Баспагер Қайымов
Баспагер Бақыт Қайымов алпыстың биігінде тұр. Алпыс тал түс секілді. Жүрісі ширақ, әлі арғымаққа үзеңгі салмай секіріп мінеді. Баяғы біз көрген бала жігіт өңін бермейді. Таңырқаймыз.
Бүгін баяғы Бақыт пен қазіргі алпыстың шыңындағы баспагер Бақыт жайында сыр ағытқанды жөн көрдік.
Әлі есімде. Бойы тіп тік, сымдай тартылған сары бала кешелі бері редакцияға келгіштеп жүр. Әскерден оралған көрінеді. Әскери борышын алдымен Орынборда, содан соң Ашхабадтағы жаттығудан өткен. Әуе қорғанысы мамандығы бойынша әскерде алты айлық курстан аға сержант болып туған жерге оралған. Қалтасында әскери бөлімнің мінездемесі бар. Мақтау айтылған. Бұл сонау 1987 жылдың күзі болатын.
– Мінездемең тәуір екен, әскерден сержант болып оралғаныңа қарағанда білім мен тәртіпті жақсы меңгергенің байқалып тұр, – деді жауапты хатшы Шора Ералиев. – Жазуға қабілетің қалай?
– Анау айтқандай жазғыш емеспін. Әскерден ата-анама, қыздарға талай хат жазғаным бар. Мүмкіндігі болса, редакцияда, болмаса баспаханада жұмыс істесем деймін.
– Баспаханаға үйренуші керек деп жүр ғой. Мен сөйлесіп көрейін, – деді майдангер аға лейтенант Құрманғали Ажаров Бақытқа ықыласы ауып. Бұл баланың арғы тегі – түп нағашысы сонау 1920 жылы Ресейде білім алған, Сыр өңіріндегі жоғары білімді гидротехник Серікбай Бедебеков. Мен Донмен сөйлесейін, айналайын.
– «Рахмет аға!»
Сонымен Бақыт баспахана директоры Николай Донның есігін қақты.
Директор ілтипатпен қарсы алды. Құрманғали ағаның хабарлағанынан әңгіме қозғады.
– Бізге үйренуші керек. Чулков, Лавриненко, Хван сынды байырғы баспагерлерге үйренуші етіп қабылдайын. Келісесің ғой.
Бала Бақыт баспаханаға үйренуші болып орналасты.
Жас жігіттің еңбек жолы бас¬талды. Әкесі Әлібек бөркін аспанға лақтырып, ұлының жұмысқа орналасқанына қуанғанын көрсеңіз. Бірнеше ауданда автоинспектор болған аға Бақыттың көп қызығын көріп, пәни дүниеге аттанды. Бұған да бірнеше жылдың жүзі болды.
Бақыт ПРГ-2, ПВТ-2 атты газет басатын машинада бірер жыл үйренуші болды, содан ұстаздары зейнетке шыққан кезде баспа тізгінін қолына ұстады. Содан О.Нұрқабаев, Ф.Мұхамедиярова, Қ.Сариев, И.Агальцов, Е.Сәдібеков, Б.Қарғабаев, С.Боранбаев, Е.Хан сынды азаматтардың тәрбиесін көрді. Облыстағы бірден-бір баспа машинасының бүге-шігесін білетін алтын қолды Бақыт Қайымов атанды.
– Қиын кезеңдер әлі есімнен кетпейді, – деді Бақыт өткен күндерді еске алып. Газет басудың қиындығын көрдік. Бәрі қолмен атқарылды. Алдымен линотипте әріп теріледі, ол қорғасынға құйылады. Құйылған беттер баспа машинасына жалғанады. Содан басуға әзірлік басталады. Таң ата үш газетті әрең басып шығарамыз. Үсті басымыз май. Қазір бәрі аңыз сияқты.
– Уақыт бәрін өзгертеді екен – деді Бақыт. Қазір әр бөлмеде компьютер. Газет түрлі-түсті бояумен шығады. Ертеде әр мерекеде бір ғана қызыл бояумен әрең шығаратын едік-ау...?!
Бақыт Қайымов бұл күндері баспахана директоры. «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев азаматты таңдау жасағаннан ұтылған жоқ, ұтты. Сенімін ақтады, баспа машинасының кілтипанын дыбысынан байқайтын маман. Қазір барлық аудандық газеттер және бірнеше қосымша басылымдар «Сыр медиа» баспаханасында басылады. Баспа машинасы Үндістаннан шыққан «СITYLINE» маркасы. Осы машинаның қыр сырын меңгерген Бақыттың ондаған шәкірттері өсіп келеді.
Еңбек ардагері Бақыт Қайымов алпыстан асып, жетпістің ауылына жол тартып барады. Әлі баяғы тіп-тік сары бала қарттыққа сыр берер түрі жоқ. Арғымаққа үзеңгі салмай, секіріп мінеді. Жүрісі шапшаң, талапшыл. Білгенін үйретуге құштар. Зайыбы Айгүл екеуі ұрпақ өсіріп, немере сүйіп отыр. Қызы Әсел – экономист, Асыл мұнай саласында қызмет атқарады.
Біз Бақытпен қырық жылға жуық уақыттан бері сырласпыз. Қауанышымызға бірге ортақтасамыз. «Аға!» деп алдымыздан шыққан сәтте төбеміз көкке бір елі жетпей қалады. Мінезге бай, кең. Ол ашу – әлсіз адамдардың әрекеті, – дейді екі сөзінің бірінде. Бәрін сабырмен, ақылмен жеңдіруге құштар. Содан болар, соңынан ерген іні-қарындастары, шәкірттері алдынан кесе өтпейді, «Өзіміздің Бақыт Қайымов!» деп ізет байқатудан кенде емес.
Бүгін өзіміздің ізімізді қуып келе жатқан ініміз Бақыт жайлы аз-кем сыр ағытуды парыз тұттым. Еңбегің жана берсін, сыйлас, сырлас інім!
Қайыр ҚОРАСАНИ