ЕР ЕСІМІ - ЕЛ ЕСІНДЕ
Биыл Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясовтың туғанына 100 жыл. Осыған орай қаладағы Н.Ілиясов атындағы №9 мектеп-гимназияда соғыс ардагерінің ескерткіш бюсті қойылды. Шараға облыс әкімі Г.Әбдіқалықова, қала әкімі Н.Нәлібаев және батырдың ұрпақтары қатысты.
Ұлы Отан соғысының ардагерін ұлықтау жиынында батырдың өнегелі өмірі, ерлігі, еңбек жолы сөз болды. Батырдың ұлы Ринат Ілиясов әкесі туралы естелігімен бөлісті.
– Елбасының «Өткеннің өнегесі бүгінгінің баға жетпес байлығы» деген ұлағатты сөзі бар. Елі үшін от кешіп, елеулі еңбегімен ел жүрегінен орын алған нар тұлғалы азаматтар Сыр жерінде аз болмаған. Сондықтан олардың ерлігі мен игі істерін ұрпаққа ғибрат ету біздің азаматтық парызымыз. Биыл Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясовтың дүниеге келгеніне 100 жыл толды. Соғыстан кейінгі жылдары туған жерін түлетуге елеулі үлес қосқан Н.Ілиясов қай салада болмасын жастарды жауапкершілік пен кәсібилікке, әділдік пен шынайылылыққа тәрбиеледі. Халқымызда «Ел ерімен бірге жасайды», «Елі барда ер елеусіз қалмайды» деген сөз бар. Кеңес Одағының батыры, қайраткер тұлға Н.Ілиясовтың жарқын бейнесі халқының жадында мәңгілік сақталады, – деді аймақ басшысы Гүлшара Наушақызы.
Осылайша қайраткердің есімі берілген №9 мектеп-лицейдің алдына қойылған Н.Ілиясовтың ескерткіш мүсіні салтанатты түрде ашылып, гүл шоқтары қойылды.
Ұлықтау шарасы мұнан соң батырдың өзі тұрған Қазантаев 45 үйде мемориалдық тақтаның ашылуымен жалғасты. Бұл үйге Кеңес Одағының батыры 1969 жылы қоныс теуіп, өмірінің соңына дейін тұрған. Сондай-ақ, мерейтой қарсаңында «Батырдың үш өмірі – үш бақыты» атты кітаптың тұсауы кесілді.
А.СЕЙІЛ