Өнегелі өмір иесі
Уақыт өткен сайын өзіңнің өмір жолдарыңа ой жібересің, қатарлас қызмет жасаған азаматтарды, аға–буын өкілдерін, ағайын-туыс болған адамдар бейнесін көз алдыңа елестетесің. Бірі бар да, бірі жоқ, тарих керуенінің кейіпкері болып кеткені қаш-шан!Ұлы көштің сүрлем жолымен біз де келеміз, бізден кейінгілер де сол жолмен жүреді. Өмір сахнасында белсенді қызмет жасағандары да, қарапайым тұрмыс кешетіндері де жетеді. Әркімнің өз тағдыры бар. Сол тағдырының жетегімен белгісіз бағытқа жүріп келеді. Анда-санда өздерінің ақыл - ойларының жеткенінше өмірлік көзқарастарына заман ағымына қарай өзгерістер енгізіп отыратыны сөзсіз құбылыс. Оны жоққа шығаруға да болмайды...
Сонымен менің көз алдымда бір азамат ағаның кескін келбеті, іс-әрекеттері, кездесу кезіндегі болған оқиғалар ой елегінен қайта сүзіліп, жарыққа шыққысы келгендей, көпшілікке жеткізуді талап етіп тұрғандай.
Сонымен менің жазбамдағы әңгіме Сыр бойының тұлғалы азаматтарының бірі, әрі бірегейі Уәли Төрәлиев ағамыз туралы болмақ. Текті әулеттің тұяғы, айтулы азаматтың үстіміздегі жылдың 15-ші қарашасында туғанына 100 жыл толады. Уәли ағамыз жастайынан зерек болып өсіп, өмір жолын өзінің ата-бабаларының қонысы болған, жер кіндігі атанған Қармақшы ауданында мектеп бітірісімен еңбек жолын, яғни 1938 жылы Жосалы қыстағындағы ересек тұрғындар арасында сауатсыздықты жоюға арналған мектепте мұғалім болудан бастайды. Ол кез мұғалім болу жоғары мәртебелі қызмет орны, әрі ел арасында аса сый-құрметке лайықты жандарға ғана сенім артатын лауазымды жұмыс орны болатын. Өз білімін жетілдіру мақсатында Уәли ағамыз 1940 жылы Ақтөбе қаласындағы мұғалімдер институтының қазақ тілі және әдебиеті факультетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтағаннан кейін туған топырағы Қармақшы өңіріне қайта оралады. Жосалы қыстағындағы №26 қазақ орта мектебіне алдымен мұғалім, бертін келе оқу ісінің меңгерушісі, директорлық қызметті атқарады, Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтында жоғарыда аталған мамандығы бойынша мектептен қол үзбей жүріп оқып, білімін одан әрі жетілдіре түседі. Жоғары білімді ұстаз атанады.
Төрәлиевтің жан-жақты білімділігі, тұрғындардың тіршілік тынысын терең зерттеп біле алуы, адамдардың психологиялық ерекшеліктеріне аса мән бере білуі басшылықтың назарына ілінген. Ағамыз сол кездегі мәртебелі қызмет орны облыстық партия комитетінде лектор, лекторлар тобының жетекшілігіне тағайындала-ды. 1951 жылдан 1961 жыл аралығында облыстық партия комитетінде мектептер бөлімінің меңгерушісі болып он жыл бойы қызмет атқарып, облыстағы білім саласының жағдайына жауап беретін кадр есебінде танылған тұлға болып қалыптасқан-ды. Сол кездегі жоғары партия органдарында қалыптасқан тәртіп бойынша, қай деңгейдегі болмасын, жоғарғы партиялық лауазымдық қызметті екі жылдан артық атқаруға шектеу қойылған. Екі жыл Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып, одан кейін бір жыл сол ауданның еңбекшілер депутаттары аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы міндеттерін абыройлы атқарып, 1963 жылдан 1983 жылға дейін яғни зейнет жасына шыққанша 20 жыл бойы облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтерін үздіксіз атқарып, ел қадірлісі атанып, Сыр бойы азаматтарының есінде мәңгілікке қалды.
Менің де алғашқы мамандығым педагогика саласында болғандықтан ағамыз туралы естелік айтуды парыз санадым.
1966 жылы Қызылорда педагогикалық институтының физика – математика факультетін бітірген біздерге алғашқы қызметке жолдама берген де Уәли ағамыз еді. Сол жылы оқу орнын бітіргендер арасында Қызылорда облысының түлектерінен басқа Жамбыл, Шымкент облыстарының жастары да жеткілікті болатын. Біздің әрқайсысымызға өз қолымен жолдама тапсырып тұрып, үлкен міндеттер жүктеп, білім саласына қатысты қоғам тарапынан қатаң талаптар қойылатынын, оқу орнының атына кір келтірмей өскелең ұрпақ бойына терең біліммен қатар жастар арасындағы тәрбие жұмысына баса назар аударуды еске салған еді. Қай қоғамда болса да тәрбие жұмысы халқымыздың менталитетіне берік сіңген ұлттық қағида екені даусыз. Осы ретте Уәли ағамыздың жары Запия апамыз туралы еске алуға тура келіп тұр. 1964 жылы алғашқы педагогикалық тәжірибені Қызылорда қаласындағы №171 Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепте өткізуге тура келді. 9 «Б» класына математикадан дәріс беретін болып бекітіліп, сол класқа уақытша жетекшілік жасау мендеттелінді.Математикадан сабақ беретін пән мұғалимасы – Запия Байқасынова апай облыстық оқу бөлімінің басшысының жұбайы екен де, класс жетекшісі – Жарқынбаева Балқия апай облыстық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары Жарқынбаев Зейнулла ағамыздың зайыбы екен. Апаларымыздың өнегелі істерінен тәрбие алдық, тәлімі өз алдына, ақ баталарын алғандай үлкен өмірге қадам бастық. Әлі күнге дейін естен кетпейтін сәттердің куәгері де болдым.
Өмір болған соң қызмет аясы да үнемі өзгерістерге ұшырап отыратындығы шындық. Облыстың бірнеше ауданында жастар ұйымдарында жетекшілік қызмет жасауға тура келді. Шиелі ауданының комсомол комитетінің бірінші хатшысы кезім. Республиканың барлық аумағы секілді Семей облысының Шұбартау ауданының комсомол комитетінің бастамасымен жастардың Қазақстандағы екінші тың болып есептелінген «Қой шаруашылығына комсомолдық қамқорлық» ұранымен өткізілген кезең біздің аудан, облыс өмірінен де тыс қала алмады. Біздің ауданда Телікөл, Еңбекші, 30 жылдық Қазақстан, Сырдария совхоздарында бес комсомол – жастар бригадасы ұйымдастырылып, олардың жұмыстарына тікелей бақылау жасап, қамқорлық жасау комсомол ұйымдары жетекшілеріне, барлық жерде аудандық комсомол комитеттеріне жүктел-ді. Керек десеңіз, облыстық комсомол комитетінің кезекті Пленумында арнайы қаралып, осы мәселеге қатысты облыстың барлық мекеме басшылары шақырылып, оның жұмысына облыстық партия комитетінің хатшысы Сұлтан Шаханұлы Аманов қатысқан-ды. Сол Пленумда баяндаманы талқылауға бірінші болып мен сөйлеп, ешқандай сөзге ілікпей орныма жайғасқанмын. Қалған сөйлеушілердің бірде – біреуі Сұлтан Шаханұлының назарынан тыс қалмай сын тезіне алынуы, әрі Пленум жұмысын облыстық партия комитетінің бюро мәжілісіне айналдырғандай болып сезілді. Талап қатаң болды. Үлкен жиыннан шығып бара жатып, қатарласа келген облыстық оқу бөлімінің басшысы Уәли Төрәлиев қолын иығыма салып, маған қарай айтқаны: «Жігіттер, бүгін сөздің мерекесі болды емес пе» деген ойында үлкен мән мағына бар еді.
Ағамыздың өмір жолы, атқарған қызметі, қоғамдық – саяси жұмыстары мемлекет тарапынан лайықты бағасын алды да, жоғары мемлекеттік наградаларды да иеленді.
Иә, бүгін сол ағамыздың дүние есігін ашқанына 100 жыл толу қарсаңында сырбойылықтар Уәли ағамызды еске алып, өзі тұрған үйге мемориалды тақта орнатып, есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында кешенді шараларды жүзеге асыруға сәтті қадам бастады деп ойлайық.
С.Әбішев
Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы