің еңбекқорлығына тәнті болдым.
Түскі үзіліске шықтық. Жылы жерге келген соң әбден тоңазып қалғаным сезілді. Саусақтарым қалам ұстауға икемделмейтіндей. Ыстық шай ішіп, сәл демалған соң жазуға отырдым. Көз алдымда сол көрініс. Бұл кезде тазалықшы апайлар келесі көшедегі қоқысты тазалауға кірісіп кеткені белгілі. Бүгін мен олардың еңбегіне басымды идім. Тазалық сақтауға бәріміз үлес қосайықшы... Айтпақшы, қала тұрғындары қоқыс шығару қызметіне 2 млн. теңгеден астам қарыз екенін білдік.

Тазалық – табалдырықтан...

         Бұл ұстанымды өзбек халқы басты бағдар етіп алған. Көрші елде тәртіп қатал. Мұнда әр үйдің келіндері таңертең ерте сағат 5:00-те тұрып, есіктің алдын сыпырып шығады. Олар үшін тазалық алдыңғы орынға қойылған. Расында, сырттан келген қонаққа есіктің алды тап-таза болса керемет көрінеді ғой. Ал бізде ше.... Көзбен көрген соң жазып отырмын. «Сәулет» мөлтек ауданындағы жеке үйлердің жанындағы қоқысты сіз де көрсеңіз. Үйлеріне қарап таңғаласыз. Зәулім үй, даңғарадай қақпа. Өкініштісі, жан-жағы күл-қоқыстан арылмаған. Сырттан қараған адамға да ерсі. Сондықтан да тазалық мәселесіне келгенде көрші елден үлгі алғанымыз жөн-ау.
Демек, қала тазалығы бір мекеменің ғана емес, тұрғындардың да қолында. Мәселен, «Қызылорда тазалығы» мекемесі бүгінде шаһардың мұнтаздай болып тұруы үшін қарқынды тірлік жасауда. Аталмыш мекеменің ауқымды істерінің нәтижесінде қоқыс тастайтын полигон салынған. Бүгінде қоқыстарды сол жерге тастап, сұрыптайды. Ал, көпқабатты тұрғын үйлердің арасындағы контейнердегі қоқыстарды алу үшін жаңадан 10 машина алынған. Қар тазалауға қажетті техникалар да жеткілікті. Демек, арқаны кеңге салып отыра бермей, тазалыққа сіз де үлес қосыңыз. Ауланы ретке келтіріп, ұқыпты ұстау санитарлық талап қана емес, мәдениет пен талғамның белгісі. Тазалық – табалдырықтан басталатынын ұмытпаңыз.
Міне, мына бағананың қасына тұрғындар пакетпен қоқыстарын үйіп кеткен. Екі аттам жерде тұрған қоқыс контейнеріне апарып тастауға болады ғой. Есігінің алдынан шығады да, көше бетке тастай салады. Себебі, артынан келіп жинап алатын адамдар бар. Бұл – тазалыққа салғырт қарайтындар әлі де бар екендігін көрсетеді.
«Қызылорда Тазалығы» ЖШС арнайы 126 техникамен қамтылған. Аталған арнайы техника көмегімен көпір, арка, бағана, жаңа заманауи үлгіде салынған аялдама, орындықтар, кіші қоқыс жәшіктері, бордюрлер сырланып, жуылады. Көше бордюрлары мен жол жолақтарын құм мен шаңнан тазалауға «Брок» және «Сити Кат» атты техника атсалысады. Ал, қыс мезгілінде қар тазалайтын жалпы 38 техника бар. Оның ішінде 10 көпбейінді камаз, 3 тазалаушы УАЗ, 4 қар тазалайтын камаз, 5 қар сыпыратын трактор, 1 жүк тиегіш, 4 қар таситын МТ3, 4 қар жинағыш кіші трактор, 1 жол жабынын талқандайтын қосалқы құрғы қамтылған  көлік, 2 «Амкадор-37», 4 жаяу жүргінші жолын тазалаушы тракторды атауға болады.
Қала көшелерінің жалпы саны 500-ден асады. Ол 24 секторға бөлінген. Жұмыс тобы күнделікті 250-300 м3 қоқыс шығарады. Биыл тағы 10 қоқыс тасымалдайтын камаз алынды.


Ерланның ерекшелігі
     Камаз көлігін жүргізуші Ерлан Өркенбаевпен тез тіл табысып кеттік. Ақжарқын кісі екен, жатырқамай, жанына жақын тартып сөйледі.
– Серіктестікте 2018 жылдан бері жұмыс жасаймын. Жұмыс таңғы 5:30 да басталады. Жұмысшыларға расымен толық жағдай жасалған. Жұмысқа қызметтік көлік арқылы қатынаймыз. Жалақым 70-75 мың теңгені құрайды. Өз жұмысыма жауапкершілікпен қараймын. Өз қаламның гүлденуіне мен де үлес қосып жүрмін деп санаймын, –  деді ол.
Ерланның ерекшелігі сол, еңбектен ерінбейді. Қолы қалт етсе қасындағы әріптестеріне де жәрдем жасайды. Яғни, «кемедегінің жаны бір» деген ұғым қалыптасқан. Осы қасиеті оны құрметке жеткізген.


Тазалықшылардан ұяламын

– Балтық еліне барғанда бір нәрсеге қайран қалдым,– деді Болат деген танысым.
  • Тыныштық па?
  • Тыныштық, олардың тазалығын айтам. Көшесі айнадай жылтырап жатыр. Тіпті тротуарда жүріп түкіруге ұяласың. Мәдениеттілік деген осы екен, халқы қоқыс тастамақ түгілі біреудің лақтырған затын үндемей ғана арнайы жәшікке салып кетеді. Оны көрген кісі екінші қайталамауға тырысады. Шүкір, бізде бұрын көшенің сиқын бұзып, көрінген жерде қоқыс жататын. Қазір мүлдем басқа. Тазалықшылардың еңбегіне тәнтімін. Таңнан түнге дейін тынымсыз тіршілік кешеді. Шынында еңбек солардыкі. Жасыратыны жоқ, бұрын көлікте келе жатып, темекінің қалдығын терезеден атып жіберетін едім, қазір ұяламын. Әсіресе, тазалықшылардан, –деді танысым.

Айтолқын Айтжанова, Бауыржан Қожантай.
Суретті түсірген Нұрболат Нұржаубай
25 қаңтар 2020 ж. 2 305 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам