Есірткісіз өмір ғажайып
Шыр етіп дүниеге келгенде, әрбір адам бақытты өмір сүруге лайықтымын деп сезінеді. Жарқын болашаққа қадам басып, елдің болашақ дамуына үлес қоса білетін тұлғалық қасиет қалыптастыра білуге, еркін елдің жас ұрпаққа жасап жатқан барша мүмкіндігін тиімді пайдаланып, ұрпақтар сабақтастығына үлгі – өнегелік бағдар алуы қажет.
Алайда, жалындаған жастар, бозбалалар неге тура жолдан таяды? Неге құмарлыққа әуестенеді? Менің өз замандастарыма толғанып қояр сұрағымның бірі. Мақаланы жазу барысында, есірткімен әуестенген жастардың өмірі жайында зерттеу жүргіздім. Сұрағымның жауабын таптым. Әр қиындық өз шешімімен келетіндігін кеш ұғынатыны өкінішті.
Адамның психикалық әуестігі қандай да бір қызығушылыққа назар аударғанда немесе психикалық әлсіздік танытқанда, қиындықтарды жеңу жолында сәтсіздікке ұшырағанда орын алатындығы дәлелденді.
Бірақ өмір-тек қана сәтсіздіктен тұрмайтындығын неге ескермеске? Бос уақытын қызықты өткізіп, спортпен шұғылданып, биік белестерден көріне отырып, айналаның жақсы қасиетін бойға сіңіре білуі қажет. Айналысқан іс-әрекеттің жемісін айналаңдағы жақындарыңмен бөлісуді ұмытпаған жөн. Ал өз-өзіңді бағалау үшін ата-ананың қолдауы мен ықпалының әсері зор. Қандай қиындық болмасын, ата-ана, бауыр, дос қолдауының маңызы артық. Қазіргі қоғамға пайдалы, үлкенге құрмет, кішіге қамқор бола білетін , жан–жақты қалыптасқан жеке тұлғаны қалыптастыруды естен шығармаған жөн.
Өмір – ғажайып дүние. Кіршіксіз пәк көңілмен, мейірімді жүрекпен есірткісіз өмірге құштарлана білуіміз қажет. Адамға дүниеде мүмкіндік бір рет берілетіндіктен, тиімді пайдана білгеніміз абзал.
С.Сейфуллин атындағы №4 IT мектеп-лицейінің
6 «В» сынып оқушысы
Ботагөз Мұхаммеджан